Жаңалықтар

Екпе естен тандырғандар

ашық дереккөзі

Екпе естен тандырғандар

Ақпан айында еліміздегі ақ халаттылар тағы да әбігерге түсті. Мектеп оқушылары мен студенттерге жасалған қызылшаға қарсы екпе аурудың алдын алуға түк әсер етпеді. Есесіне, дәрігерлердің жасаған екпесінен кейін емханаға түскен оқушылар қатары күрт артқан. Көңіл қобалжытқан екпені салғызудан бас тартқандар да көбейе түсті. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл екпенің қауіпті болуы мүмкін еместігін айтады. Дегенмен қазақстандық оқушылар мен студенттерге кері әсер еткен екпеге қатысты қазір тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Ем болмаған екпе

Қызылшаға қарсы екпеден кейін ауруханаға түскендердің алғашқы хабары ақпан айының басында Қарағанды облысынан жетті. Теміртау медициналық колледжінің 18 студенті екпеден кейін өздерін жайсыз сезініп, ауруханаға жеткізілген. Қызылшаға қарсы екпе медициналық колледждің 178 студентіне жасалыпты. Ауруханаға түскендердің барлығы – бірінші курстың студенттері. Дәрігерлер екпе жасағаннан кейін, арада 10 минут өткенде студенттердің басы айналып, жүрегі айни бастаған. Тіпті, кейбіреуі есінен танып қалған көрінеді. Екпені қабылдаған өзге 160 студенттің жағдайлары қалыпты. Аяқ астынан орын алған мұндай түсініксіз жайттың себебін анықтау үшін тез арада Қарағанды облысында арнайы тексеру комиссиясы құрылды. Комиссия құрамында денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері де бар. Жергілікті жерде құрылған арнайы комиссияның жүргізген тексеруінің қорытындысы да көп күттірмеді. Қорытынды бойынша, студенттерге егілген дәрі қауіпсіз деп танылды. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін бұл вакцинаға қатысты ешқандай шағым болмаған. Жасөспірімдердің ауруханаға түсу себебін түсіндіруге тырысқан Теміртау медицина колледжінің директоры Светлана Брамонтова: «Балалар бір-біріне қарап осындай жағдайға тап болуы мүмкін. Яғни, біреуінің басы ауырып, оны екінші балаға айтқан. Ал әлгі бала ауруды өзінен де іздей бастаған. Ақырында оның да басы ауырған болуы әбден мүмкін. Балалардың организмін түсіну қиындау», – деп қисынсыздау әңгіме өрбітті. Ол кісінің сөзіне сенсек, ауылдағы бір бала басым ауырды десе, сол ауылдағы барша қарадомалақ бас ауруымен ауруханаға түсіп жүр ме? Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қызылшаға қарсы вакцинаның қауіпсіз екендігін және бұл екпеге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лицензия бергендігін алға тартып отыр. Қарағанды облысында орын алған бұл жағдай бір апта өткенде Маңғыстау тұрғындарының да тынышын қашырды. Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында 34 оқушы қызылшаға қарсы екпені қабылдағаннан кейін ауруханаға жеткізілген. Екпеден кейін қолдары қалтырап, дем жетпей, ауыр жағдайда ауруханаға түскендердің саны әуелі 30 болған. Араға бір күн салып тағы да 4 бала осындай ауру белгілерімен ауруханаға түсті. 15 пен 19 жас аралығындағы жасөспірімдерге салынған екпеден кейін ауруханаға түскен балалардың біреуі бірден жансақтау бөліміне жатқызылған. Іле-шала Астана қаласынан арнайы дәрігерлер шақырылады. Ауруханаға түскен оқушылардың бірі Жадыра Қожаниязова вакцина салған күні сыныбындағы 16 оқушының ауруханаға түскенін айтқан. Ауруханада ем қабылдаған 11-сынып оқушысы Жадыраның жағдайы бір қалыпқа түскен соң, дәрігерлер қызды үйіне жіберіпті. Бірақ ертеңіне Жадыраның аяқ-қолдары қайтадан тартылып, Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізіледі. Ауруханада жатқан Жадыра тағы да есінен танып, неврология бөлімінен жансақтау бөліміне ауыстырылған. Мектеп оқушыларының мұндай белгісіз сырқатқа шалдығуын ата-аналар қызылшаға қарсы екпенің кері әсері екеніне сенімді. Вакцинаның балаларға кері әсер ету себебін анықтау мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанынан құрылған комиссия екпенің дұрыс сақталғанын және егу техникасының бұзылмағанын анықтады. «Екпеден кейін ауруханаға түсетіндердің қатары әлі де өсуі мүмкін. Себебі аурудың реакциялары 5 күнде, тіпті кей адамдарда 10 күнде байқалады. Дәрігерлерге балалардың үйлері мен мектептерде қадағалау жұмыстарын жүргізу тапсырылды», – деп түсініктеме берді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмабек Бисен. Алмабек Бисен мырзаның айтқаны болды. Екпеден кейін естен танған балалар Бейнеу ауданы мен Ақтау қаласында да тіркелді. Кейін Маңғыстау облысында екпеден соң өзін жайсыз сезініп, ауруханаға түскендер саны 59-ға жеткен. Екі апта бойы жалғасқан мұндай жағдай маңғыстаулық ата-аналардың әлі де зәре-құтын қашыруда. Қызылшаға қарсы екпеден келген кесір Атырауға да жетті. Атырауда екпеден кейін жағдайлары нашарлаған сегіз бала бірден жансақтау бөліміне жеткізіліпті. Барлығының екпе салғаннан кейін біраз уақыт өткенде денелері құрысып, қалтырай бастаған. Сонымен қатар, дене қызулары көтеріліп, бастары айналған көрінеді. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы да өңірде орын алған бұл жағдайға байланысты өз жорамалдарын ұсынды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мұндай жағдайдың орын алуына ақ халаттыларды кінәлады. Дәрігерлер екпе салмас бұрын балалардың денсаулық кітапшасына назар да аудармапты. Ақ халаттылардың жауапсыздығынан балалар екпеден кейін осындай жағдайға тап болған деп отыр облыстық денсаулық сақтау басқармасы. Олардың айтуынша, вакцинадан ешқандай қауіп келмеген. «Адам факторы бар. Жұқпалы инфекциямен ауырғанына қарамастан екпе салынған. Астмаға шалдыққан балаларға да вакцина жасалған. Әріптестерімізді жақтап отырған жоқпын. Техникалық бір ақаулар кетті деп ойлаймын», – дейді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина Камелова. Екпеге қатысты елді үрейлендірген жағдай Тараз қаласында да орын алды. Қызылшаға қарсы екпе қабылдағаннан кейінгі үшінші күні есінен танып құлаған қыздың диагнозын дөп басып айта алмаған ақ халаттылар ақыры науқасты психикалық аурулар диспансеріне жіберген. Кеше ғана сап-сау болған баласын жындыханаға жіберуге қимай шырылдаған ана қызын ауруханадан шығарып алып, жеке емдеу орталығы мамандарының көмегіне жүгінеді. Бір апта бойы ауруханада жатып, қалпына келе алмаған қыз үй жағдайындағы емнен кейін лезде есін жиған. Дерттің себебін анықтауға шамасы жетпеген ақ халаттылар жамбылдық қыздың тез арада есін жиғанына аң-таң. Жасөспірімді жындыханадан бір-ақ шығарған дәрігерлер бұл жағдайдың себебін әлі де түсіне алмай дал болуда. Аурухана төсегіне таңылған оқушылар мен студенттер қатары республика бойынша арта бастады. Тіпті, бірі жындыханаға жөнелтілсе, Шымкент қаласының бір тұрғыны екпеден кейін қайтыс болды. Шымкенттік 15 жасар Шахиста Шамшиметова есімді бойжеткенге 18 ақпан күні қызылшаға қарсы екпе жасалған. Ал 22 ақпанда №109 орта мектептің оқушысы Шахиста жағдайы нашарлап, қалалық аурухананың инфекциялық бөлімшесіне жатқызылыпты. 23 ақпан күні сағат 02.15-те жағдайы күрт нашарлаған науқастың жүрегі тоқтап қалды. Шахистаның анасы Шайра Иристемова қызының өмірін қызылшаға қарсы екпе жалмады деп отыр. «Қызым мектептен екпе жасау керек пе деп сұрап жатқандығын айтып келді. Өзінің жөтелі болғандықтан, екпе алма дедім. Мектепке барғанда дәрігерлер вакцинация жасаған», – дейді қызынан айрылған ана. Бұған дейін қатты сырқаттанып көрмеген 15 жасар қыздың қызылшаға қарсы екпеден соң, қан қысымы төмендей бастаған. Анасының айтуынша, ауруханаға араша іздеп барған қызға дәрігерлер дұрыс қарамаған. Ауыр жағдайдағы Шахиста қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне орналастырылды. Сағат сайын жағдайы нашарлай берген науқасты тек соңғы сағаттарда ғана жансақтау бөліміне ауыстырған. Осы жағдайдан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, Ұлттық экономика министрлігінің тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің мамандары және штаттан тыс аллерголог-иммунологтан жасақталған арнайы жұмыс тобы Шымкент қаласына жол тартты. Шымкентке арнайы барған жұмыс тобы қайғылы жағдайға қызылшаға қарсы екпенің еш қатысы жоқ деген қорытынды шығарды. Алдын ала жасалған тексеру бойынша жасөспірім қыздың қайтыс болуына менингокок инфекциясы себеп болғандығы анықталып отыр. «Мәйітке зерттеу жүргізілді. Алғашқы болжам бойынша, минингокок инфекциясы диагнозы қойылып отыр. Бұл вирусты емес, бактериалды инфекция. Мұндай ауруға жылына 20 науқас шалдығады. Соның 15-ке жуығы көз жұмады», – дейді ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің департамент директоры Гүлнар Құлқаева. Ал 15 жасар Шахиста Шамшиметованың анасына жыл сайын 15 адамның көз жұматыны да жұбату бола ала ма? Бүйтіп жұбатқаны бар болсын... қызылшаға қарсы екпенің еліміз бо­йынша осыншама кері әсері болғанын біле тұра, дәрігерлер неге сылтау іздей береді?

Қауіп үнді дәрісінен келген жоқ па?

Күллі республикада байқалған екпеден кейінгі реакцияға қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп, соңында Қазақстанда қызылшаға қарсы екпені тоқтату туралы шешім қабылданды. Әрине, екпені тоқтатуға Теміртау мен Жаңаөзен қалаларында орын алған жағымсыз жағдайдың тіркелуі әсер еткен. Мұндай шешімді Қазақстанның мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мырза қабылдады. Бас санитардың шығарған қаулысы бойынша, елімізде екпе наурыз айының екісіне дейін тоқтатылған. Осы уақыт аралығында тергеу амалдары жүргізіліп, вакцинаға Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық экспертиза орталығы зерттеу жасайтын болады. Егер мамандар дәріден кінәрат таппаса, вакцинация қайта жалғаспақ. Ал екпеден соң есеңгіреген балалардың денсаулығының бүлінуіне не себеп? Елдің құтын қашырған дәрінің сапасында мін бар ма? Бұл мәселеге жауапты кімдер? Бұл екпе Қазақстанға қайдан келді? Сансыз көп сауалдың нақты жауабын беретін жан әлі де табылған жоқ. Бір ай бойы қазақстандықтарды әбігерге салған екпе Үндістаннан жеткізілген. Үндістанның «State Serum Institute» компаниясынан сатып алынған қызылшаға қарсы моновалентті тірі екпені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдері қауіпсіз және тиімді деп есептейді. Бұл вакцина 1993 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында алдын ала біліктіліктен өткен. Әуелі 39 елде тіркелген екпе ЮНИСЕФ желісі арқылы соңғы жылдар ішінде Ұлыбритания, Швейцария және Нидерланды сияқты әлемнің 45 елінде қолданылған. «State Serum Institute» – жұқпалы ауруларға қарсы вакцина әзірлейтін әлемдегі №1 компания. Дүние жүзіндегі балалардың 65 пайызға жуығы «State Serum Institute» компаниясы өндірген екпені қабылдайды екен. Компания ең алғаш 1966 жылы құрылған. «State Serum Institute»-тің өндірген вакциналары бүгінге дейін миллиондаған адамның өмірін сақтап қалған көрінеді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі «Үнді вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеуге алған. Біз тағы бір рет тексеріп көреміз. Соның нәтижесіне қарай шешім қабылдаймыз» деп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балаларда тіркелген бас айналу, талып қалу, бас ауыру сынды уақытша ауру белгілері иммундауға қатысты алаңдаушылық реакциясы ғана екендігін алға тартуда. Денсаулық сақтау министрлігінің таратқан хабарламасында: «Осы жылғы 19 ақпандағы жағдай бойынша, елімізде 15-19 жас аралығындағы 500 мыңдай адамға екпе жасалды. Солардың ішінде бүгінгі күнге дейін Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында жалпы 120-ға жуық адам бас айналу, бас ауыру, аяқ-қолының ұюы, дене қызуының көтерілуі сияқты шағымдармен дәрігерлерге хабарласқан. Көп жағдайда олардың иммундау шарасына қатысы жоқ, жасөспірімдерге тән психиэмоционалдық тұрақсыздықты есепке алғанда жеке сезімталдықтың көрінісі ретінде бағаланып отыр», – деп көрсетілген. Бүгінге дейін қызылшаға қарсы екпенің әсерінен денсаулығы нашарлағандар жалпы екпе жасағандар санының 0,02 пайызына тең. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сүйенсек, мұндай жағдайлар 15 пайызға дейін жетуі ықтимал. Қызылшаға қарсы екпе ондаған жылдар бойы бүкіл әлемде табысты қолданылып келеді және бұл вакцинадан еш қауіп болмаған. 2000 жылдан бері бұл екпені пайдалану әлемде 15 миллиондай адамның өмірін сақтауға мүмкіндік беріпті. Қазақстанда соңғы рет қосымша иммундау шарасы осыдан 10 жыл бұрын жүргізілген. 2005-2006 жылдары елімізде жасалған екпе республикадағы қызылшамен сырқаттанушылықты төмендетуге септігін тигізді. 2006 жылы қызылша дертіне қарсы ем қабылдағандар арасында мұндай оқыс жағдай тіркелмеген көрінеді. Осыдан бірнеше жылға кері шегінсек, нақтырақ айтқанда, 2008 жылы Украинаның Донецк облысында жаппай екпеден 100-ге жуық жасөспірім уланып, біреуі қайтыс болған еді. Сол кезде украиндықтар мұндай қайғылы жағдайға себеп болуы мүмкін деп көрсеткен компания – «State Serum Institute» болатын. Алайда ол уақытта бұл вакцина таб­летка ретінде қолданылған. Қазір Қазақстанда дауға айналып жүрген вакцина құтыда, сондай-ақ, қазіргі препараттың құрамы мүлде бөлек көрінеді. Қазақстанда орын алған жағдайдан Үндістандағы «State Serum Institute» компаниясы да хабардар екен. Үнділік компания өкілдері әр баланың жағдайын жеке зерттеу қажеттігін алға тартуда. Себебі вакцинаның әр балаға әсері әр түрлі болуы мүмкін. Бүкіл елді аяғынан тік тұрғызған қызыл­шаға қарсы екпе қазір сараптамадан өткізіліп жатыр. Осыған орай, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев вакцинаны сапалы сараптамадан өткізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Вице-премьер Үкімет үйінде екпе жүргізу басталғаннан кейін елде қалыптасқан жағдайды саралау үшін арнайы селекторлық кеңес өткізді. Селекторлық кеңеске министрліктер, ведомстволар, жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысқан. Кеңес барысында 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдерді қосымша иммундеу үшін қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды есепке алып, қызылшаға қарсы 1 миллион доза моновакцина сатып алынғандығы айтылды. Ал 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдерді таңдау осы жастағылардың қызылшаны жұқтыру көрсеткішінің жоғары болуына байланыс­ты екен. Республикада егілуі тиіс 881 мың баланың 59,4 пайызы вакцина қабылдаған. Алғашқы тексерудің нәтижесі көп жағдайда балалардың шағымдары олардың екпеге жеке сезімталдығына байланысты деген қорытынды көрсетіпті. Еліміздің барлық өңірлерінде арнайы жұмыс тобы екпенің қандай жағдайларда салынып жатқандығын тексеруге кірісіп кетті. Кей жерлерде екпе салған дәрігерлер бөлменің қалыпты температурасын сақтамаған, кей жерлерде дәрігерлер арнайы қолғап кимеген деген де деректер қылаң беруде. Препараттың сапасына күдік келтіретіндер де жоқ емес. Көптің көңіліне күдік ұялатқан вакцина мәселесі депутаттарды да бейжай қалдырмады. «Ақ жол» фракциясының депутаттары атынан Меруерт Қазбекова ҚР Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. Елде екпеден кейін орын алған келеңсіздіктерді мәлімдей келе, депутаттық сауалда тұрғындардың қызылшаға қарсы вакцинаны егу үшін, жақпаушылық болатыны жайлы хабардар етілмегені туралы ескерткен. «Бүгін қызылшаға қарсы вакцинация жасау кезінде жақпаушылықтар және жанама салдардың болуы туралы хабарлауға не кедергі болып тұр? Барлық адамдар, соның ішінде біз де, өзіміздің жақындарымызды жаман аурулардан сақтап қалғымыз келеді. Бірақ бұны жақсылап зерттелген, ең бастысы, қауіпсіз дәрі-дәрмектермен жасау керек. Біз вакцинация жасау кезінде ата-аналарға, жанама белгілердің қатерлерін қоса алғанда толық ақпарат берілуі тиіс екендігіне сенімдіміз. Сонымен бірге уәкілетті мемлекеттік орган ата-аналарға вакцинацияның жағымсыз салдарының болуы мүмкін екендігі туралы ескерте отырып, шешімді саналы түрде таңдау еркіндігін қамтамасыз етуге міндетті. Жоғарыда баяндалғандарға байланысты, Сізден, құрметті Кәрім Қажымқанұлы, бақылауды күшейту бо­йынша шаралар қабылдауыңызды сұраймыз», делінген депутаттық сауалда. Оқушылар мен студенттерді сұлатып түсірген екпе дауына қатысты ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова соңғы сәтке дейін ешқандай мәлімдеме жасамады. Жағдайды үнсіз бақы­лаған ведомство басшысы ақпан айының соңында ғана даулы мәселеге араласты. Қазақстандықтардың күткені де Тамара Дүйсенова ханымның айтар шешімі еді. Бірақ министр ханым аса маңызды мәлімдеме жасай қоймады. Ата-аналардың күмәнді вакцинаны мүлдем тоқтату туралы шағымына қатысты ешнәрсе айта алмаған денсаулық сақтау министрі екпеге қатысты шешімнің сараптамадан кейін ғана қабылданатынын айтты. Еліміз­дің бас дәрігері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «препарат қауіпсіз» деген уәжімен келісіп отырған сыңайлы. Екпеден соң жүздеген баланың аурухана төсегінен табылуының сыры неде? Мұны жай ғана сәйкестік деуге болмас. Екпе салмай тұрып, ақ халаттылар неге балаларды тексеруден өткізбеген? Соңғы уақытта ақ халаттылар неге антына адал бола алмай жүр?

Инеден қорқатындар көбейген бе?

Қызылшаға қарсы екпеге қатысты дау­лы мәселеге жауап беруге тиісті ведомство басшысы тым кеш араласып, екпеге қатысты нақты ешнәрсе айта алмады. Десек те, жұрт қорытынды шешім шығатын екінші наурызды асыға күткен. Бұл уақыт та көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Министрліктің шығарған қорытындысы көпшілікті аса қатты қуанта қоймады. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қызылшаға қарсы вакцинаға шаң жуытар емес. Есесіне, оқушылардың жаппай сырқаттануына не себеп болғандығын жариялады. Аталған ведомство өкілдерінің сөзіне сенсек, балалар инені көргеннен шошып, есінен танып қалған. Яғни, вакцинаның еш зияны болмапты. «Ауырған балалардың 90-ға жуығын тексердік, сырқат себебін де анықтадық. Вакцинаның еш қатысы жоқ. Балалар инені көріп, шошып қалған. Ал дәріден ешқандай кінәрат таппадық», – деді ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің департамент директоры Гүлнар Құлқаева. Үндістаннан әкелінген екпеден еш кемшілік таппаған басшылар вакцинаға қайта рұқсат беріп, тіпті, балаларына екпе салудан бас тартқан ата-аналарды да жазаға тартуды көздеген секілді. Ақ халаттылар мен халық қалаулылары балаларын вакциналаудан діни себептерге байланысты бас тартып жатқандардың көптігін айтып дабыл қаққан. Сондықтан «ҚР Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар ендіру туралы» Заң жобасын талқылау барысында ҚР Парламенті сенатының депутаттары балаларына вакцина жасаудан бас тартқан ата-аналарды жауапқа тарту туралы ұсыныс жасаған. Өз кезегінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова қолға алынып жатқан заң жобасында профилактикалық екпелердің міндетті болуын қарастыратындығын немесе екпе жасалмаған балаларды мектепке, балабақшаға қабылдамау жайлы жаңа тармақ қосатындығын айтып өтті. Ал бұл мәселені қарастыруға біраз уақыт қажет екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Олег Бенеш те қызылша екпесінен болған жағдайға қатысты ортақ пайымға келу үшін уақыт керек екендігін айтқан Маңғыстау облыстық әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында. Вакцинаға қатысты нақты пікір білдіруден мамандар да бас тартты. Олар да министрліктің соңғы қорытындысын күтуде. Өйткені үнділік препаратқа шаң жуытпай отырған шенділер енді екпе жұмыстарын 4-ші мамырға дейін тоқтатты. Мамыр айына дейін отандық және шетелдік мамандардан құрылған арнайы комиссия үнділік препаратты тағы да зерттейтін болады. Сондықтан біз осы мәселеге қатысты ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова ханымға және ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин мырзаға хат жолдадық: «Елімізде орын алған қызылшаға қарсы екпеге қатысты жағдайдың көпшілікті алаңдатқаны белгілі. Вакцинаның оқушылар мен студенттерге кері әсер ету себебін мамандар нақты айта алмады. Бұған не себеп? Екпе жұмыстары екінші наурызға дейін тоқтатылғанымен, вакцинаға қатысты зерттеу қорытындысы, тергеу нәтижесі жарияланбаған. Препаратты зерттеу жұмыстары неге ұзаққа созылуда? Балаларына екпе жасаудан бас тартқан ата-аналарды жауапқа тарту туралы сенат депутаттары ұсыныс жасап отыр. Бұл қаншалықты қисынды? Заңға қайшы емес пе? Үндістанда өндірілген вакцинаны Қазақстанға Кімдер және қалай жеткізді?». Олардың біз жолдаған хатқа қашан жауап беретіні әзірге беймәлім. Бізге басшылардың жауабын күткеннен, ал қарапайым халыққа әліптің артын баққаннан өзге амал жоқ.