Қазақтың «алтын баласы»

Қазақтың «алтын баласы»

Қазақтың «алтын баласы»
ашық дереккөзі
Рио-де Жанейро олимпиадасының алтын медаль иегері Данияр Елеусінов Нью-Йорк қаласындағы «Barclays Center» аренасында кәсіпқой бокстан шаршы алаңдағы алғашқы жекпе-жегін абыроймен өткізді. Ол алдын-ала жоспарлаған жекпе-жегін 6 раундқа жеткізбей, техникалық нокаутпен аяқтады. Қазақ бәйгеге жаратылған тұлпарын көкпарға салмас болар. Дегенмен  Данияр Елеусінов боксшы алуы тиіс барлық жүлдеге қол жеткізді. Шаршы алаңға алшаңдай басып, бокс әлеміне жеке дара келген алаш баласын «менмін» деген промоутерлер де көзге ілмей қалуы екіталай. Данияр елеусіз қалатын қатардағы боксшы емес. Ол кәсіпқой бокстағы төрт белбеудің барлығын иемденуге белді бекем буған. Оның кәсіпқой бокстағы тұңғыш жекпе-жегі 29 сәуір күні өтті. Қарсыласы 23 жастағы америкалық боксшы – Ноа Кидд. Кәсіпқой бокста тәй-тәй басып келе жатқандардың қатарынан. Төрт кездесу өткізіп, үшеуінде жеңіске жетсе, біреуінде тең түскен. Ол соңғы жекпе-жегін өткен жылдың желтоқсан айында өткізіп, қарсыласын техникалық нокаутпен жеңген. Елеусінов пен Кидтің жекпе-жегі алдын ала мәлімет бойынша 6 раундқа жоспарланған еді. Әуесқой бокспен салыстырғанда кәсіпқой бокстағы рейтингте тез көтерілу үшін раунд саны маңызды. Елеусіновтің алғашқы қадамы үшін 6 раундтық айқас жақсы көрсеткіш. Дегенмен бір жарым жылда кәсіпқой бокстың қыры мен сырын терең меңгеріп үлгере қоймаған Данияр үшін  6 раундта үлкен қиындық туғызуы мүмкін. Алаңға шығуға алдын ала дайындық жүргізген Данияр Елеусінов: «Шынымды айтсам, қарсыласым туралы толық білмеймін. Өйткені ол туралы интернетте ақпараттар өте аз. Оның бұған дейінгі жекпе-жектерінің тек видео үзіндісін қарап шықтым. Байқағанымдай, ол оң қолымен көп соққы жасайды екен және стилі де түсініксіз. Десе де, қарсыласым жоғары деңгейдегі боксшы деп айта алмаймын. Себебі кәсіпқой бокстағы алғашқы айқасқа жоғары деңгейдегі қарсыласты таңдамайды ғой. Бірақ сонда да сақ болған жөн. Жекпе-жек тағдырын бір соққы шешіп кетуі де әбден мүмкін. Осыған байланысты әкем екеуміз жекпе-жекке бірнеше жоспар құрып қойдық. Бұйырса, жеңіске жету үшін бар күшімді, тәжірибемді қолданатын боламын», – деген еді. Сонымен қатар Ноа Кидд те жерлесіміз туралы өз ойын жеткізді. «Мен бұған дейін Елеусіновті білген емеспін. Қарсыласым атанған соң ол туралы мәлімет іздей бастадым. Меніңше, ол өте мықты боксшы. Рингте өзін еркін сезініп, аяқты өте жылдам қимылдатып, күтпеген жерден соққы жұмсайтыны бар екен. Оның бірнеше жекпе-жегін көрген соң осындай ой түйдім. Сонымен қатар ол өте ашық жүретін боксшы екенін де байқадым. Оның бұл кемшілігі, маған қолайлы мүмкіндік. Сондықтан оны жеңуге болады-ау деген бірнеше жоспар түзіп, дайындап қойдым» деген. Өткен аптада АҚШ-та Данияр БАҚ өкілдеріне алғашқы жаттығу жиынын өткізді. Жиында отандасымыздың промоутері Эдди Хирн да келіп, Даниярды WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкинмен салыстырып, журналистерге: «Сіздер мына жігіттің қаншалықты дарынды екенін білмейсіздер. Ол келесі Геннадий Головкин емес, ол – Данияр Елеусінов. Бұл жігіт – Қазақстанның «алтын баласы». Ол ерекше дарынды, ол орта салмақтағы әлем чемпионы болады», – деп пікір білдірді.  Эддидің әкесі Барри Хирн «Matchroom Sport» промоутерлік компаниясының негізін қалаушы, біраз уақыт өзі басқарған. Кейінірек ол   промоутерлік компаниясының тізгінін ұлына береді. Осыдан соң Эдди бірнеше талантты боксшылармен келісімшартқа отырып, Ұлыбританияда бүкіл бокс пен жарнама аудиториясын өзіне тарта бастайды. Бұл кезде Ұлыбританияда әйгілі Рикки Хаттонның промоутері болған Фрэнк Уорреннің дәуірі жүріп тұрған кез болатын. Осыдан соң екі промоутер арасында бәсекелестік басталады. Бүгінде ол – Энтони Джошуадан бастап, Дэниел Джейкобс, Тайсон Фьюрри, Келл Брук сынды жігіттерді жетелеп жүрген промоутер. Тіпті, жерлесіміз Жанат Жақияновтың бар белбеуін тартып алған Райан Барнетт те осы промоутердің боксшысы. Енді Данияр Елеусіновті үкілеп отырмыз. Кәсіпқой боксқа ауысқан өзге қазақстандық боксшыларға қарағанда Елеусінов кәсіпқой бокс әлемінде өте танымал және абыройлы промоутермен келісімшартқа отырды. Хош, сонымен дебюттік кездесуін  Данияр 3 раундта нокаутпен аяқтады.  Екінші нокдаунттан кейін рефери есеп ашып, техникалық нокаутпен Елеусіновке жеңісті берді. Ноа Кидд осыған дейін өткізген төрт жекпе-жегінде де жеңілмеген еді, бұл оның алғашқы жеңілісі.

Дарын ҚҰРМАНҚҰЛ