Жаңалықтар

Шаңырақ неге шайқалады?

ашық дереккөзі

Шаңырақ неге шайқалады?

Отбасы – мемлекеттің іргетасы. Сол іргетасты дұрыс қалау өзіміздің қолымызда. Бірақ бүгінгі күні қоғамда отбасын құрып, шаңырақ көтергендерден, ажырасып кететін отбасылардың қатары көбейіп кеткен. Елімізде бір жылдың ішінде шаңырақ көтерген отбасылардың үштен бірі ажырасып кетеді екен. Қазақ жастарының табиғатымызда жоқ мұндай қадамға жиі баруына не себеп болды? Еліміздегі некенің баянсыз болып, шаңырақтарының шайқалуына не түрткі?

Жалпы, ислам дінінде отбасылардың әрқашанда бақытты болуын тілеп, олардың бұзылмауына, шаңырақтарының шайқалмауына баса назар аударады. Отбасылардың жиі ажырасуына түрлі себептер бар, барлығының шешімін бір жерден ғана іздей алмаймыз. Көпшілік шаңырақтың шайқалуына ер мен әйелдің өзара түсінісе алмауы себеп болады дегенді алға тартады. Ал өзара түсіністік қалыптастыру үшін не істеу керек? Олар неге өзара түсінісе алмайды? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік пе? Ерте заманнан-ақ қазақ қыз баланы ерінің ақылшысы, қолдаушысы болуға үйреткен. Қазақ ешқашан қызына азаматтың алдына шығып, шешім қабылдауға баулымаған. Бұл – шындық. Біз – ер азаматын сыйлаған қазақпыз. Ал бүгінгі қыздар әжелерінен, аналарынан қалған осы қалыпты сақтай алды ма? Әрине, бүгінгі заман басқа, қоғам өзгерді. Мұның бәрі түсінікті. Алайда қоғам өзгергенмен, қазақылықты өзгертуге болмайды. Бүгінде қыздардың барлығы табыс табуды, ерлерден қалыспай жүріп-тұруды қалайды. Бұл – ақылды әйелдің әрекеті емес.

«Жақсы әйел ерінің басын төрге сүйрейді, жаман әйел көрге сүйрейді» деген сөз тегін айтылмаса керек-ті. Ал бүгінгі ер азаматтардың енжарлықтан, бос сөз бен күлкіден, жүріс-тұрыстан арылғаны абзал. Әрбір отбасында ер мен әйелдің өзінің атқаратын міндеттері бар. Бұл біздің дінімізде де айтылған. Олар әрқайсысы өзіне артылған міндетті жауапкершілікпен атқарып, ері әйелінің, әйелі ерінің құқықтарына құрметпен қараса, қазақ қоғамында мұндай мәселе туындамас еді.

«Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөздің астарында шындық бар. Кез келген ата-ана баласы үшін отыз күн ойын, қырық күн тойын дүбірлетіп жасап береді. Бірақ... Бірнеше ай немесе жыл өткеннен кейін сол отбасының шырқы бұзылады. Неге? Өйткені ол жастар «отбасы» деген  ұғымның аса құнды, қасиетті екенін түсінбейді де, әр қадам басқан сайын жаңылыса береді. Ең өкініштісі, мұндай қадамға баратындардың иманы әлсіз, санасы саяз. Мені қатты қынжылтатыны, бүгінгі қоғамда «ажырасып кетіпті» деген сөз күнделікті әңгімеге, үйреншікті жайтқа, сүйегімізге сіңген салтқа  айналған. Әлгі жаһандану деген үдерістің бізге берген басты кесапаты осы ма деп ойлаймын кейде.

Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген даналық сөз бар. Бұл дегеніміз – мықты мемлекеттің іргесі бірлігі жарасқан отбасылардан құралады деген сөз. Ал бүгінгі күні кеше ғана іргесін көтерген отбасылар ертең ажырасып, шаңырақтарын шайқалтып жатса, келешегіміз қалай кемел болмақ? Мұндай жағдайда отырып қалай ғана іргесі берік қоғам құра аламыз? Осыны ойланып көрдің бе, қазақ баласы?