Жаңалықтар

Ардагерлер ардақталды

ашық дереккөзі

Ардагерлер ардақталды

Ағымдағы жылдың 3-мамыр күні Қазақ ұлттық аграрлық университетінің бас ғимараты алдындағы алаңда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Алматы қаласы әкімдігі мен Қалалық ардагерлер Кеңесінің өкілдері, белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, университеттің оқытушылары мен студенттері қатысты. Шара аясында қонақтар университет  алдындағы Мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қою рәсімін өткізіп, оқу орны Әскери кафедрасы курстанттарының шеруі мен арнайы концерттік бағдарламаны тамашалады. Шара барысында сондай-ақ, ардагерлерге арналып ас беріліп, әскери әндер шеруі мен әскери жаттығулар ұсынылады. Университет өз ардагерлеріне үнемі қамқорлық жасап, жан-жақты көмек көрсетіп отырады. Өкінішке орай құрметті ардагерлеріміздің қатары жыл өткен сайын сиреп келеді. Қазіргі уақытта университетте 1 Ұлы Отан соғысының ардагері, 11 Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілгендер және 78 тыл еңбеккерлері бар. Мерекелік шараны университет ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов құттықтау сөзбен ашып, ардагерлерге деген ізгі ниет-тілегін жеткізді. « – Бүгінгі ұрпақ қазіргі тәуелсіз  Қазақстан елінде алаңсыз өмір кешуде. Мұндай еркіндік бақытын адамзат тарихындағы ең жойқын соғыста бұғанасы бекімей қолына қару алып, қасық қаны қалғанша күрескен аға ұрпақ сыйлады. Сұрапыл соғыс жылдарында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің түлектері мен қызметкерлері де қан майданның алдыңғы шебінде жүрді. Олардың көбі оқу аудиторияларында жүрген жерлерінен соғысқа аттанды. Майдан даласында ерлікпен қаза тапқан қандастарымыздың даңқты есімдері университет алдында арнайы қойылған Ескертіш тақта мемориалында айғақталып тұр. Университет ұжымы әрдайым олардың әруақтары мен рухтарының алдында бас иеді. Бүгінгі таңда ортамызда аман жүрген ардагерлер мен қарияларға қашанда  сый-құрмет көрсетіліп келеді. Бүгін де уиверситетіміздің ардагерлері, тың еңбеккерлері мен ауған соғысына қатысушылар, Әскери кафедра жауынгерлері, оқытушылары мен студенттер, жалпы университет ұжымы  даңқы өшпейтін ерліктің мерекесінде бас қосты. Ардагерлер қауымына мықты денсаулық, ұзақ өмір тілеймін.»  – деді ректор. Университет алдындағы ресми жиын соңында Әскери кафедраның сап түзеген курсанттары патриоттық әндерді орындап әскери шерумен жүріп өтті. Мерекелік жиынның басты ерекшелігі далалық-әскери асхана мен нағыз солдат ботқасы болды. Университет ұжымы ардагерлерге арнайы дастархан жайып, концерттік бағдарлама ұсынды. Концерт барысында халықаралық конкурстардың лауераты «Гүлбану» би ансамблі  өнер көрсетсе, әншілер әскери тақырыптағы әсем әуендермен ардагерлерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.