Достықтың қазығын қаққан ақын

Достықтың қазығын қаққан ақын

Достықтың қазығын қаққан ақын
ашық дереккөзі
Астанада украин халқының ұлы перзенті Тарас Шевченконың ескерткіші бой көтереді. Қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы ақын ескерткішінің жобасын бекітті. Бұл туралы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да Тарас Шевченконың 204 жылдығына орай өткен дөңгелек үстелде Украина елшілігі жанындағы қоғамдық кеңестің тең төрағасы Владимир Скрытник мәлімдеді. «Украиндық суретшілер алқасы жобаны даярлап қойды. Ескерткіш нұсқасы осында қорғалып, қабылданды. Онда тұтас композиция қамтылған, дәл ортасында Тарас Шевченконың ескерткіші орналасады. Сонымен қатар, сол жағында украиндық екі тұлғаның, ал оң жағында қазақтың екі тұлғасының бейнесі қойылады», ‒ деп атап өтті В. Скрытник. Композиция бекітіліп, ескерткіш орнатылатын орын белгіленген. Енді қаржыландыру мәселелері пысықталуда. Тарас Шевченкоға арналған ескерткіш Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ маңында қойылады. Монументтің биіктігі 3,8 метр болмақ. Украин ақынының еңселі монументі қазақ-украин достығының өміршеңдігін көрсететін ескерткіш болмақ. Қазақтың мәдениеті мен әдебиетіне, қылқалам өнеріне өшпес із қалдырған Тарас Шевченко небәрі 47 жыл ғұмырының 28 жылын азапты айдауда, қамауда, патша полициясының қатал бақылауында өткізді. Шевченконың жалынды сөзі мен шебер қолына тыйым сала алмаған қатал патша үкіметі оны 25 жыл жер аударып, алыс сапарға айдатты. Соның 7 жылын ол қазақ даласында, Маңғыстау топырағында өткізді. Ақынды қазақ өлкесіне жазалау мақсатында жібергенімен, киелі өңірдегі 7 жыл украин ұлы үшін шығармашылықпен айналысуға нағыз сәтті кезең болды. Новопетровскіде Тарас Шевченко жергілікті қазақ кедейлерінің азапты өмірін, ауыр тұрмысын көріп, келешегіне тілеулес, қайғысына ортақ, мұңдас болды. Қазақ елін туған халқындай сүйді. Өз халқына тілеген бақытты өмірді қазақ халқына да тіледі. Мұны Шевченконың қазақ халқының тұрмыс жағдайы мен көрген азабына арнап жазған шығармалары мен салған суреттерінен аңғаруға болады. Екі елдің мұңдастығын қазақ поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаев та өлеңіне өзек еткен еді: Құлазыған далада Тарастай мен де зарлағам. Даусым оның даусымен Қосылып сонда сарнаған... О бір кезде, ақыным, Сен де іздедің бостандық, Мен де іздедім бостандық, ‒ деп екі елдің тағдырластығын жырға қосты. Тағдыры бір, мұңдас, арман-мақсаттары ұқсас, тілек-ниеттері ортақ украин елі мен қазақ халқының достығының түп-тамыры осылайша ертеден басталады. Т.Г. Шевченконың патша үкіметінің озбырлығына қарсы болып, еркіндікті аңсаған жырлары үшін жер ауып, Маңғыстау түбегіне келгенде, жергілікті қазақтар да украин ұлын өзектен теппей, кең пейілділікпен дәм-тұзын бөлісті, жанына жақын тартты. Патшаның қатаң бақылауында болып, жазу, сызуға тыйым салынса да, Тарас Григорьевич Шевченко келешек ұрпаққа мол мұра қалдырды. Оның өткір тілінен, қасиетті қылқаламынан 108 өлең, 20 поэма-повесть, 442 сурет туды. Украин перзентінің 250-ден астам шығармасы қазақ жерінің, қазақ елінің тұрмысына арналды. Тарас Шевченко Маңғыстау жерінің өзінен көлемді 9 повесть жазды және салған суреттері өз алдына. Оның қазақ елінің өмір тұрмысына арналған екі томдық еңбегі бүгінде әлемге әйгілі. Суретші Форт-Шевченко қаласының сол кездегі ескі көрінісінен 25 полотно салды және шаһардың картасын сызып қалдырды. Сол құнды жәдігерлер Форт-Шевченко қаласындағы ақынның есімін иеленген музейде сақтаулы. Тарас Шевченко аты берілген әлемдегі ең ірі мұражай өткен жылы 85 жылдығын атап өтті. «Музейге бас сұққан туристер қазақтың украин ұлына деген құрметіне таңғалады. «Неге Тарас Шевченконы қазақ халқы жоғары бағалап, төрінен музей ашып, бірнеше қаланың, кенттің атын берді?», – деп сұрап жатады. Сонда біз ойланбастан М.Әуезовтің сөзімен жауап береміз. Мұхтар Әуезов: «Тарас Шевченко ең бірінші – суретші реалист, реалис тік тұрғыда қазақ халқын, қазақ даласын, қазақ қырын бірінші болып Еуропаға танытқан» деген болатын», ‒ дейді Т.Шевченко атындағы мұражайдың экскурсия бөлімінің меңгерушісі Айгүл Балабаева. Тарас Шевченко шөлейтті өңірді көгалдандыруға да үлес қосқан. Мұражай ауласында оның еккен ағаштары әлі күнге дейін жайқалып тұр. Ақынның қазған құдығы да сақтаулы. Құрғақшылық кезінде ол жергілікті тұрғындармен бірге 7 метр тереңдіктен су шығарып, бүтін бір ауылды шөлден аман алып қалған екен. Музей қызметкерлерінің айтуынша, ақын қазақтармен етене жақын араласқан. Тіпті, олармен қазақша тілдескен көрінеді. Екі халықтың арасындағы достық қазығын қаққан күрескер ақынды қазақ ешуақытта ұмытпайды. Тарас Шевченконың еліміздегі еңселі ескерткіштері украин ұлының елеулі еңбегін үнемі есімізге салып тұрады. Бұған дейін ақынға Мағыстаудан қос бірдей ескерткіш орнатылған. Бірі Форт-Шевченко қаласындағы музей ауласында, ал екіншісі Ақтаудың орталығында тұр. Үшіншісі елорда төрінде бой көтермек.