Митингті кім ұйымдастырды?

Митингті кім ұйымдастырды?

Митингті кім ұйымдастырды?
ашық дереккөзі
Шетелде тұратын банкир, Астана билігін сынаушы Мұхтар Әблязов 10 мамырда Қазақстанның бірқатар қалаларында өткен заңсыз наразылық акцияларын өзі ұйымдастырғанын мәлімдеді. Азаттық тілшісінің "Бүгінгі наразылықтарға қатысыңыз бар ма?" деген сауалына Әблязов Желідегі мессенджер арқылы: "Сіздер қызық сұрақ қоясыздар. Елдегі митингтердің барлығын мен ұйымдастырдым" деп жауап берді. 10 мамырда Астанада, Алматыда, Оралда, Ақтөбеде, Атырауда, Семей мен Шымкентте рұқсат етілмеген наразылық акциялары өтті. Митингке қатысушылар "саяси тұтқындарды босатуды", "азаптауды доғаруды" талап етті, сонымен бірге елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына алаңдаушылық білдірді. Наразылық акциялары кезінде ондаған адам ұсталды. Халықты бейбіт наразылық акциясына шығуға Әблязов шақырған. Дәл осы күні Қазақстанға Еуропалық парламенттің ресми миссиясы келген. Миссия Қазақстан мен ЕО арасындағы әріптестік туралы келісімнің орындалуына баға береді. Бұл күні Алматы мен Астанада полиция қызметкерлерінің саны акцияға қатысушылардан көп болмаса, аз болған жоқ. Алматы қаласында кем дегенде 80 адамды полиция ұстады. Астанада жиналған жүзге жуық адамның көбісін полиция автобуспен бөлімшеге алып кеткен. Аймақтардағы акцияларға адам аз жиналған, бірақ оларды да полиция ұстаған. Мұхтар Әблязовты Қазақстан билігі БТА Банктің миллиардтаған қаражатын ұрлады, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп айыптаған. Әблязов бұл айыптаулардың барлығын жоққа шығарды. 2016 жылдың аяғында Франция билігі Әблязовты Ресей мен Украина билігіне ұстап беруден бас тартты (Қазақстанның Франциямен күдікті алмасу туралы келісімі жоқ).