Астанаға «КӨГІЛДІР ОТЫН» қашан келеді?
Астанаға «КӨГІЛДІР ОТЫН» қашан келеді?
Қазір елорда тұрғындарының аузындағы әңгіме осы. Тезірек Астанаға «көгілдір отынның» келгенін қалайды. Себебі түсінікті. Табиғи газдың келуі арқылы елорданың экологиялық ахуалы жақсарады. Астана ауасының ластануына бірнеше себеп бар. Соның бірі – жеке сектор. Астананың айналасындағы ауылдарды айтпағанда, қаланың өзінде жекеменшік үйлер шоғырланған бірнеше шағын аудан түтік шудаландырып тұр. Сол жағалауға жақын Шұбарда тұрғын жайлардың 90 пайыздан астамы жеке сектор. Тұрғындардың қыс кезінде үй-жайды жылыту үшін пайдаланатын отыны – көмір. Таңертеңгілік мезгілде қарасаңыз, Шұбардың үстінде қалқып тұрған қалың түтінді байқау қиын емес. «Желді күндері түтінді айдап алып кетеді» деп өзімізді жұбатсақ та, мұнымен экологиялық мәселе шешілмейтіні түсінікті. Жеке сектор тұрғындары қыркүйектен бастап мамыр айына дейін пеш жағатынын ескерсек, бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін бағамдау қиын емес. Ала жаздай жақсы әрі арзан көмір іздеп шапқылайды, қыстай отынның таусылып қалмауын ойлайды, көктем шыға күл-қоқысты шығарудың қам-қарекетімен басы қатады. Егер Астанаға газ келсе, тұрғындардың осындай күйбең тіршілікпен «бас ауруы» азаяр еді. «Сол күн тезірек болса екен» деп «көгілдір отынның» келуін тағатсыздана күтіп жүргендерінің мәнісі осы. Оның үстіне Елбасының өзі тапсырма бергеннен кейін Астананы газдандыру жұмысы тезірек орындалатын шығар деген үмітте.
Сонымен Астанаға газ қашан келеді? Осы мәселемен айналысатын тиісті мекемелерге хабарласқанда білгеніміз, елордаға «көгілдір отын» жеткізуге байланысты «Сарыарқа» жобасы жасалған. Негізі республика Үкіметі елімізді газдандыруға байланысты 2015-2030 жылдарға арналған бағдарламаны осыдан үш жыл бұрын бекітті. Бірақ әртүрлі себептерге байланысты бұл бағдарлама ойдағыдай жүзеге аса қойған жоқ. Оның үстіне бұл – қыруар қаржыны қажет ететін бағдарлама. «Астанаға қарай газ құбырын қай жақтан тартқан тиімді болар еді?» деген мақсатта бір емес, бірнеше мәрте экономикалық сараптамалар жүргізілгені мәлім. Түрлі жобалар да талқыға түсті. Соңғы таңдау «Сарыарқа» жобасы болды. Осы жоба бойынша елордаға дейін газ құбырын тартудың бірінші кезеңіне шамамен алғанда 267 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады деп топшылап отыр мамандар. Бұл бірінші кезеңге кететін шығын. Онан кейін де құрылыс жұмыстарына жұмсалатын шығындар аз емес. Бұдан бөлек әрбір үйге «көгілдір отын» кіргізу үшін де қомақты қаржы керек. Осының бәрін қазір Энергетика министрлігінің мамандары есептеп жатқан көрінеді. Ең бастысы – осы саланың білікті мамандары мен сарапшыларының тұжырымына қарағанда, Астанаға газ тарту экономикалық жағынан тиімді болып шыққан. Мамандар бұл жоба аз уақытта шығынды ақтайтынын айтып отыр.
Бір айта кетерлігі, «Сарыарқа» жобасының шапағатын тек Астана ғана емес, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары да көретін сияқты. Толық болмаса да осы облыстардың белгілі бір бөліктері 2019-2021 жылдарға арналған газдандыру жоспарына кіріп отыр. Бұл жоба бойынша «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырына «Қызылорда-Жезқазған-Теміртау-Қарағанды-Астана» бағытындағы құбыр жалғанатын болады. Қызылордадан басталып, Астанаға дейін жететін құбырдың ұзындығы 1081 шақырым. Осы құбыр жолай өтетін қалалар мен елді мекендердің тұрғындары да «көгілдір отынның» қызығын көретін болады.
«Сарыарқа» жобасы кезең-кезең бойынша жүзеге аспақ. Астанаға газ жеткізілгеннен кейін Көкшетау, онан кейін Солтүстік Қазақстан облысына құбыр тартылмақшы.
Астананың ауасын ластап отырған тек жеке сектор ғана емес, бұған жылу-электр орталығының да «үлесі» айтарлықтай. Парламент депутаттары осы кәсіпорында болған кезде орталықты газға көшіру жөнінде мәселе көтерген болатын. Бірақ техникалық-экономикалық себептерге байланысты жылу-электр орталығын бірден толық мөлшерде газбен жұмыс істеуге көшіру мүмкін емес болып шықты. Бұл да кезең-кезең бойынша жүзеге аспақ. Тағы бір себебі – бағаға байланысты. Қазір көмірдің құны белгілі болғанымен, газдың бағасы әлі белгісіз. Егер «көгілдір отынның» құны қатты отыннан қымбат болса, онда кәсіпорын үшін тиімсіз. Бұл айналып келгенде жылу мен ыстық судың, электр энергиясының құнына әсер етеді. Сондықтан осының бәрін тиісті мекемелердің мамандары жан-жақты есептеп, әрбір тиынды салмақтап көруде. Оңтайлы шешім болатынына үміт артайық.
Астанаға келетін газдың бағасына байланысты да алып-қашпа әңгіме көп. Кейбіреулер Ақтөбе, Атырау қалаларымен салыстырғанда оның құны 4-5 есе қымбат болады дейді. Оны уақыт көрсетеді. Әлбетте, газ өндіретін аймақта оның бағасы арзан болатыны бесенеден белгілі. Себебі шығын аз. Ал бірнеше мың шақырымға құбыр тартып, газ айдайтын, сығымдайтын стансалар салу үшін көп қаражат керек екенін екінің бірі біледі. Нарық жағдайында осының бәрі есептеліп, ескерілетіні айтпаса да түсінікті емес пе? Ең бастысы, Астананы және басқа да қалалар мен елді мекендерді газдандыруды жүзеге асыру арқылы экологиямен бірге әлеуметтік мәселенің де түбегейлі шешілетінін ойлауымыз керек. Астана күннен-күнге қанат жайып келеді. Облыстарда да осылай. Өркениетті өмір сүруге ұмтылыс бар. Қара көмірдің түтініне тұншығуды жалғастыра берсек, алысқа бара алмасымыз анық.
Қазір Астананың айналасындағы елді мекендерде жер телімдерінің бағасы өсе түсті. Себебі түсінікті. Газ тек Астанаға ғана келмейді, айналасындағы ауылдарға да жетеді. Жер телімдерін сатушылар осыны естіп-біліп отыр. Сондықтан бағаны көтергені белгілі.
Астананың маңындағы ауылдарға «көгілдір отынды» жеткілікті мөлшерде жеткізу үшін екі автоматтандырылған газ тарату стансасы салынады деп жоспарланған. Осы стансалардан ауылдарға, одан әр үйге құбыр тартылатын болады. Қазір «көгілдір отын» жеткізілуге тиісті ауылдардың тізімі жасалды. Екі тарату стансасынан газ берілетін ауылдардың ұзын-саны – 28. Бұл Астана маңындағы, Көкшетау мен Қарағанды, Павлодар бағытындағы күре жолдардың бойындағы елді мекендер. Осы 28 ауыл тұрғындарының да астаналықтармен бірге «көгілдір отынға» қолы жететін күн алыс емес.
«Сарыарқа» жобасының бастапқы кезеңінде жоспар бойынша Қарағанды облысының 119, Ақмола облысының 51 елді мекеніне газ тарту жүзеге аспақ. Бұл – елорданы газдандыру арқылы құбыр желісі төселетін облыстардың тұрғындары да оның игілігін көреді деген сөз. Мұның бәрі Елбасының қазақстандықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын одан әрі жақсарту, тіршілігін түзеу мақсатындағы нақты тапсырмаларына орай Үкімет пен оған қарасты министрліктердің батыл қолға алған игілікті ісі екені айдан анық. Бастаманың баянды болғанын қалаймыз.
Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ
Астана