Жаңалықтар

Армения алған бетінен қайтпайды

ашық дереккөзі

Армения алған бетінен қайтпайды

Бұған дейін Арменияның саяси өзгеріс алдында тұрғанын қаламға арқау еткен едік. Ереван алаңында өткен ереуіл кезінде «Елк» блогының жетекшісі Никол Пашинян кезектен тыс парламент сайлауын өткізу керектігін мәлімдеп, өзін ресми түрде Армения премьер-министрлігіне үміткер ретінде ұсынған-ды. «Ашық әрі еркін сайлау өткізуге барлық жағдай жасалғанына сенімді болуымыз керек. Бізге нәтижесіне ешкім сенімсіздік танытпайтын сайлау қажет», – деді Пашинян. Осылайша, 30 сәуірде «Елк» фракциясы бірауыздан Пашинянды үкімет басшысына үміткерлікке ұсынып, парламент сайлауы 1 мамырға белгіленді. Оның айтуынша, «Царукян» мен «Дашнакцутюн» фракциясы кандидатурасын қолдаған. Алайда Никол Пашинян Армения премьері болуға қажетті дауысты жинай алмады. Бұл 1 мамыр күні өткен Арменияның Ұлттық жиналысының арнайы отырысында ашық дауыс беру нәтижесінде белгілі болды. Пашинянды 45 адам жақтаса,  56-сы қарсы дауыс берген. Ешкім қалыс қалған жоқ. Пашинянға Арменияның премьері болу үшін кем дегенде 53 дауыс алу керек еді. Енді алған бетінен қайтпаған оппозиция белсендісі жақтастарына үндеу тастап, азаматтық акция ұйымдастыру арқылы маңызды көшелер мен әуежайға баратын жолдарды жауып тастауға шақырды. «Ертең мемлекеттік қызметкерлер жалпыхалықтың ереуілге шығатынын мәлімдейді. Олардың саны әлдеқайда көп болатынына сенімдімін. Ереуілдің мақсаты – елде дүрбелең туғызу емес, премьерді халық арасынан сайлау», – деді ол. Ал «Азаматтық келісім» партиясының өкілдері «Оппозиция белсендісі Пашинянның премьер-министрлікке кандидатурасын қайта қолдап, сайлаймыз. Қазірдің өзінде халықтық қозғалыстың қарқыны жақсы. Бір аптадан соң өз дегенімізге жетеміз» деген сенімде. Қайта сайлау 8 мамырға белгіленіп отыр.