Жаңалықтар

Алматы мен Бейжің: жеңімпаз екі күннен соң анықталады

ашық дереккөзі

Алматы мен Бейжің: жеңімпаз екі күннен соң анықталады

2022 жылғы XXIV қысқы Олимпиада ойындарының қай қалада өтетіні белгілі болатын күн таяу. Екі күннен соң, яғни 31 шілдеде 31 шілдеде Малайзияның Куала-Лумпур қаласында ХОК 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге Алматы мен Бейжіңнің қайсысы лайық екені шешілмек. Айтулы доданың елімізде өткенін қалайтын қазақстандықтар сол күнді асыға күтуде. 2022 жылғы Олимпиаданы өткізуге басты үміткер ретінде тіркелген Алматы қаласының жеңімпаз атануға мүмкіндігі зор. Бірақ Қытай астанасы Бейжіңнің де күші кем емес. Сондықтан тартысты таластың нәтижесін тап басып болжай мүмкін болмай тұр. Әлемдік маңызға ие айтулы спорт додасын өткізу үшін әуел баста әлемнің оншақты елі өз өтініштерін білдірген. Алайда, уақыт өте келе көпшілігі өтінімдерін кері қайтарып алды. Соңында екі қала – Алматы мен Бейжің қалалары үміткер ретінде қалды. Қарсыласымыз осал қала емес екені айтпасақ та белгілі. Олар 2008 жылы жазғы Олимпиада ойындарын өткізді. Жазғы Олимпиада өткізуге мүмкіндігі болған елдің қысқы Олимпиаданы өткізуге де қауқары жететіні анық. Бірақ, Алматы да барлық талаптарға сақадай-сай деуге болады. Кімнің бабы, кімнің бағы шабатынын екі күннен соң білетін боламыз. Алматының жеңісі үшін тақым қысатындар 31 шілде күні сағат 15:00-де Алматыдағы Абай алаңында бас қоспақ. Сол жерде Куала-Лумпурда өтетін Халықаралық Олимпиада Комитетінің сессиясының тікелей көрсетілімі ұйымдастырылады. Алматыны қолдау үшін еліміздің көптеген танымал спортшылары Малайзияға аттанып та үлгерді. Олардың қатарында бокстан Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбырайымов, Серік Сәпиев және конькиден әлем чемпионы Денис Кузин, Сочидегі қысқы Олимпиаданың жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, танымал волейболшы Сабина Алтынбекова және тағы басқа белгілі спортшылар бар. Ару қаламызға сәттілік серік болсын!