Жаңалықтар

Бейбіт Сапаралы: Байтоллаға қазақтың ықыласы ерек

ашық дереккөзі

Бейбіт Сапаралы: Байтоллаға қазақтың ықыласы ерек

– Бейбіт Төлеубайұлы, қазақ халқы мен саудиттік арабтар арасындағы дипломатиялық байланыстың тамыры тереңде жатыр. Ресми байланыстың орнатылуына келсек, Кеңес Одағының Сауд Арабиясындағы тұңғыш елшісі Нәзір Төреқұлов ханзада Фейсалдың 10 күндік іссапарын жоғары дәрежеде ұйымдастырып, кәсіби дипломат, араб тілінің білгірі ретінде көп еңбек еткен еді. Дипломат қудаланғанға дейінгі бұл тарихи оқиғаларды ресейлік БАҚ-тар да жарыса жазады. Тарихқа қайта шегінсек, бұл оқиғаларға қандай баға берер едіңіз? Оның мән-маңызы бұл күндері қазақ дипломатиясы мен баспасөзінде қаншалықты ескеріледі? Қос тұлға туралы не дейсіз? – Араб халқы мен қазақ елінің арасындағы байланыс тым әріден бастау алады. Көне дәуірлерді айтпағанда, пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа с.ғ.с. өмір сүрген таңғажайып кезеңдерде Алланың елшісі һәм дін ислам құндылықтары жайындағы әр түрлі әңгімелер, әфсаналар, хадистер көп рулы қазақ сахарасына дүркін-дүркін жетіп жатқан. Көп ұзамай ең алғашқы сахабалар да сонау Мекке мен Мединеден, ислам халифатынан Тұран өлкесіне келіп жеткен. Әннес сахаба р.ғ., Укаша сахаба р.ғ., парсының Сәлмені р.ғ., т.б. сахабалардың ізін ала табиғиндер, онан соң табаға табиғиндер, артынша мың сан болып бабтар легі келген Жидда аймағынан. Құтайба ибн Мүслим, Арыстан баб, Хорасан Ата - Әбдіжәлил баб, Хұсейін баб, бір сөзбен тұжырғанда «Сайрамдағы сансыз баб, Түркістандағы түмен баб» санатына енген дін ғұламалары жер кіндігіндегі араб елімен тікелей байланыстың жарқын куәгерлері болып есептеледі. Демек, мыңдаған жылдар бойына қажылар керуені қалайша толастамаған болса, қасиетті Мекке мен Мединенің қазақ жамағатымен тығыз байланысы да соншалықты сақталып тұрған деген сөз. Әсіресе, Осман империясы қанатын кеңге жайып, қасиетті өлкелерде салтанат құрған тұста қазақ сахарасынан шұбатылған керуен легі алты ғасыр бойына еш үзілмеді десек те ешбір артық айтқандық емес. Араб сахарасында Сауд Арабия мемлекеттігі ресми құрылған күні кешеге дейінгі мыңжылдық кезеңді осылайша қысқаша ғана сипаттап өтсек болады. Әлбетте, қазақ халқы қызыл террордың тепкісіне ұшырап, Кеңестер Одағының қаныпезер идеологиясына белшеден малшынып, бес миллиондай қазақ ашаршылық зұлматынан жаппай қырылып жатқан тұста, демек 1932 жылы ғана ресми түрде Сауд Арабия өз мемлекеттігін жария еткен кезде шалғайдағы мұсылман елі болып не қуана, не мұңая алмаған алмағайып замандар өтті. Үш ғасырдан астам уақыт бойына Осман империясының қарауында болған Мекке мен Медине енді ат төбеліндей Сауд әулеті мен әл-Уаххаб ұрпақтарының билеп-төстеуіне басыбайлы беріледі дегенде, коммунизм мен капитализмнің ешқайсысына жатпайтын монархиялық тәртіптегі мұның ақыры неге апарып соқтырар екен деп сарыуайымға бөленген еді күллі ислам әлемі. Отызыншы жылдар басында Байтолла айналасы кеңейтілмек жоспар құрылып, жүздеген жылдар бойына қызмет атқарып келген уақыптар мен тәкиелер жабылып, кең ауқымдағы құрылыс жұмыстары қарқын алған тұста қазақ қажылары ұстаған қонақ үй орындары да қиратылуы, сүрілуі тиіс ғимараттар қатарына жатқызылған. Осылайша, жарты ғасырдан астам уақыт бойына көпшілік мұсылманға қызмет атқарып келген Арқадағы Құнанбай қажы мен Сыр бойындағы Мырқы мен Мінәйдар байлардың, Орынбор өлкесіндегі Досжан хазіреттердің тәкиелері қызыл империядағы қуғын-сүргінге ұшыраған тікелей ұрпақтарынан келісім-жауап болмаған соң тез арада құлатылып, орнына әл-Харамның үлкейтілген мешіт аумағының құрылысы бой көтереді. Міне, Неджд және Хиджаз өлкесіндегі бәдауилік тайпалардың басын біріктіру арқылы іргетасы жаңа қалана бастаған Сауд Араб патшалығының жан-жақты өзгерістеріне, қайта құруларына Кеңестер Одағының атынан тағайындалған ресми Елші Нәзір Төреқұлов нақтылы куә болған еді. Нәзір Төреқұлов Сауд Арабия мемлекетінің тұңғыш патшасы Абдул-Әзиз ибн Абдуррахман әл-Саудпен және оның отбасы мүшелерімен өте жақсы қарым-қатынас құрғандықтан шалғайдағы екі мемлекет арасын жақындатудағы барлық дерлік ұсыныс-жоспарлары дереу жүзеге асып жатты. Қанқұйлы 1937 жылы қызыл империяның басшылары Нәзір дипломатты кері шақырып алып, жалған айыптар тағып, көпке ұзамай есіл ерді атқызып жібергенде, қызыл белсенділердің бұл асыра сілтеу сорақылықтарын кешірмеген Саудия патшасы Кеңестер Одағымен қарым-қатынасты бертінге дейін мүлдем үзіп тастаған. Нәзір Төреқұловтың Сауд Араб еліндегі дипломаттық қызметі жайында белгілі мемлекет қайраткері, кәсіби дипломат Тайыр Мансұровтың бірнеше қомақты зерттеу еңбектері арқылы оқып-танысуға мүмкіндік бар. Сөз орайы келгенде айта кетелік, 2000 жылдың басында жеке сапармен Мәскеуде болғанымызда Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Тайыр Мансұров ағамыздың қабылдауында болып, қат-қабат жұмыстары арасында Нәзір мұрағаттарын зерттей-зерделей жүріп, кеңестік және ресейлік мәшһүр саяси тұлға А.Н. Яковлевтің тікелей көмегі арқасында мүлдем құпия құжаттар арасынан 1925 жылғы толтырылған анықтама деректері бойынша Нәзір Төреқұловтың өзін қазақпын деп жазғанын қалайша тауып алғанын өз аузынан естіген едік. Нәзір Төреқұловтың мұралары алдағы уақытта да жас зерттеушілердің жіті назарында болады деп сенеміз. – 1994 жылы Қазақстан Президентінің ресми делегациясының құрамында Сауд Арабиясына барғаныңызды білеміз. Сол сапарды еске алып, оның екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстардың нығаюына қосқан үлесін қалай бағамдар едіңіз? – 1994 жылғы қыркүйек айында ҚР тұңғыш Президентінің Италия Республикасы мен Сауд Арабиясы патшалығына ең алғашқы ресми сапары төл тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалған айрықша оқиғалардың күнтізбесінен саналады. Дербестіктің туын желбіреткен ол заманда қазіргідей Елбасының жеке ұшағы болмаған еді, Италия мен Саудияда Қазақстан елшілігі де ашылмаған болатын. Кәсіби аудармашылар мен дипломаттар қатары да енді-енді ғана толыға бастаған кез. Президенттік протокол қызметінің де оң-солын енді тани бастаған кезеңі. Сауд Арабиясы мемлекетінің бесінші патшасы Фахд ибн Абдул-Әзиз әл-Сауд Қазақстан Елбасы Н.Ә. Назарбаевты өте жоғары деңгейде қарсы алды. Оңаша екеуара келіссөз алдын-ала белгіленген жарты сағат орнына екі жарым сағатқа созылып кетті. Құшағын айқара ашқан Сауд патшасы Меккедегі әл-Харамда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, осыдан бірнеше күн бұрын Пәкістан мемлекеті басшысына рұхсат бере алмағанын ескерместен, құптан намазынан соң Қағбатолланы аштырып, Қағбаның ішінде құлшылық жасауға ризашылығын білдірді. Саудияның ең ірі компаниялары Елбасымен кездесуге құлшына ықылас білдірді. Жидда мен Алматы арасында тікелей ұшақ қатынасы орнығатындығы да келісілді. Нұрланған Мединеде әуелі барлық делегация мүшелері болып әл-Харамды зиярат етіп, құптан намазынан соң Елбасы қасындағы күзет басшысымен ғана Расул Алланың с.ғ.с. қабірінің жанында отырып дұға жасауға мүмкіншілік алды. Ол жерден шыға салысымен 56 градустық аптап ыстығы басыла қоймаған түнгі Мединенің үстінен нөсер жауын құйып кеп бергені. Саудия сапарынан алған әсерлерімізді, Умра қажылық кереметтерін, есте қаларлық тарихи оқиғаларды осылайша тізбелеп жаза беруге болады. Дей тұрсақ та, маңызды бір мәселені айтумен шектеліп, 1994 жылғы алғашқы сапар қорытындысын жасалық. Жидда, Мекке мен Мединедегі зияраттардан соң, алып ұшақ Алматыны бетке алғанда бір топ делегация мүшелері оңашаланып, шүйіркелесіп отырғанымызда кенеттен Елбасы жанымызға келіп: «Ежелгі Рим, Ватиканнан бастап, ата-бабаларымыз ғұмыр бойына арман еткен Мекке мен Мединені емін-еркін аралап көрдіңдер. Ендігі уақытта күнәні көп жасамай, жаманшылықтан, теріс әдеттерден бойларыңды аулаққа салып жүріңдер. Ал, Бейбіт, өзің айтқан әнеукүнгі үй мәселесі шешілетін болды, Сауд патшасы қолдады!» – деді. Осы тілектерді айтқан Елбасы басқа  да делегация мүшелерімен аз-кем сөйлесіп, жоғарыдағы өз бөлмесіне көтеріліп кетті. Есін тез жиып, сұрақты дереу жалғастырған Алматы қаласының сол кездегі әкімі Шалбай Құлмаханов ағамыз болды. «Үй» дегеннің құпия түйінін сол арада тарқатып бердік. 1991-1992 жылдары «Құнанбай қажы» деп аталатын зерттеу еңбегімізді жазып жүріп, Меккедегі Құнанбайдың тәкиесін қайта қалпына келтіру мәселесін бірнеше рет көтерген болатынбыз. Елбасыға да ұсыныс білдіріп, өтініш хатымызды 1993 жылы шетелдік сапардан оралған соң, баспасөз мәслихатын өткізгеннен кейін өз қолына табыс еткенбіз. Құнанбай Өскенбайұлының Меккедегі қонақ үйін қазақ қажылары тегін пайдаланатындай етіп қайтадан қалпына келтіруді Фахд патшаға жеке бір сұрақ етіп қойсаңыз деген өтінішімізді де тағы қайтара құлаққағыс еткенбіз. Міне, сол өтінішімізді оңашада Фахд патшаға айтқан Елбасы құптарлық жауап алып, баршамызды жақсы хабармен қуантты. Қазақстанның бас мүфтиі мен Төтенше және өкілетті елшісі бұл мәселені қайта-қайта қаузамаған соң қонақ үйді қалпына келтіру жәйі біртіндеп ұмыт бола бастады. 1998 жылы үлкен қажылыққа барған кезде Сауд Араб мемлекеті патшасының атына ресми хат жазып ала барып, біздің елшіліктің жауапты қызметкері Азамат Бердібаев арқылы табыстағанбыз. 2000 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінде департамент басшысы қызметін атқарып жүрген Азамат Рахманқұлұлы хабарласып, аталмыш мәселенің мән-жайын тағы да бір пысықтап сұраған болатын. Артынша, Астанаға ресми сапармен келген Сауд Араб мемлекетінің Қорғаныс министрі, ханзада Сұлтан ибн Абдул-Әзиз әл-Сауд мырза да Елбасының Құнанбай тәкиесін қайта қалпына келтіруге байланысты сұрағына толымды жауап қатып, толықтай қолдайтындығын білдірген. Амал нешік, Елбасы ең жоғарғы деңгейде екі мәрте мақұлдатқан істі жеріне жеткізіп, өміршеңдендіретін шенеунік елімізде табылмады. Соның салдарынан Құнанбай қажы тәкиясы мәселесі бәз-баяғы қалпында қалуда. – Жалпы, Сауд Арабиясына Қазақстан делегацияларының құрамында 5-6 рет сапарлағаныңызды білеміз. Қазақ халқы үшін бұл ел қасиетті Мекке мен Медине қалалары орналасқан киелі мекен ретінде қымбат. Бірақ біз білмейтін қандай тұстар бар? Бәлкім, іссапарларда қазақ пен араб елдеріне қатысты тың деректерді естіп-білген боларсыз... – Аллаға сансыз шүкірлер болсын, 1994 жылдан бері қарай Умра және Үлкен қажылыққа ондаған рет барыппыз. Әр сапардың мәнісі бөлек, рухани олжасы орасан. Елбасымен бірге 1994 жылы алғаш Умраға барған сапарымыз әр кезде жадымызда. 1998 жылы қажылықта болғанымыз көкейде сайрап тұр. 2003 жылы әлемдегі ең таңдаулы 500 журналистер арасынан табылып, Үлкен қажылық кезінде «Азаттық» радиосының қазақ бөлімшесі арқылы Меккеден, Минадан, Арафаттан, Мұздалифадан тікелей репортаждар жүргізгеніміз естен кетпейді. 2003 жылы қазанда дені лауазымды қызметтер атқаратын он жеті адамнан тұратын делегацияны басқарып Умраға барғанымыз естелік жазсақ тіптен ертегі іспетті. Елбасының Фахд патшаға жазған хатын ресми жеткізгенімізде Қос Киенің – Харамайнның сақтаушысы Фахд патшаның дін мәселелері жөніндегі орынбасары шейх Салих Хусейн мырза жоғары деңгейде қарсы алып, әуелі өз үйінде арнайы қонақ етіп, Меккедегі Уммул-Құран университеті мен Қағбаның Кисуасын, Қағбаның ішкі жабуын, сондай-ақ, Мединедегі Расул Алланың с.ғ.с. қабірстаны ішіндегі арнайы жабуларды – жылдар бойына алтынмен зерлеп, қымбат жіптерден қолмен тоқитын жабық өндіріс орнымен таныстырғаны, Меккедегі қадыми Құран үлгілері жинақталған орталық кітапхананы қалауымызша аралатқаны қажылық сапардың қайталанбас жарқын сәттері десек те болады. Мединедегі ардақты пайғамбарымыздың с.ғ.с. мешіт-кешенінің барлық құпия бөлмелерін, мұражайларын, таудың саф ауасын жеткізіп тұратын жер асты туннелдерін, бас имамның отырған бөлмелерін, т.т. армансыз аралатқаны да ұрпақтан ұрпағымызға аңыз болып жетіп жататын оқиғалар. 2004 жылы Елбасының ұстазы, 86 жастағы ардагер Сейітқан Исаев ақсақалды қолынан жетектеп жүріп Үлкен қажылық парызын өтеуге себепші болғанымыз да күні бүгінгідей жадымызда жаңғырып тұр. Ал 2007 жылы жұбайымыз Ләйламен бірге әкбар қажы атанып, Құрбан айттың екінші күні 14 млн қажылардың арасынан шақырылған 600-дей қонақтармен бірге Сауд Арабияның патшасы Абдулла ибн Абдул-Әзиз әл-Саудтың Меккедегі салтанатты сарайында арнайы қабылдауға қатынасып, алқалы жиыннан соң небәрі алпыс шақты сыйлы қонақтардың тізіміне ілігіп, Қос Киенің сақтаушысы Абдулла патшамен қол ұстасып амандасып, араб тілінде қысқаша тіл қатысып, Қазақстан қажыларының дұғай сәлемін жеткізіп, артынша патшаға таяу маңда отырып, алдыға тартылған табақтан қойдың басын ырымдап алып, бірге түстік тамақ ішкеніміз еш естен кетпейді. 2011 жылы Эр-Риядта патша әулетінің мүшесі, миллиардер ханзаданың бірінің сыйлы қонағы болып, Қазақстанмен арадағы ауқымды инвестициялық жобаларды біршама талқылағанбыз. Сол сапарда нұрланған Мединеде ардақты пайғамбарымыз с.ғ.с. зәулім мешітінде құптан намазын бас имам Хусейн бин Абдул-Әзиз әли-Шейхтың аядай жеке бөлмесінде имамның тура арқа жағында тұрып оқу нәсіп болды. Намаздан соң сол жерде отырып, тәжірибелі аудармашы Дирех Самир досымыздың көмегімен шейхпен екі сағаттай жеке сұхбат құрып, ескідегі қазақ қажылары ішінде Құнанбай қажының 1876 жылы Мекке мен Мединеден оралған соң, бір жыл бойына қайтар жолда тері торсықпен әрең сақтап жеткізген азғантай қасиетті Зәмзәм суын көпшілікке қалай тең бөліп беремін деп таза шүберекті Зәмзәмға малып, кезекке тұрған қауымның тек еріндеріне сырттай ғана тигізгенін айтып, жетпіс жастағы бас имамды көзіне жас алғызып жылатқанымыз бар. Әңгіме соңында доктор Хусейн бин Абдулазиз әли-Шейх қазақ еліндегі, Орта Азиядағы дін исламның ахуалын сұрап, тәкпіршілдер мен террорлық пиғылдағы жат ағым өкілдеріне өте қатаң қарауымызды кеңес етті. Қажет болса, Қазақстанға келіп, бірқанша ресми кездесулер өткізіп, қолдан келген көмегін аяп қалмайтынын да жасырмады. Қажылық сапарлар жөнінде осылайша тізбектеп айта беруге болады. Үстіміздегі жылдың басында да Сауд Араб мемлекетіне шақырту алдық. Ақпан айының басында Эр-Риядта Қос Киенің сақтаушысы Салман бен Абдул-Әзиздің қамқорлығымен жыл сайын өткізілетін дәстүрлі 32-ші Ұлттық мәдени мұра фестивалінің бір апталық жиыны жоспарланған болатын. Мәдени-танымдық шара аясында Азия мен Еуропадан жоғарғы лауазымды шенеуніктер келуі де белгіленіп, Эр-Риядқа таяу маңдағы әл-Жанадрия жазығында бәдауилер салт-дәстүрі насихатталып, көшпелі арабтар арасында ақындар айтысы да өткізіліп, түйелер жарысы да ұйымдастырылып, фольклорлық фестиваль бәдауилер тұрмыс-тіршілігінің қыр-сырларын онан сайын аша түсуге тиісті еді. Дегенмен, түрлі себептер қолбайлау болып бұл үлкен мәдени шараға қатынаса алмай қалдық. – Кезінде Фейсал ибн Абдул-Әзиз Әл Сауд өз елін өңірдегі көшбасшы мемлекетке айналдыруға тырысты. Тіпті, 1973 жылы Батыс елдеріне сес көрсетіп, ел мұнайын сатылымнан алып тастап, әлемдік энергетикалық дағдарысқа әкеп соқты. Бүгінде мұнай әрі қару, әрі саудаласудың құралы. Сауд Арабиясы қашанда «мұнай соғыстарында» белсенділік танытып, оның әлемдік бағамына әсер етіп отырады. Бірақ шикізат дәуірі өтіп бара жатқан жоқ па? Онымен қоса Сауд Арабиясының ықпалы да әлсіремей ме? – Алғаш іргетас қалаған кезеңнен бастап Сауд Арабия мемлекеті батыстың, оның ішінде Ұлыбритания мен АҚШ-тың тікелей әсер-ықпалында болды. Жетпісінші жылдардың басындағы «батыл бұлқыныс» әлем алпауыттарының тарапынан еленбей қалған жоқ. Нәтижеде, Сауд әулетінің батыс топтарына астыртын қызмет еткен, Америка университетін бітіріп келген Фейсал ибн Мусаид есімді тақтан дәмесі зор ханзада ұрпағы ұрымтал сәтін пайдаланып, жетпіс жастағы үшінші ел билеуші Фейсал патшаға қарулы қастандық жасап, 1975 жылы 25 наурызда «еркінсіп кеткен патша» көз жұмады. Бұл тарихтың үлкен бір сабағы. Сауд Араб патшалығы өткен бұлғақты дәуірлерді айтпағанда бүгінгі таңда аса қиын сынақ кезеңді бастан кешіріп отыр. Бір себептен, тоқсан жылдық монархиялық билік жүйесі тың өзгерістерді, күрделі жаңғыруларды қажетсінуде. Екіншіден, мұнай сату нарығы алдағы он бес-жиырма жыл ішінде балама жасыл энергия көздері пайда болуы себепті күрт тарылатын болса, онда төл экономиканың басқа да салаларын жедел дамыту, жаңа технология негізіндегі мұнай химиясы өндірісін өркендетуге шұғыл бет бұру міндеттері алдыдан шығады. Үшіншіден, соңғы ширек ғасыр көлемінде саудтықтардың саяси өресі биік, жаһандық ғаламтормен тығыз жымдасқан, мүлдем жаңа ұрпақ буыны қалыптасқанын да жадымыздан әсте шығармаған жөн. Төртіншіден, геосаяси тұрғыда Саудияның мұнайлы өлкелерінде дені шиіттік ұстанымдағы мұсылмандар өмір сүретіндіктен, Израиль мен Иран тарапынан болатын саяси әсерлер Сауд билеушілерін бір сәтке де тыныш қалдырмасы анық. Бесіншіден, отыз мыңға жуық мұрагер ханзада, Сауд әулетінің ең бай ұрпақтары арасындағы қым-қуыт қайшылықтар, жасырын текетірестер, құпия топтасулар, елеусіз атыс-шабыстар, міне, мұның барлығы да Сауд Араб мемлекетінде жақын арада болуы мүмкін өте күрделі өзгерістерді жақындата түскендей. – Бүгінде Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед Бен Салманның бастамасымен ел ішінде тек экономикалық қана емес, идеологиялық реформалар да жүріп жатыр. Сарапшылар бұл елдің қатал діни канондар мен уаһһабизм, сәлафизм идеологиясынан түбегейлі бас тартпаса да, оны жұмсарту бағытында тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартады. Бүгінде Сауд Арабиясында әйелдерге тұңғыш рет көлік жүргізуге рұқсат берілді, сән апталықтары да ұйымдастырылып жатыр. Бұл неден туындаған бастама? Бұған бүкіл араб елдерін шарпыған «араб көктемі» толқулары әсер етпеді ме? Діни ұстанымдары қалай өзгермек? – Қазіргі алмағайып заманда тұтастай мемлекеттік деңгейде бір дінді ұстап тұру өте қиын. Қасиетті Құран Кәрімнің өзінде Алла субхана уа тағала бірнеше мәрте ескертеді ғой. Бірде аятта дінде зорлық жоқ деп келеді. Яғни, зорлықпен, күш көрсетумен дінді ұстап тұруға болмайды дейді. Ал Саудия мен БАӘ-інде, Кувейт пен Катарда, Иранда дінді күштеп ұстап тұру мысалдары кездесіп жатады. Шариғат шарттары да мемлекеттің барлық дерлік басқару тетіктерін қамтып отыруы тиіс. Саудияда тақтан мұрагер Мұхаммед бен Салман қолдан келгенінше батыл өзгерістер жасап бағуда. Мәселен, былтырғы жылы Сара әл-Сухайми Сауд Арабиясының қор биржасын басқарған ең бірінші әйел болды. Оған дейін 2004 жылы Лубна Олаян есімді ханым «Saudi Hollandi Bank»-нің Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланған ең алғашқы әйел болып еді. Ал ол аз десеңіз, биылғы жылғы қаңтарда Давостағы алқалы жиында Саудия атынан қатынасқан 24 жастағы Эмон Шакур – «Blosson»және «Eventfen» деп аталатын саудтық екі жаңа технологиялық стартаптардың негізін қалаушы болып табылады. Бір апта уақыт бұрын 60 жастағы саудиялық Линн Лаверти Элзенханс есімді, 2008 жылы әлемдегі 100 аса ықпалды әйелдердің арасында 10-орынды еншілеген бизнес ханымды жаһандағы ең алпауыт Сауд Арабиялық «Aramco» мұнай компаниясының Директорлар кеңесінің мүшелігіне тағайындауы, бұл әрине, жасындай жарқ еткен жаңалық еді. Алдағы уақытта Саудияның жоғарғы билік сатысында әйел адамдардың есімін кездестіріп жатсақ, оған еш таңданбай-ақ қоюымыз шарт. Кінәздық Лихтенштейн секілді билік құзыреті күрделі өзгерістерге түссе де, саудиялық достарға еш базына-реніш айта алмаймыз. Қос Кие тұрған мемлекеттің ішкі тұрақтылығы баршамызға ауадай қажет. – Бүгінде Батыс БАҚ-тары мен саясаткерлері Сауд Арабиясы мен Катарды сырттағы кейбір экстремистік ұйымдарды қаржыландырып отыр деп айыптайды. Ирактағы соғыстан кейін, сондай-ақ, 2011 жылғы «араб көктемі» жүріп өткен Шығыс елдеріндегі жағдайдан кейін сүнниттік қозғалыстар радикалды идеологияға ұрынды деп санайды. Осындай пікірлермен қаншалықты келісуге болады әрі сүнниттер мен шииттердің өзара қырқысы кімге тиімді? – Әрине, мұсылмандар сүннит пен шиіт болып екіге бөлініп, өзара қырықпышақ болып жатса, ол ең алдымен батыс алпауыттарына тиімді. Арабтар мен түркілер, күрдтер, тәжіктер, дұңғандар, әлемдегі өзге де мұсылман елдері өз іштерінде мызғымас біртұтастықты ұстанып, ислам өркениеті жаңаша серпінмен дамитын болса, жер-жаһанға билік жүргізу аз ғана алпауыт топтарға аса қиынға соғатыны белгілі. Сол себепті де батыстағы зерттеу орталықтары жүздеген жылдар бойына мұсылман үмметі арасында жік тудыратын теріс ағымдарды ойлап табумен әбігер болды. Сауд мемлекетіндегі тақ мұрагері Мұхаммед ибн Салман әл-Саудтың бір ай бұрынғы ресми мәлімдеуінше, 1947-1991 жылдар аралығындағы «қырғиқабақ соғыс» кезінде Шығыс блогына төтеп беру үшін де АҚШ Эр-Риядтан уаххабизмді жер-дүниеге кеңінен насихаттауды талап етіп отырған. Біреудің қолымен «от көсеген» мұхиттың арғы жағындағы теріс пиғылдылар осылайша жарты ғасырдан астам уақыт бойына өз дегендерін болдыртумен келген. Қазақстан мұсылмандары да мазхабсыздық пен уаххабизмнің, сәлафизмнің уытын ойланбастан, талғамастан жұта беретін болса, түптің түбінде орасан қиыншылықтарға ұрынары анық. Елбасы жіті аңғарып, дін істері жөніндегі министрлікті құрып, діни сенім бостандығы туралы заңды дер уағында жаңадан қабылдатып, діни содырлармен аяусыз күрес жарияламағанда, мұндай жайбарақаттылықтың арты қандай апаттарға апарып соқтырарын кім білсін?! – Мұрагер ханзада ел экономикасының мұнай өндірісіне тәуелділігіне аса алаңдаулы. Сауд Арабиясы технологиялық даму жолына түсе ала ма? Бұл жолда инвесторларды тарту қаншалықты қиын? – Саудияның ішкі мүмкіншіліктері өте зор. Күні кеше АҚШ Президенті Д.Трамппен өткен екеуаралық келіссөз барысында таққа мұрагер ханзада, Қорғаныс министрі Мұхаммед ибн Салман әл-Сауд 200 млрд доллардан асып жығылатын инвестиция жөнінде әңгіме қозғады. Мұнай өндіру саудиялықтар үшін басты табыс көзі болып қала тұрғанмен, жаңа тақ иегерлері мұнайға тәуелді болып қалмау іс-шараларын да жедел түрде күн тәртібіне қоюда. Сауд Араб елінде саяси реформалар қаншалықты нәтижелі жүргізілетіндігіне сіздер мен біздер таяу арада нақтылы куә болмақпыз. – Бұл елде сыбайлас жемқорлықпен күрес те қатал жүріп жатыр. Тіпті, мұрагер ханзаданың бастамасымен бірқатар саудиттік мұрагерлер мен шенді-шекпенділердің қылмысы әшкереленіп, жымқырылған қаржы ел бюджетіне қайтарылды. Бұл науқандық шара ма, әлде Сауд Арабиясы шын мәнінде ашықтыққа бет алды ма? – Қазіргі таңда Сауд Арабия мемлекетінде өте күрделі өзгерістер қарқын алуда. Әсіресе, жиырма мыңнан астам таққа мұрагер өзара қырбайлыққа түскен уақытта, кімнің ақ, кімнің қара екенін тіпті де біліп болмайсың. Ең бастысы, ниетте. Жеке бір мемлекет жаһандық үрдістерден шеттеп қалуы мүмкін емес. Саудия зиялылары жаһанды емін-еркін кезіп жүрген болса, ал әлем мұсылмандарының озық өкілдері күн құрғатпай Саудияға жүз мыңдап келіп жатқан болса, жергілікті құндылықтар қалайша өзгермесін?! Жетпісінші жылдардағы Саудия басқа, қазіргі Саудия басқа. Өйткені ғаламтор миллиондар санасын байлап-матап алған уақытта оқшаулануға, жабық болуға, «өз қазаныңда өзің қайнауға» еш мүмкіндік жоқ. Сол себепті мұның барлығын жаһанданудың жанды әсерлері деп ұққан жөн. Күрделі өзгерістер күтпеген төңкерістерге алып келуі мүмкін бе? Жоқ деп үзілді-кесілді айтуға болмайды. Саудия бірнеше бөліктерге бөлініп кетеді екен деген сәуегейлер де жетерлік. Қалай дегенде де, АҚШ пен Израиль, Иранның құрған торына түспеймін деп бұлқынған Сауд Араб мемлекеті араб елдерінің тура ортасында тіршілік кешіп, аса күрделі саяси өзгерістерге батыл бағыт ұстауда. Сәттілік тілейміз әрқашан саудиялық бауырларға! – Кезінде мұсылман үмметі бүкіл ғылым мен білімнің ордасы боп, математика, алгоритм, медицина, т.б. ғылым түрлерін әлемге әкелді. Ал қазір Құранда айтылған аяттардың, Пайғамбарымыздың (с.ғ.у.) хадистерінің сырын Батыс ғалымдары ғылыми жаңалық ретінде ашып отыр. Мәселен, эмбриология, астронавтикаға қатысты соңғы жаңалықтарды айтсақ болады. Неге мұсылман үмметі тек діни канондармен шектеліп, Алладан келген Қасиетті Құранды іштей біле тұрып, оның потенциалын ғылым жолында пайдалана алмай отыр? – Ислам және ғылым деген өте терең мәселе. Құран Кәрімде құпия сырлары ашылмаған аяттар жетерлік. Мұсылман баласы адамзат өркениетінде кенжелеп артта қалған болса, оған ең алдымен өзіміз кінәліміз. Іштарлық, көре алмастық, жалқаулық, керенаулық, тәкаппарлық, тоқмейілсушілік, мұнан басқа да толып жатқан жаман мінездер өн-бойымызды мықтап жаулап алған. Араб пен түркі әлемі мұсылмандары бас біріктірер болса, алынбайтын қамал жоқ. Ал отызға жуық Нобель сыйлығының лауреаттары Құран аяттарынан ғылыми ақиқат тауып, артынша мұсылмандық қабылдап жатса, мұнда да муслим бауырлардың шешуші үлесі бар екенін әсте ұмытпаған жөн. Эр-Риядтың жанында әлемдік талаптарға сай халықаралық университет қалашығы бой көтеруі де ғылым мен білімге қатты көңіл бөлген сүйіспеншілікті танытса керек. Саудияның жаңа басшылары жаһанда бұрын-соңды болмаған технология негізінде өндіріс ошақтарын ашып, тіпті, мемлекет­аралық деңгейде 200 млрд АҚШ доллары көлеміне дейін инвестициялық жоба дайындауда. Бұл, әрине, зор мүмкіншілік! – Сауд Арабиясы болашақта туризм кластерін де жан-жақты дамытпақ. Сіздің ойыңызша, бұл елде қандай туризм түрлерін дамытуға болады? – Сауд Арабиясына жыл он екі ай бойына келушілер легі еш толастамайды. Ең басты мәселе Үлкен және Кіші қажылық. Құрбан айт кезінде жергілікті халықты қосқанда ондаған миллион мұсылмандар Қағбатолланы жеті мәрте айналып, тәуап жасап жүргенін көргенде, немесе Арафатта соншама жамағат бір мезгілде дұға жасап жатқанын анықтап қарағанда, қасиетті рамазан айында 2-3 млн-ға дейін қажылар нөпірі Мекке мен Мединені басып алғанда «діни туризмнің» құдыреті мен мүмкіншілігін айқын сезінгендей боласың. Былайынша алып қарағанда, 2 миллиондай тұрғыны бар меккеліктер бір тоқтам көрместен 365 күн бойына шетелдік қонақтарды күтіп алып, шығарып салуда. Мединеліктер де бұдан ешбір қалысар емес. Сауда-саттық қарқыны да өте жоғарғы деңгейде. Пайғамбар с.ғ.с. елінен Зәмзам мен құрмадан, миск пен мисуәктан басқа толып жатқан заттарды бағасына қарамастан сатып ала береді. Саудия туризмнің этнотуризм саласына да қатты көңіл бөлсе болады. Түйемен сахараны кезіп, табиғат кереметтерін тамашалап, жыртқыш құстармен аңға шығып, бәдауилердің тұрмысын тамашалап, көшпелілер өркениетінің мүшесі болуға ұмтылатындар болса – ашық аспан астындағы қызық-тамашалар жетерлік. Қазіргі заманауи туризм түрлері де айрықша сұранысқа ие. Мәселен, бұл ретте Қызыл теңіздің жағалауын ерекше туризм аймағына айналдыру мүмкіндіктері зор. – Кең көлемді сұхбатыңызға көп рақмет!  

Сұхбаттасқан

Кәмшат ТАСБОЛАТ