Шағын кәсібі шырайланған аудан

Шағын кәсібі шырайланған аудан

Шағын кәсібі шырайланған аудан
ашық дереккөзі
Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің қазіргі 20 пайызы орнына кемінде 50 пайызын өндіретін болады. Еңбек өнімділігін 5 есеге – қазіргі 24,5 мыңнан 126 мың долларға дейін арттыру керек. Әлеуметтік саланы дамытудың 2050 жылға дейін басты бағдарлары нақты индикативті цифрларда көрсетілген. Біз ішкі жалпы өнім көлемін жан басына шаққанда 4,5 есе – 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін арттыруымыз керек. Қазақстан халық құрылымында орта тап үлесі басым елге айналады. Урбанизацияның жаһандық үрдісіне орай қалалық тұрғындар үлесі барлық халықтың қазіргі 55 пайызынан 70 пайыздай деңгейге дейін өседі. Қазақстанның қалалары мен елді мекендерін сапалы жолдар мен көліктің барлық түрінің жүрдек бағыттары байланыстырады», – деп атап көрсеткені белгілі. Сондықтан республикамыздың жер-жерінде Елбасы Жолдауы, Үкімет бағдарламаларын орындау барысы тиянақты жүргізілуде. Атап өтер болсақ, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында шағын және орта бизнес саласы қазіргі кезеңде жандана түсуде. Оңтүстіктегі халқы тығыз орналасқан елді мекенде 11 ауылдық округі бар. Бұл аймақта 206 мыңнан астам халық тұрып жатыр. Ауданның шағын және орта бизнес саласында қазіргі таңда 25 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл аудан халқының 12,5 пайызы осы салада жұмыспен қамтылып отырғанын көрсетеді. Соңғы нәтижелерге назар аударар болсақ, аудан бойынша белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің саны 13 703-ке жетіп, 5,7 пайызға өскен. Шағын және орта кәсіпкерлердің өндірген өнімі 84,2 млрд теңгені құрап, өсім 4,5 пайызға жетіп отыр. Әрине, кәсіпкерлік саласы бірден жанданып кете қоймайды. Ол үшін алдымен қаржы керек екені белгілі. Бұл орайда өткен жылы микрокредиттік ұйымдар арқылы 9273 адамға 5 млрд 141,5 млн теңге несие берілді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 17 жоба қолдау тапты. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 2017 жылы 253 адам оқытылып, оның ішінде 193 адам өзінің бизнесін ашты. Арнайы курстарда оқытылған 19 жеке кәсіпкерге 68,5 млн теңге көлемінде шағын несие берілді. Өнеркәсіп өндірісі бойынша ауданның үлесі облыс көлемінде қомақты. Жалпы көрсеткіш бойынша аудан үшінші орында тұр. 2017 жылы 36,1 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 31,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген.        Атап айтар болсақ, өнеркәсіп саласы қазіргі уақытта екі бағытта дамуда. Бірінші бағыт – аудан өнеркәсібінің 86,6 пайызын өңдеу өнеркәсібі құрайды. Бұл орайда жаңа кәсіпорындар ашу, жұмыс істеп тұрған қуаттарды кеңейту есебінен өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі артып, өсім 27,4 пайызға жетті. Нақты айтар болсақ, басымдық шикізаттық емес сектордағы жобаларға берілді. Былтырғы жылы өнеркәсіп саласында 4 жаңа өндіріс іске қосылып, 60 жұмыс орны, 3 өндірісті кеңейту есебінен 26 жұмыс орны ашылды. Екінші бағыт бойынша аудандағы бар резервтерді пайдалану есебінен аудан экономикасын көтеру маңызды болып отыр. Қазіргі кезде индустрияландыру картасы аясында «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына» жалпы құны 7,3 млрд теңгелік 13 жоба енді. Мұның ішінде қазіргі таңда 8 жоба нақты өнім беруде. Аудан экономикасының басым бағыттарының бірі ауыл шаруашылығы саласы екені белгілі. Көрсеткішке назар аударатын болсақ, өткен жылы 8,1 гектар жерге жылыжай салынып, 111 гектар жерге тамшылатып суғару әдісі ендірілді. Қазіргі уақытта, жалпы жұмыс істеп тұрған жылыжай көлемі 27,5 гектарға, тамшылатып суғару әдісі ендірілген жалпы жер көлемі 456 гектарға жетті. Нәтижесінде, өсімдік шаруашылығында 26,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп отыр. – Жалпы ауданда мемлекеттік бағдарламаларды дамытуға басты назар аударылуда. 2017 жылы мал шаруашылығын дамыту үшін бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 280 бас ірі қара мал, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 200 бас уақ аналық мал және 7 бас асыл тұқымды қошқар сатып алынса, «Құлан» бағдарламасы арқылы 32 бас жылқы алынып, аудандық көрсеткіштер жоспары толықтай орындалды. Ауданда 34 кооператив құрылып, кооперативтердің жалпы саны 45-ке жетті. Жалпы өңірде 10-15 бастық 103 шағын мал бордақылау алаңдары, 41 жанұялық сүт аулалары ашылған. Жалпы, 887 мал бордақылау алаңдарында бір мезетте 31 мың бас мал бордақылануда. Нәтижесінде, мал шаруашылығында 32,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді, – дейді Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданының әкімі Бақтияр Сапарәліұлы Мамаев. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша жоспарланған көрсеткіштер толығымен орындалып келеді. Жемісті еңбектің арқасында аудан еңбеккерлері облыста сүт өндіруден I орын, көкөніс өндіруден II орын және ет, мақсары өндіру мен тамшылатып суғару әдісін ендіруден III орынға қол жеткізді. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілгені белгілі. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің қазіргіден басты  айырмашылығы, ол тұрмысы төмен азаматтарға немесе отбасыларға көрсетілетін қолдаудың үш түрін бір пакетпен ұсыну болып табылады. Бұл бүгінгі таңдағыдай тек атаулы әлеуметтік көмек төлеп қана қоймай, мемлекет тарапынан жұмысқа тұруға жәрдемдесуді білдіреді. Нақты айтсақ, жұмыссыз жүрген отбасы мүшелері мемлекет есебінен оқуға жіберіледі, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға орналастырылады. Сондай-ақ, жеке ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге микрокредит беріледі. Биылға атаулы әлеуметтік көмекке республикалық бюджеттен 325,1 млн теңге, аудандық бюджеттен 334,8 млн теңге, барлығы 659,9 млн теңге қаржы қаралып, 11267 адамға тағайындау жоспарланып отыр. Қазір аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасымен ауданның картасы жасалуда. Өйткені қазіргі таңда қала мен ауданды ажырату мүмкін емес. Сондықтан қазіргі кезде алдымен қаланың шекаралары белгілену үстінде. Жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстарында да нәтиже жоғары. Ауданда бірқатар демалыс орындары бар. Мысалы, Манкент шипажай аймағындағы теміржол бекетінің жасалуына 24 млн теңге бөлінді. Тағы бір мәселе, ауданда 12 мың 500 адам жер кезегінде тұр. Бұл – ерекше түйткіл. Осы мәселені шешу үшін  Ақсу  әкімшілігінде 230 гектар жерді алған кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бұл жерді сатып алып, жаңа тұрғын үй салып, халыққа береміз. 30 млн теңгеге инвестор есебінен ардагерлер аллеясын, жастар орталығын саламыз. Толығымен қаланы өркендетуді қолға алуды көздеп отырмыз.  Биыл Сайрам ауданының 90  жылдығы аталып өтіледі. Төрт тілде «Жаңарған Сайрам» деген кітап шығаруды қолға алдық. Ауданда бұрын-соңды болмаған  мұражай ашу жоспарда тұр. Мұнда шамамен 2500 экспонат қойылады деп жоспарлап отырмыз, – дейді Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының әкімі Бақтияр Мамаев.  

Армангүл АБЗАЛОВА

Оңтүстік Қазақстан облысы