Жаңалықтар

РАМАЗАН – РАҚЫМ АЙЫ!

ашық дереккөзі

РАМАЗАН – РАҚЫМ АЙЫ!

Қадірлі бауырлар! Баршамызды оразаға аман-есен жеткізген құдіреті шексіз Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын! Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа шаттық пен бақыт, бірлік пен береке тілеймін! Баршаңызға Жаратқан Ием жар болсын! Біздің халқымыз ежелден рамазанды ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – деп атаған. Берекесі мол айда жарамазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған. Ал ауызашар дастарқаны рухани сұхбаттың, бата мен ізгі тілектің қайнары болған. Ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беру – бағзыдан келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз. Таңғы сәресі әр шаңырақ үшін қуанышты сәт болса, кешкі ауызашар ағайын мен туысты, бір қауым елді имандылыққа ұйытқан, мерекесі мен берекесі үйлескен басқосу болатын. Аллаға шүкір, бұл игі дәстүр ғасырдан ғасырға жалғасып, жаңғырып келеді. Рамазан – рақым айы! Алла Елшісі: «Кімде-кім рамазан айында шынайы сеніммен, сауабын бір Алладан үміт етіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі», – деген. Қасиетті айдың құрметі үшін бір-бірін кешіріп, мейірімділік жолын ұстанған пенделер сауапқа кенеледі. Өзгеге мейірім көрсеткен адамға Алла Тағала оны мейіріміне бөлейді. Кешіргенге – кешірім жасалады. Рамазан – жақсылық айы. Оразада әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылады. Хадис-шарифте айтылғандай, «адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады». Омырауда баласы бар, денсаулығы жарамайтын, кәрілік жеткен қарттарымыз ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – абзал амалдың бірі. Осы ретте отандастарымды материалдық көмекке мұқтаж жандарға көңіл бөліп, қайырымдылық іс-шараларға белсенді түрде атсалысуға шақырамын. Кәсіпкерлерді рамазанның құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға, жол-көлік ақысына жеңілдіктер жасауға үндейміз. Рамазан – тәрбие айы! Ауыз бекіткен адам тілін жаман сөзден тежейді. Өйткені ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім болса да ораза ұстаған күні жаман сөз айтпасын, әрі ешкімге дауыс көтермесін...» деп өсиет еткен. Расында, Алла Тағала үшін тілін өтірік пен ғайбат сөзден тыймаған пендесінің ұстаған оразасы қажет емес. Рамазан – қасиетті Құран түскен ай! Бұл айда адам баласын тура жол мен бақытқа бастайтын, ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырататын Құран аяттары түсе бастады. Ораза кезінде Құранды кемінде бір рет толық оқудың, мән-мағынасын көңілге тоқудың сауабы айрықша. Рамазан – сабыр айы! Аузы берік адам кейбір кісілердің дөрекі сөзі мен әдепсіз әрекетіне сабыр сақтап: «Мен оразамын», – деген сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, төзімділік танытады. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат. Рамазан – өзгеру айы! Қасиетті Құран Кәрімнің «Рағыд» сүресінің 11-аятында: «Қайбір қауым өзін-өзі өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді», – деп баяндалған. Оразада адамның тұлабойы ізгілікке толып, сана-сезімі өзгереді. Бұл – қабыл болған оразаның көрінісі. Өзін өзгертуге тырысқан пенде Жаратқанның жарылқауына кенеледі. Құрметті жамағат! Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «2018 – Ислам және отбасы жылы» деп атады. Қасиетті айда қараусыз қалған қарттар мен мүгедектерге, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға, науқас адамдарға барынша қамқорлығымызды көрсетейік, ардақты ағайын! Бір адамды қуанышқа бөлеу – садақа. Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді білдіремін. Рамазан айындағы сауапты амалдың бірі – пітір садақасын беру. Пітір садақасы баспанасы, жиһаздары, көлігі, құралдары мен киер киімінен бөлек артық мал-мүлкі бар кез келген азат мұсылманға – міндет. Пітір садақасын рамазан айының бірінші күнінен бастап, ораза айт намазына дейін беру міндетті. Бұл шариғат талабы орындалуы шарт. Пітір садақасын пақырға, міскінге беруге болады. Пітір садақа – пенденің рамазан айында жіберген қате-кемшіліктерінің өтеуі. Құрметті қауым! Он екі айдың сұлтаны – рамазан құтты, берекелі болсын! Қасиетті айда жасайтын құлшылық, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Алға қойған арман-мақсаттарыңыз орындалып, оразадан оразаға аман-есен жете беруімізді Алла нәсіп етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, халқымыздың бірлігі нығайып, берекесі арта бергей! Тәуелсіздігіміз әрқашан баянды болғай! Әумин!

Серікбай қажы ОРАЗ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти