АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ БОЛАШАҒЫ
АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ БОЛАШАҒЫ
Қай елде болсын азаматтық қоғамның болашағы мен азаматтардың белсенділігіне байланысты маңызды мәселелер бар. Оны шешудің жолдары қандай? Бұл ретте билік қандай тиімді іс-әрекет жасағаны жөн? Ортаға салар ойлар мен тәжірибелер бар ма? Бүгін Астанада басталған экономикалық форумда осы мәселеге байланысты да кең талқылау болмақ. Бұл жайдан-жай емес. Өйткені Қазақстан жас тәуелсіз мемлекет болса да, азаматтық қоғамды қалыптастыруда жақсы тәжірибесі бар. Егемендікке қол жеткен алғашқы жылдардан бастап Қазақстанда азаматтық қоғамның негізі болып есептелінетін үкіметтік емес ұйымдардың дамуына саяси, құқықтық, әлеуметтік жағдайлар жасалып келеді. Олардың қоғамдағы рөлін арттыруға Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздікке қол жеткен алғашқы күндерден бастап айрықша мән беріп отырғаны қалың жұртшылыққа жақсы мәлім.
Қазақстанда Азаматтық форум тұрақты түрде өткізіліп жүр. Бұл форум билік пен үкіметтік емес сектор өкілдерінің ел игілігі үшін тиімді әрі ұтымды бірлескен шешім қабылдау алаңына айналғанын күнделікті өмірде көріп жүрміз. Азаматтық форум дегеніміз – азаматтық қоғам мен билік өкілдерінің қоғамды демократияландыру, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін бірлесіп шешудің жолын қарастыру, пікір алысып, соның нәтижесінде оң шешім қабылдау. Қазақстанда азаматтық қоғамның бай тәжірибесі бар. Әрине, бұл мәселеге байланысты біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде әлі де болса шешімін күткен көптеген түйткілдер бар. Бүгін басталған Астана экономикалық форумында осы жайында жан-жақты талқылау мен пікір алысу болмақ. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде айтылды.
Астана экономикалық форумы аясында азаматтық қоғам проблемаларын талқылайтын панельдік сессия өтпек. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Нарымбетов мәлімдеді. «18 мамыр күні «Азаматтық қоғамның болашағы. Жаңа азаматтық белсенділік» деген тақырыпта панельдік сессия өтеді. Астана экономикалық форумында алғаш рет азаматтық сектордың қазіргі заманауи тенденцияларының негізгі аспектілері, жаңа сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктер талқыланады. Сессия жұмысына шетелдік және отандық үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік ұйымдардың өкілдері, саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар, ғылыми-зерттеу орталықтары, сонымен қатар, өзінің азаматтық позициясымен көзге түскен белсенділер қатысады», – деді Нарымбетов.
Айта кету керек, Азаматтық қоғам мәселелерін талқылайтын бұл сессия Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен өткізілмек.
Сессия барысында интерактивті көрме ұйымдастырылатыны белгілі болды. Онда үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асырған инновациялық жобалар мен азаматтық белсенділік аясындағы үздік тәжірибелер кеңірек көрсетіледі. Ұйымдастырушылардың пікіріне қарағанда, бұл сессия үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына қатысты түйткілдер мен жаһандық маңызы бар мәселелердің түйінін тарқатуға жол ашады деген үміт бар.
Азаматтық қоғамды қалыптастыруда еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың қосып отырған үлесі айтарлықтай. Бұл туралы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» басқарма төрағасы Нұрлан Өтешов брифинг кезінде былай деді: «Ауқымды жұмысты қазірдің өзінде үкіметтік емес ұйымдардың атқарып жатқанының өзі үлкен көрсеткіш. Біз азаматтық қоғамды дамыту мәселесіне баса назар аударып, белсенді жұмыс жүргізіп отырмыз».
Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ
Астана