Тараз «Үлкен секіріске» тас-түйін дайын

Тараз «Үлкен секіріске» тас-түйін дайын

Тараз «Үлкен секіріске» тас-түйін дайын
ашық дереккөзі
Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта самарқау күйге түсіп, бұйығы ғана күн кешіп жатқан Жамбыл облысына Асқар Мырзахметов әкім болып келгелі біраз тірлікке жан бітті. Әсіресе, көне шаһар Тараз дүр сілкініп, тотыдай тарануда. Оған қаланың өзіндік кескін-келбетін көркейту, сәулетін қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесі дәлел бола алады. Бүгінде жамбылдықтардың бар әңгімесі облыс орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағының құрылыс жұмыстары. Бірінші кезең бойынша «Ерлік» мемориалдық кешені Ұлы Жеңістің 73 жылдық меркесіне орай  іске қосылып, көпшілік көзайымына айналды. Кешен облыстық драма театрдың маңынан көшіріліп әкелінген батыр Баукеңнің ескерткішімен ерекшелене түсіпті. Ескерткіш алдынан орын тепкен «Мәңгілік алау», «Батырлар аллеясындағы» облыс аумағынан шыққан 48 Кеңес Одағы Батырының есімдері жазылған арнайы тақтайшалар жеке-жеке тұғырға орнатылып, олардың орта тұсына даңқты жауынгерлердің кеудесіндегі «Алтын жұлдыз» медальдарының ұлғайтылған көшірмелерінің ілінуі, «Даңқ аллеясындағы» стеллаларға облыстан сұрапыл соғысқа аттанған 105 мың жауынгердің есімінің қашалып жазылуы саябақтың батыр атамыздың атына сай жаңғыра түскенін айғақтайды. Биіктігі 8 метр, ені 13 метрлік кешеннің екі бас қақпасының мәрмәр, травертин тастарымен қапталып әрленуі не тұрады десеңші... Келесі екі кезең бойынша аталған саябақта соғыс, тыл ардагерлеріне арналған «Даңқ залы» бой көтеріліп, бітімгер-жауынгерлерге арналған мемориал орнатылады, ауған соғысы, Семей ядролық сынақтары және Чернобыль атом электр стансасындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан азаматтарға арналған ескерткіштер бой көтеріп, «Үшбұлақ» каналының бойынан демалушылар үшін жағажай ашылып, веложолдар салынады. Сондай-ақ, суға бірнеше қайықтар жіберіліп, тұрғындардың бір сәт таза ауада тегін тыныстауына мол мүмкіндік жасалмақ. Бұдан бөлек, көне шаһардың Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта да Халық қаһарманының болмыс-бітімін жоғары деңгейде танытата аларлық дәрежеге сай жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Болашақта осы тектес Тұрар Рысқұлов атындағы және «Мамыр», «Химик» саябақтары мен «Атшабар» гүлзарларын қайта жаңғырту жоспарда бар. Жалпы, ұзын ырғасы Тараз қаласындағы барлығы 41 мәдени-демалыс нысанын жаңғырту, жаңадан салу бойынша ауқымды жұмыстар атқару жақын күндердің еншісінде. «Атшабар» гүлзарлары мен темір жол вокзалы алдындағы аллеяны да қайта жаңғыртудың жобасы әзірленген. Негізінен, «Көне Тараз» археологиялық паркі, Қарахан, Айша бибі нысандары біртұтас туристік бағытты құрайтын аумақ болады. Саябақтарды қайта жаңғыртудан бөлек, Тараз қаласында «Салтанат сарайы», «Неке сарайы», «Өлкетану» мұражайы, Көркемсурет галереясы, Қолөнер шеберханасы, «Шахристан» этнотарихи кешенінің, Талас өзенінің бойында демалыс орнының құрылысын жүргізу де жоспарлануда. Бұдан бөлек, қаладағы негізгі көшелерде орналасқан тұрғын үйлердің қасбеттерін әрленіп, шаһарда ақылды аялдамалар, ақылды бағдаршамдар салынбақ. Соның ішінде бүгінде мүлгіген тыныштық құшағына енген бұрынғы «Шахристан» базарының аумағы да тарихи орталыққа айналатын күн алыс емес. Бұл жайында Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі алдын ала жобалау жұыстарын жасап та қойған. Нақты айтқанда, сол маңдағы аумағы 201 гектарды құрайтын орталық аумаққа аталған бөлім тарапынан бас жоспар негізінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы дайындалған. Ондағы негізгі нүкте «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы болып табылады. – Ол жерде Достық үйі, ашық аспан астындағы қазба жұмыстар музейі орналасқан. Негізгі біздің мақсат осы орталық аумақты туристік аумаққа айналдыру. Соның ішінде «Шахристан да» бар. Барлығы 4 гектарды алып жатқан осы «Шахристан» ежелгі Тараздың «Рабад» аумағында орналасқан. Бас жоспар бойынша осы «Рабад» аумағының 2 гектарына «Оқушылар сарайын» салу жоспарланды. Оның айналасы абаттандырылып, көлік, жаяу жүргіншілер жолы салынып, тұрғындардың отырып дем алуына ыңғайлы орындықтар орнатылады. Қалған екі гектар сквер болады. Бұл жер де көпшіліктің серуендеуі үшін қоғамдық орынға айналады. Бұдан бөлек қаланың сәулетін қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан шаруалар жетерлік, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Айдар Молдабаев. Қала көркінен бөлек облыс орталығындағы жер телімдерін беру мен тұрғын-үй нарығында да оң өзгерістер байқалады. Мәселен, Тараз қаласы бойынша жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алуға арнайы кезекте 2005 жылдан бері 68 614 азамат тіркелген. Өткен жылдан бастап Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы жаңа тұрғын алқаптан кезекте тұрған тараздық азаматтарға жер телімінің беріле бастауы олардың өтінішін орындау, тұрғындарды баспанамен қамту жайын біртіндеп шешіле бастады. Жалпы, жаңадан салынып жатқан 15 шағын аудан үшін 362,2 гектар жер телімі бөлінген. Мұнда 280 көп қабатты, 969 жеке тұрғын үйлер және басқада әлеуметтік нысандар бой көтермек. Әзірге 10 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Олар бес қабатты және 5 қабатты 80 пәтерлі. Одан бөлек, осы тұрғынжай үшін 25 жобалық - сметалық құжаттамалар дайындалу үстінде. Оның 14-інің жобалық сметалық құжаты а қарауына ұсынылса, 11-і дайындалуда. Аталған шағын аудандағы Ж.Сабалақов көшесінің бойында «Нұрлы жер» бағдаламасы бойынша 205 тұрғын үйлердің құрылысы басталып қойған. Жалпы, 969 жер телімінің 364- і кезекте тұрған азаматтарға беріледі деп күтілсе, 505-і «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бір типті жеке тұрғын үй салуға бөлінген. Осы 205 жеке тұрғын үйдің аумағы 19,9 гектарды құрайды екен. Осы жылдың жаз айында «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» Арқылы бірқатар тараздықтар қоныс тойын тойламақ. Сондай-ақ, «Хамукат» алқабының 125 гектарында, «Қарасай» алқабының 126,6 гектарында және «Құмшағал-Шалғай Қарасу» алқабының 369 гектарында жалпы 3752 жер телімдерін кезекте тұрған азаматтарға беру жоспарланып отыр екен. Бұл жайында мәлімет берген тараз қалалық тұрғынжай каммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер басқармасы басшы Бақытжан Жақсылықов айтып берді. Бұдан бөлек алдағы уақытта автобекет маңынан да 14 мөлтек ауданының құрылысы салынбақшы. Аймақта жаңа қабылданған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша да 8 бастама айқындалғанын айта кетуіміз керек. Мәселен, облыс орталығындағы Балуан Шолақ-Жібек Жолы, Жібек жолы-Самарқанд, Төле би-әл-Фараби, Абай-Ташкент, Төле би-Аққозиев секілді 5 көшенің қиылысына «ақылды бағдаршамдар» орнатыламақшы. «Аса» шағын ауданындағы 5 ауланы «ақылды жарықтандырумен» қамтамасыз ету, «Е-архитектура» жүйесін қалыптастыру бойынша электронды карта жүйелеу, жолаушылар маршруттарын GPS-навигациялау сайтын жетілдіру «Қауіпсіз Тараз» жобасы аясында қалаға тағы да қосымша бейнебақылау камералары орнату қарастырылуда. Әзірге 178 бейнебақылау құрылғысы орнатылу үстінде. Осы тектес ілкімді істердің қолға алынуы өз қамымыз. Сондықтан, көптің көңіліне қанат бітіретін аталы істі атқаруға келгенде жауапты мекемелер жұмысқа жанын сала кіріссе аз жылда шаһарымыздың шырайы арта түсетіні анық.

Ерсайын Жолдыбек

Жамбыл облысы