Былтырғы форум –биылғы нәтиже
Биылғы Астана экономикалық форумы жаһандық түйткілдер талқыланатын алаң ретінде есте қалмақ. Жиындағы басты тақырыптың бірі – Бірыңғай экономика әлемі. Әлемдік нарықтың толық картинасын қалыптастыруға қауқарлы алып державалар соңғы кездері дамуға бірлесіп қадам басып келе жатқандай. Өйткені 2017 жылдың екінші жартысы мен 2018 жылы дүниежүзілік экономика ерекше өсім көрсетіп отыр. Дамыған елдерде экономикалық белсенділіктің артуы, сауданың жандануы, әлемдік тауарлық және қаржы нарықтарындағы қолайлы жағдай жаһандық өсімге дем береді. Дүниежүзілік дағдарыс екі бүйірден қысқанда дамыған елдер ұстанған жұмсақ экономикалық саясат қандай? Оның көрші елдерге төндіретін қаупі ше? Мысалы, әлемдік сауда да протекционизмнің артуы, одан бөлек, АҚШ, ЕО-пен Қытай арасындағы әлеуметтік сауда «соғыстары» жаһандық экономика үшін белгілі бір деңгейде кері ықпал етері даусыз. Оның қасына көп жылдар бойы қалыптасып келе жатқан изоляционизмді, яғни өзін сыртқы нарықтан оқшау ұстайтын нарықтарды қосыңыз. Өйткені мұндай елдер әлемдік деңгейдегі еркін тауар айналымына кедергі келтіреді. Геосаяси түйткілдердің одан әрі ушығуы да кері әсер ететіні сөзсіз. Міне, осындай ғаламдық мәселелер елорданың төрінде өтетін Астана экономикалық форумында жан-жақты талқыға салынып, шешу жолдары қарастырылмақшы. Осы кезде былтыр өткен форум ойға оралады. Ұлы Жібек жолының мүмкіндіктері тілге тиек етілген 2017 жылғы Астана экономикалық форумында Қытай Республикасы «Бір белдеу – бір жол» халықаралық бағдарламасын ұсынып, көне Жібек жолының бойында орналасқан елдердің экономикалық белдеуін құру мақсатына кірісіп кеткенін мәлімдеген еді. Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің БОАО-2015 форумында мәлімдегеніндей, бұл жоба жүзеге асқан шақта Жібек жолының бойында орналасқан елдердің Қытаймен жылдық сауда айналымының көлемі 2,5 триллион долларды құрайтын болады. Әрине, осынау мол сауда қаржысынан белдеудің маңызды буынындағы ел ретінде Қазақстан да өз үлесін алуға тиісті. Қазақстан үшін де және Еуразия құрлығының басқа да көптеген елдері үшін де маңызды саналатын осы тақырып Астана экономикалық форумының арнаулы сессиясы аясында жеке әңгіме болды. Бреттон-Вудс жүйесін жаңартуды жақтайтын комитеттің атқарушы директоры және оның негізін қалаушы Марк Узан: «Жібек жолы айналасындағы елдер Қытайдан шыққан тауарларды тасымалдауға қызмет етіп қана қоймай, сонымен қатар, ынтымақтастық туралы өзара келісімдер жасауы тиіс. Мұндай өршіл де үйлестірілген жоспардың болуы барлық мүдделі жақтардың басын біріктіре отырып, сауда кедергілері мен келісімдерді оңтайландыруға, өңірдегі экономикалық операциялардың жеделдігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ, тауарлар мен қызметтердің қауіпсіз де кедергісіз жылжуын қамтамасыз етуге қызмет ететін болады. Жібек жолы экономикалық белдеуі бойындағы инвестициялар жаңа рыноктар үшін әріптестік пен ашықтықты көтермелей отырып, жаңа мүмкіндіктерді қалыптастыру арқылы Еуразия құрлығында орналасқан елдерге елеулі ықпалын тигізеді деп ойлаймын», – десе, Гонконг үкіметінің өкілі, Жібек жолы жөніндегі комиссар Ивонн Чой ханым бұл халықаралық жобаның тиімділігі оның барлық елдерге де пайдалы болуымен ғана есептелмейтіндігін алға тартты. «Гонконг үкіметінде қызмет етемін. Бізде тек үкімет қана емес, жеке сектор да бұл жобаға қызығушылық танытуда. Өйткені жобаның бизнес жүргізу үшін пайдалы екендігін байқап отыр. Бірақ тек бизнес-қауымдастық қана емес, жекелеген елдер мен халықаралық ұйымдар деңгейінде келгенде бұл жобаның беретін экономикалық пайдасының өзі жеткіліксіз. Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының (ЭЫДҰ) елдері бұл жобаға қалай қатыса алады? Ол үшін, әрине, пайдалы болуымен қатар теңдіктің де болуы қажет. Осы басқосуды өткізіп отырған Қазақстан елі бұл жобаға қосылмас бұрын «Бір белдеу – бір жол» жобасына қатысты мәселелерді Еуразиялық экономикалық одақ аясында талқылап алғандары абзал болар», – деген-ді.Жаһандық 11 мәселе қандай?
Астана экономикалық форумы – жаңартылған жаһандық қатерлер туралы негізгі әлемдік саммиттердің біріне айналуы тиіс. Біріншіден, ХІ Астана форумында 11 жаһандық қатерлер талқыланатын болады. Ұсынылып отырған мәселелердің тақырыбы пікірталастардың ауқымы мен өткірлігіне орай терең және жан-жақты сарапшылық тәсілді қажет етеді. Олар – Бірыңғай экономикалық әлем, Жаһандық стратегия әлемі, Ресурстар әлемі, Жаңа таза энергия әлемі, Ұзақ жасау әлемі, Болашақтағы ақша әлемі, Жаһандық қауіпсіздік әлемі, Жаңа адамзат әлемі, Қалалар әлемі, Сингулярлық әлем және Цифрлық әлем. Екіншіден, ұсынылып отырған жаңа формат. Бұл іскерлік бағдарлама, стратегиялық сессия және «Жаһандық қатерлер әлемі – адамзаттық түйсік. Құрлық. Елдер. Қалалар» ресми зерттеулері. Бұл алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Форумдағы іс-шаралардың тұжырымы кеңейтілетін болады. Дәстүрлі панельдік сессиялардан интерактивтік іс-шараларға көшу орын алады. TED-talks, визионерлердің сөз сөйлеуі, инновациялық таныстырылымдар, көпшілік алдындағы сұхбаттар, арнайы воркшоптар және т.б. Форумның барлық алаңдарында жаңа заманауи мультимедиялық шешімдер пайдаланылады. Үшіншіден, сарапшылық талқылаудың жоғары деңгейіне мән берілмек. Форумға әлемдік интеллектуалдық элита, әлемдік корпорациялардың басшылары, жаһандық стартапшылар, көрнекті футурологтар, шетелдік және отандық саясаткерлер, беделді экономистер мен ғалымдар шақырылды. АЭФ бағдарламасына қатысуға жастарды көптеп тартуға көңіл бөлініп отыр. Әлемнің жетекші сарапшылары жаңа ұрпақты жаһандық қатерлерді зерттеуге және жауап іздеуге рухтандыратын болады. Астанадағы жоғары оқу орындарының базасында арнайы іс-шаралар: дәрістер, тұсаукесерлер, жетекші экономистермен кездесеулер өткізіледі. Біздің болашақ ғалымдарымыз бен зерттеушілеріміз озық ойшылдармен кездесуге мүмкіндік алып, жаңа идеялармен шабыттанады. Форумның қорытындысында мына нәтижелер орын алмақ.ТИІМДІ ШЕШІМДЕР ЖӘНЕ ҰСЫНЫСТАР.
АЭФ – тұжырымдамалық әлемдік идеяларды талқылаудың диалогтық алаңы. Пікірлерді және соңғы ғылыми-тәжірибелік жетістіктерді алмасу әлем және Қазақстан үшін тиімді шешімдер мен тәжірибелік ұсыныстарды әзірлеуге мүмкіндік береді.ЖАҺАНДЫҚ ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ.
АЭФ – шетелдік инвесторларды тартатын магнит және әлемдік және Қазақстанның жетекші бизнесмендерінің кездесу орны. Форумда елдердің, қалалар мен компаниялардың арасында маңызды келісімдерге қол қою орын алады.ЭКОНОМИСТЕРДІҢ ЖАҢА ҰРПАҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ.
АЭФ – әлемдік экономикалық ғылымдағы ең үздік сарапшылар мен ғалымдарды, Нобель лауреаттарын шоғырландыратын орын, осы жерде жас қазақстандық экономистер баға жетпес білім мен тәжірибеге ие болады. Ал биылғы АЭФ-тың басты ерекшелігі қандай? XI Астана экономикалық форумының негізгі ерекшелігін атаған ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов: «Форумның тақырыбы – Global Challenges Summit 2018. Биылғы форумның ерекшелігі сол, АЭФ үш күнге созылады. Алғашқы екі күн бойы қатысушылар жаһандық мәселелерді талқылайды. Ал үшінші күні негізгі спикерлер күні бойы алты бағыт бойынша Қазақстан үкіметімен, сондай-ақ, сарапшылармен бірге жұмыс істейтін болады. Негізгі мақсат – форум кезіндегі барлық идеяларды жазып алу, бізге лайықты ұсыныстарды іске асыру. Біз соның бәрін қағазға түсіріп, өз елімізде қажетімізге жаратуға тырысамыз. Бізге нақты ұсыныстар қажет», – деді. Министрдің айтуынша, бұған дейінгі форумдарда жаһандық экономика, цифрландыру және тағы басқа мәселелер қаралса, биылғы форум кезінде ресурстар, роботизация, адамзаттың өзгеруі, агроөнеркәсіп саласындағы жетістіктер, денсаулық саласының мәселелері талқыға салынады. Бір сөзбен айтқанда, АЭФ-тың күн тәртібі кеңейіп отыр. «Біз жаһандық мәселелерді талқылауға қорықпаймыз. Давос және тағы басқа жаһандық алаңдарда көтерілетін мәселелерді біз де көтереміз. Қазақстан, я болмаса, Орталық Азия аясындағы мәселелермен шектелмей, жаһандық маңызы бар түйткілдерді талқыға саламыз», – деді Т.Сүлейменов. Биыл жаһандық мәселелерді қамтитын 11 тақырып ортаға салынады. Оның ішінде экономикалық, әлеуметтік саладағы, диджитал технологияларда, өндіріс пен тұтынудағы жылдам және түбегейлі өзгерістер, сондай-ақ, сәт сайын көз алдымызда болып жатқан технологиялық өзгерістер мәселесі де кеңінен сөз болмақ. Уақыт өткен сайын әлемдік экономика жедел қарқынмен дамып келе жатқаны белгілі. Бұған негізінен адамзат тұрмысына жаңа технологиялардың лек-легімен ене бастауы ықпал етіп отыр. Қоғамның жаппай мобильді құрылғылар арқылы алуан ақпараттың ағынына еніп, әлеуметтік желілер арқылы адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастың жаңа белеске көтерілуі, белгілі бір деңгейдегі цифрлы ортаға қалың көпшіліктің еті үйреніп, бет бұра бастауы, трендтерді болжап, тіпті, бизнес жасаудың жаңа формасының қалыптасуы санамызға сіңіп, қалыпты үрдіске айналуда. Өз кезегінде мемлекеттік басқару жүйесінің де бұл құбылысқа бейімделуі әлемдік тәжірибеде сәтті жүзеге асқандығын мысалға келтіре аламыз. Елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру арқылы елдегі ірі кәсіпорындарды цифрландырудан бастап, мектеп оқушыларын компьютерлік сауаттылыққа оқытуға дейінгі барлық қызмет саласы қамтылмақ. Елде сапалы цифрлы трансформация құру мақсатында Халықаралық сарапшылық кеңес құрылған-ды. Бүгінде мемлекеттік басқаруды цифрландыру ісі өзекті. Соның бірқатарына тоқталатын болсақ, биыл жылдың басында Астанада алғашқы цифрлы Халыққа қызмет көрсету орталығы іске қосылды. Келер жылы тек электронды форматта 200-ден астам қызмет көрсету жоспарланып, 71 млн қағаз айналымы қысқартылмақ. Бұған қоса, автоматтандыру мен оңтайландыру бойынша жүргізілген жұмыстар есебінен 12,5 млрд теңгеден астам қаражат үнемделмек. Электронды еңбек биржасы 2018 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан бойынша пайдалануға берілді. Бұл жобаға 19 605 жұмыс беруші, 35 жекеменшік жұмыспен қамту агенттігі, 5 БАҚ, 4 онлайн-алаң тартылған. Цифрлы алаң халықты жұмыспен қамтуға баса мән беріп отыр. Жекеменшік агенттіктер open API арқылы интеграцияланып, ЭЕБ-дағы 30 050 бос орынға, 63 095 түйіндеме орналастырылып, 20 мыңға жуық азамат жұмысқа тұрған. Сондай-ақ, форум базасындағы Global Challenges Summit-2018 экономикалық конгресі аясында қарастырылатын мәселелердің қатарында «Жаһандық стратегия әлемі» тақырыбы бар. Қазір әлем елдері өз ресурстарын тиімді пайдаланудың жолдарын белсенді түрде іздестіруде. Дүниежүзінің жетекші сарапшыларының пайымдауынша, бүгінгі таңда жаһандық экономикадағы түйткілдерді белгілі бір ұлттан немесе мемлекеттен әлдеқайда ауқымды деңгейде, яғни жаһандық деңгейде ғана шешуге мүмкіндік бар. Мұндай сын-тегеуріндер бүкіл адамзаттың бірлесіп әрекет етуін, ортақ күш-жігерін талап етеді. Осы тектес түйткілдердің қатарында климаттың жаһандық жылынуын, ресурстарды кәдеге жаратуды, халықаралық сауда мен қауіпсіздікті, мемлекетаралық өзара әрекеттестікті атап өтуге болады. 2030 жылға дейінгі аралықта халықаралық қатынастардың негізгі факторы ірі дамушы елдердің ұлы держава мәртебесіне ие болуымен байланысты болуы мүмкін. Осы уақыт аралығында Қытай және басқа да кейбір дамушы елдер әлемдік саясатты айқындайды. Соңғы онжылдықта, халықаралық сауданың өсу қарқынының айтарлықтай төмендеуі барысында экономикалық ықпалдастық жаңа сипатқа ие болды. Өңірлік ықпалдастық құрылымдарын ірілендіру, дүниежүзіндегі көшбасшы экономикалардың белсенді қатысуымен аса ауқымды өңірлік сауда келісімдерін құру үдерісі белең алды. Әлемде болып жатқан өзгерістердің көпшілігі өңірлік интеграцияның қарқын алуы ғана. Халықаралық экономиканың маңызды бөлігі ретінде жоғарыда айтылған үдерістердің біздің еліміз үшін де өзекті екендігі түсінікті. Осы трендке ілесу үшін елімізде бірқатар жұмыстар қолға алынып жатқанын айта кету керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын жүзеге асыру мақсатында өңделген өнеркәсіп өнімдерін экспорттауды күшейту үшін Үкімет Ұлттық экспорт стратегиясын бекітті. Экспортты дамыту тікелей міндеті болатын «KazakhExport» ұлттық компаниясы құрылды, Экспорттық саясат кеңесі қалыптасты. Үкімет тарапынан өнеркәсіп өнімдерін шетелге шығарумен айналысатын 400 компанияға бас-аяғы 47,6 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Яғни, еліміздегі әрбір төртінші экспорттаушы көмекпен қамтылды деуге болады. Осы аталған жұмыстар аз уақыт ішінде жемісін бере бастады. Қабылданған іс-шаралар және ынталандырулардың арқасында өткен жылы өңделген өнімдерді экспорттау үлесі алдыңғы жылмен салыстырғанда 32,5 пайызға дейін өсті. Бүгінгі таңда Қазақстанның экспорттау географиясы әлемнің 115 елін қамтиды. Бұл 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты екі есеге ұлғайтуды көздейтін жоспарға сай келетін көрсеткіш. Қазақстан ұзындығы 2700 шақырымдық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль жолының құрылысын аяқтады. Транзиттік әлеуетті күшейту трансқазақстандық бағыттардың тартымдылығын арттыратыны мәлім. Қазақстан мен Қытайдың тауарларын өңдеу 1,2 есеге артқаны, яғни 222 мың контейнерге көбейгені осыны көрсетіп отыр. «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуеті тәуелсіз құқықтық жүйесі және жеңілдікті салық режімі бар аймақтық қаржы-инвестициялық хаб ретінде іске қосылмақ. Болашақта «Астана» қаржы орталығы Қазақстанның қаржылық инфрақұрылымының негізі, бүкіл Орталық Азия аймағының қаржы хабына айналуға тиіс. Соған қарамастан, ел экономикасына салынып жатқан инвестициялар әлі де болса жеткіліксіз. Бүгінгі таңда елімізге құйылып жатқан шетелдік инвестицияның 55-78 пайызы – тікелей өндіруші салаларға, 19-36 пайызы – қаржы, сақтандыру немесе бөлшек сауда сияқты секторларға, бар болғаны 2-17 пайызы ғана жоғары құны бар салаларға, атап айтқанда, металл өңдеу өнеркәсібіне салынады екен. Бұл теңгерімді өзгерту үшін ұлттық инвестициялық стратегия негізінде инвестициялар тарту бағдарламасы әзірленген. Аталған стратегияның негізгі мақсаты қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру, тиімділікті арттыруға бағдарланған инвестициялар тарту.Форумға кімдер келеді?
10 жыл бойы Еуразияның негізгі экономикалық конгресі болып саналатын Астана экономикалық форумы Қазақстанның жаңа міндеттеріне, әлемдегі өзгерістерге де сай болуы тиіс. Global Challenges Summit 2018-ге 450 астам спикер қатысады. Олардың жартысы – әлемнің 24 астам елінен келетін халықаралық қонақтар. Бүгінгі таңда қатысатынын растаған халықаралық қонақтар арасында Францияның экс-президенті Франсуа Олланд, физик, ішектер теориясының тең авторы және ғылым таратушы Митио Каку, Goldman Sachs бұрынғы төрағасы және БРИКС қысқарту авторы Джим О’Нил, Apple-дің құрылуына өз үлесін қосқан Стив Возняк, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша бас экономисі Ганс Тиммер, саясаттанушы және қалалар дамуының визионері Параг Ханна, Грузияның вице-премьері, сыртқы істер министрі Михеил Джанелидзе; Эстонияның бұрынғы президенті Тоомас Ильвес, БҰҰ сегізінші Бас хатшысы және Халықаралық олимпиада комитетінің этика жөніндегі комиссиясының төрағасы Пан Ги Мун, кинорежиссер, «Алтын арыстан» Венеция кинофестивалінің бас жүлдесінің лауреаты Кшиштоф Занусси және тағы басқа тұлғалар бар. Форумның бас продюсері Болат Столяров: «Ағымдағы жылы форумға ең беделді спикерлер келеді. Олар форумның негізгі «қозғаушы» күші болмақ. Мұнан бөлек, қартаю процесін тежеу мәселесін зерттеуші Обри Ди Грейдің келетіндігін де атап өткеніміз жөн. Форумға әлемде ең бірінші болып адам ағзасын жасанды жолмен алған Энтони Атала да қатысады», – деді. Бір айта кетерлігі, АЭФ-да Орталық Азияда сауда-саттықты дамытудың жаңа жоспары таныстырылады. Әсіресе, сарапшылар инвесторлардың қызығушылығын негізге ала отырып, аймақтағы сауда-саттықты жандандырудың жолдарын талқылайды. Осы мақсатта халықаралық пікірталас алаңына Азия даму банкі президентінің орынбсары Венчай Жанг, Дүниежүзідік банктің Орталық Азиядағы аймақтық директоры Лилия Бурунчук сияқты тұлғалардың келуі бекер емес. «Алдағы форумда өте өзекті мәселені қозғайын деп отырмын. Нақтырақ айтқанда, АХҚО соты мен арбитражды сот арқылы әлемдік экономикадағы қиындықтарға қалай төтеп беруге болатындығын сөз қыламын. Өйткені біздің негізгі мақсат – қаржылық дауларды шешу. Жұмысымыздың жүйесі британдық құқық негізіне құрылған. Сәйкесінше, бұл бастама Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыра түсуі керек», – дейді АХҚО сотының тіркеушісі Кристофер Кэмпбелл-Холт. Қысқасы, Астана экономика форумында тілге тиек етілген ұсыныстар сарапшылар мен саясаткерлерге алдағы 3 жылға дамудың болашақ ұлттық стратегиясын айқындауға мүмкіндік бермек. Санат Көшкімбаев, Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) директорының орынбасары: