Жұмыссыздықпен күрес күшейе түсті

Жұмыссыздықпен күрес күшейе түсті

Жұмыссыздықпен күрес күшейе түсті
ашық дереккөзі
Қазақстанда «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы 2017 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Бағдарлама үш бағыт бойынша жұмыс жасайды. Бірінші – бағдарлама қатысушыларын техникалық және кәсіби біліммен, қысқа мерзімді оқумен қамтамасыз ету. Екінші – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Үшінші – еңбек нарығын халықты жұмыспен қамту арқылы дамыту. Өткен жылы бастау алған бағдарлама тиісінше жүзеге асуда. Алматы қаласы бойынша 2017 жылы жұмыссыздарға және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға шағын несие беру үшін бюджеттен 662 млн теңге қаражат бөлінген. Бұл қаражат несие алу үшін 43 адамға берілді. Сонымен қатар оқуға түсе алмаған 2500 мектеп түлектеріне тегін кәсіби техникалық білім беру үшін және 3004 жұмыссызды қысқа мерзімді оқуға жіберуге жұмсалған. Былтыр 34 708 адам жұмыспен қамтылса, оның 4060-ы уақытша жұмыспен қамтылды, 15 374-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Ең төменгі күн көріс деңгейі 40 пайыздан 50 пайызға өскен. Биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек жаңа тәртіпке ауысты. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті жүзеге асыру бағдарламасы үш бағытта жұмыс істеп келеді. Бұл туралы Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мейіржан Отыншиев мәлімдеді. Оның айтуынша, әлеуметтік төлемдер үш түрге бөлінеді. Олар: – Көп балалы жанұяларға мемлекеттік жәрдемақы; – 18 жасқа дейінгі балаларға мемлекеттік жәрдемақы; – Атаулы әлеуметтік көмек. Атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз болып бөлінеді. Шартсыз қаржылай көмекті отбасында еңбекке жарамды тұлғалар жоқ болған жағдайда ғана алады. Ал шартты түрде қаржылай көмекке отбасы мүшелерінің жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талабы қойылғандар қол жеткізеді. Демек, шартсыз қаржылай көмек мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. 1 қаңтардан бастап бұған қала бойынша 287 отбасы тіркелген. Атаулы әлеуметтік көмек бойынша, мемлекеттен қаржылай көмек әр отбасыға алты айға 30 мың теңге көлемінде төленеді. Жұмыспен қамту әлеуметтік кө­мек алушылардың жұмыс іздеуіне, азамат­тар­дың ел экономикасына үлес қосып, әл-ауқатын көтеруіне ықпал жасайды. Жұмыс іздеуші азамат жергілікті ХҚКО-ның жұмыспен қамту бөліміне келіп, ма­мандық бойынша қызметке орналаса алады.  

Дарын ҚҰРМАНҚҰЛ