Жаңалықтар

Алтын құрсақты ана төлқұжатсыз жүр

ашық дереккөзі

Алтын құрсақты ана төлқұжатсыз жүр

Павлодар қаласының 57 жастағы тұрғыны 20 жылдан бері төлқұжатсыз жүр, деп хабарлайды Bnews.kz. Алты баланың анасы Лидия Төлеубаева құжатының болмауы салдарынан «Күміс алқадан» қағылған.

Көп балалы ана 1977 жылы азаматтық парызын өтеп жүрген Байзолла Төлеубаевпен бас құрап, Ресей Федерациясы Бурятия Республикасынан келіпті. Алайда 1988 жылы отбасылық жағдайына байланысты туған жеріне оралады. Араға жылдар салып Қазақстанға қайта көшіп келген. Алтын құрсақты ана Лидия Төлеубаеваның мүмкіндігі шектеулі, өйткені өздігінен жүре алмайды. 1996 жылдан бері арбаға таңулы. Мүгедек жан жеке басын куәландыратын құжаты болмағандықтан алты баланы дүниеге әкелгені үшін берілетін «Күміс алқаны» ала алмай мемлекет тарапынан тиесілі барлық жәрдемақы мен зейнетақыдан құралақан қалып отыр. Әйтпесе мүмкіндігі шектеулі адамға ол да әжептеуір көмек болар еді. «Тәуелсіздік алған жылдары балалармен жүріп, құжаттарды жасауға жағдайым болмады. Тұрғылықты мекенжай бойынша анықтама, тағы басқа құжаттар қажет болды. Содан бері Ресейге бірнеше рет ресми өтініш жібердік. Шыны керек, басар тауым, барар жерім қалмады. Түрлі мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырдым. Менің бар-жоғымды, өзімінің Қазақстан Республикасының азаматшасы екенімді дәлелдей алмай жүргеніме қанша жыл өтті. Кезбелерге де құжатты тез жасап береді емес пе?» - дейді Л. Төлеубаева. Лидия Төлеубаеваның айтуынша, 2012 жылы Ресей Федерациясына жолдаған хаттың жауабы келген. Алайда Ресей елінің Қазақстандағы елшілігіндегі астаналық мамандар ұзақ жылдар күткен құжаттың жауабын жоғалтып алған. Қызы Арай Төлеубаева ай сайын көрші елге телефон шалып, жауабын күтіп сарылуда.«Анамның қолындағы құжатта оның Қазақстан Республикасының азаматшасы екені жазылған. Облыстық халыққа қызмет көрсету орталығы мен қалалық әкімдіктің табалдырығын талай рет тоздырғанымызбен мардымды жауап ала алмадық», - дейді А.Төлеубаева. Кеңес Одағынан қалған қызыл төлқұжатпен жүрген әйел санда да, санатта да жоқ екеніне қынжылады. Әлі қанша сабылатыны беймәлім.