Макрон, Меркель және Мэй

Макрон, Меркель және Мэй

Макрон, Меркель және Мэй
ашық дереккөзі
Өткен аптада Франция президентінің АҚШ-қа мемлекеттік сапары туралы жазғанбыз. Расында, Эммануэль Макрон Дональд Трамп президент болғалы Ақ үйде мемлекеттік дәрежедегі кешкі асқа шақырылған бірінші шет ел басшысы екен. Оның үш күндік мемлекеттік сапарының әрбір сәті тарихи оқулықтарға жазып қоюға татитын оқиғаларға толы болды. Мысалы, АҚШ Конгресінде ағылшынша сөз сөйлеп, АҚШ президентінің сыртқы саясатын жоққа шығарғанының өзі неге тұрады? Эммануэль мен Дональдтың қол ұстасып, егіз қозыдай жарасып жүруі, Трамптың әріптесіне бәйек болуын батыстық журналистер мүлде күткен жоқ. Екі президент мұның бәрін ел-жұртқа «АҚШ пен Францияның арасындағы өзгеше қарым-қатынас» («special relathionship») деп түсіндіргенімен, қутілді журналистер бұған бір-ақ ауыз сөзден «bromance» деп айдар тағып үлгерді. «Броманстың» романсқа еш қатысы жоқ, жалпақ мағынасы «екі еркектің арасындағы достық қарым-қатынас» дегенді білдіреді. Ақ үйдегі Овал бөлменің алдында журналистердің алдында тұрып, Трамп әріптесінің иығындағы қайызғақты қаққылап, «Біз оны мінсіз етуіміз керек. Ол мінсіз» деді. Білдей бір президенттің басында қайызғақ бар екенін жар салған да өзі. Былай қарағанда, еш сөкеттігі жоқ сияқты. Бірақ Макрон үшін ешқандай «броманс» өз мемлекетінің мүддесінен жоғары емес екен. Ол Трамптың жетегіне ерген баладай онымен қол ұстасып жүріп те, онымен құшақтасып жүріп те, өз ойын ашық айтудан қаймықпады. АҚШ президенті сынайтын жерді ол сәтті таңдаған: Макрон мінбеге шығып, АҚШ конгресмендеріне арнап сөз сөйлегенде Дональд Трамп Капитолийде отырған еді. Әлбетте, ол Макронның сөзін сырттай отырып, түгел тыңдады. АҚШ-тың Иранға қатысты, климаттық өзгерістерге қатысты сыртқы саясатын сынаған сөздер Конгресте күнде айтылып жатқан жоқ. Дегенде, Макрон былай деді: «There is no Planet B», яғни «Екінші Жер жоқ» дегені. Француз акцентімен айтылса да, Макронның сөзін америкалық конгресмендер өте жақты түсінді. Түсінгені сол, қол соғып, қошеметтеп, сөзін аяқтаған соң да оны қаумалап, құттықтап, риза болғандарын жасырмай, қолапаштап жатты. Шамасы, Трампта кеткен кейбір өшін француз президенті алып бергендей, әлденеге айыздары қанған сыңайлары бар. Осы орайда, «өзгеше қарым-қатынас» деген анықтама бұрын АҚШ пен Ұлыбританияға қатысты ауызға алынатыны еске түседі. Кезінде Британ колониясы болған Құрама Штаттар үшін тарихы ортақ, тілі бір Ұлыбританияны бір төбе, басқа елдердерді бір төбе көруінде қисын бар еді. Бірақ соңғы жылдары мемлекеттік деңгейдегі түсіністіктің қаншалықты терең екені күңгірт. Мысалы, Ақ үйдің Макрон мен Мэй ханымға деген көзқарасы екі түрлі екені сырт көзге бірден байқалады. Тереза Мэй Дональд Трамп президент бола салысымен, оны бірінші болып құттықтауға асықты, тіпті оған мемлекеттік сапармен Альбион аралына келуге шақырту ұсынды. Сол кезде британдықтардың біразы Трамптың сапарына қарсы шығып, Лондонда шеру өткізгені бар. Бірақ Трамп ағылшын жеріне аяқ басуға асығар емес, ол былтырға жоспарланған мемлекеттік сапарын кейінге қалдырған еді. Оның биыл қай уақытта келетіні жақын күндері мәлім болады. Айтпақшы, Макронның ізін ала Ақ үйге жұмыс сапармен Германия канцері Ангела Меркель келген. Бірақ алдыңғы екеуінің «бромансының» кесірінен бе, әлде басқа себебі бар ма, Меркель ханымның сапары көптің назарынан елеусіздеу қалды. Макронның құрметіне салтанатты дастархан жайылып, оған Конгрестің мінбері ұсынылып, оны төрге шығарып барынша құрмет көрсетілсе, Германция канцлеріне мұның ешқайсысы бұйырмады. Бұған оның қынжылатындай уақыты да болмады-ау, Ангела Меркель Ақ үйде тек екі жарым сағат болып, іле-шала Берлинге ұшып кеткен. Мэй сияқты Меркель ханым да Трамптың көңілін ауламақ болып, кезінде оның қызы Иванканы Берлиндегі басқосуға шақырғаны бар. Тіпті, әлемдік мемлекет басшылары саммитінде Иванка әкесінің орнына отырып алып, ыңғайсыз жағдайға қалғанда, оны қорғап қалған да Меркель болатын. Бірақ сонда да Меркель ханым Ақ үйдің ыстық ықыласына бөлене алған жоқ. Еуропаның екі ірі мемлекетінің басшыларына екі түрлі рай танытуы – Трамп президенттігінің қолтаңбасы деуге болар. Макронды құшақ жая қарсы алып, Меркельді қасаң протоколдық кездесуден асырмағаны кездейсоқтық емес, сірә. Себебі Трамптың бұған дейін Германияны оның миграциялық саясатына қатысты, одан соң америкалық автокөліктердің импортын шектеуіне қатысты ащы сынға алғаны есімізде. Шамасы, Ақ үй Германиямен қарым-қатынасының суи бастағанына алаңдамақ түгілі, бұдан былай Еуропадағы басты әріптесі ретінде Францияны санайтын сияқты. Германия, Ұлыбритания мен Франция басшылары АҚШ президентін Иранмен ядролық келісімді күшінде қалдыруға үгіттеп жатқанда, Дональд Трампты ашықтан-ашық арандатушы ел үнсіз қалмады. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху «Иранның құпия атом бағдарламасы» деген баяндама жасап, Айды аспанға бір-ақ шығарғаннан кем әсер қалдырмады. Сөзінің басы «Иран жалған ақпарат берді» деп бастаған Нетаньяху Тегерандағы бір қоймада «сақталып жатқан» ядролық материалдардың том-том кітаптарға тігіліп, мыңдаған дискілерге жазылып, сурет және бейнесжазбасы бар екенін дәлелдемек болды. Сахнаға шығып алып, экраннан суреттер мен жазбаларды көрсетіп тұрып, одан соң беті жабылған кітап сөрелерінің пердесін шалт қимылмен жерге түсіріп, бейнебір шоу жасағандағы оның көздегені не екені түсінікті, яғни, Иранның «айыбын мойнына қою». Ал АҚШ президенті Иранға қатысты шешімін алдағы бір-екі аптада жариялайтынын жалпақ әлемге белгілі болғанда, Израильдің ниеті АҚШ президентінің шешіміне ықпал ету екені даусыз. Осылайша, әлемдік деңгейдегі саясаткерлер, мемлекет басшылары өздерінің жұмыр басты пенде екендерін көрсетуге қысылмайтын болды. Ресмилік, сыпайылықты былай жинап қойып, елдің көзінше сүйісіп, құшақтасып, бір-біріне мақтау айтып немесе жеке басына қатысты ескертпе жасап... немесе әлдебір студент сияқты жұрт алдында Power Point слайдтарын қолданып, презентация жасап, әбігерге түсуді әбестік санамайтын болған. Бәлкім, «қарапайым болсақ, қара халыққа жақынырақ боламыз» дейтін шығар. Бастысы, олар қабылдайтын шешім қарабайыр болмасын. P.S: Айтпақшы, Макрон мен Трамп өткен аптада Ақ үйдің ауласына емен ағаш отырғызған еді. Франциядан арнайы әкелінген ағаш екі мемлекеттің және екі президенттің достығындай болып, америка топырағында тамыр жаюы тиіс болатын. Бірақ Макрон кеткен соң, Ақ үйдің ауласындағы тал бір түнде жоқ болып кетті. Оның орнын қайтадан жасыл шөп басып, ешкім ештеңе отырғызбағандай, Трамп пен Макрон күрек ұстап, екі елдің достығы туралы толғанбағандай әсер қалдырды. Бұл оқиғадан саяси астар іздеуге болар еді, алайда Ақ үйдің баспасөз қызметі емен ағашы «карантинге» алынғанын хабарлады. Шамасы екі-үш айдан соң ол бұрынғы орнына қайта отырғызылады-мыс. Сонда да Парижден жеткізілген «достық ағашының» америка топырағын жерсінбеуі тегін емес-ау...

Ұлыбритания