Лақап есімі –«Скрипкашы қазақ қызы»
Лақап есімі –«Скрипкашы қазақ қызы»
Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы кезеңінде тұтқиылдан шабуыл жасаған неміс басқыншылары Кеңес елінің батыс аймағының едәуір бөлігін жаулап алды. Жау уақытша басып алған бұл аймақтарда оккупанттарға қарсы күрес жүргізу үшін кеңес халқы партизандық бөлімшелерге топтасып, кейін олар ірі бригадалық құрамаларға бірікті.
Стихиялы түрде ұйымдасқан партизандық мұндай топтар алғашқыда майдан шебіне өте алмай, жау қоршауында қалған Кеңес Армиясының командирлері мен жауынгерлерінен, сондай-ақ, саяси қызметкерлер және лагерьден қашып шыққан әскери тұтқындардан жасақталды. Неміс фашистерінің зорлық-зомбылығын көріп, ашынған жергілікті халық – жұмысшылар, колхозшылар, әйелдер мен балалар, қарт адамдар да қосылып, партизан бөлімшелері құрамының санын үздіксіз арттырып отырды.
Алайда ұшақ ішіндегі офицердің берген белгісінен кейін парашютпен жерге қарғыған Нұрғаным бес жерде өзіне арнайы жағылып қойылған оттың аумағынан ауытқып, батпақты қалың орман арасына келіп түседі.
Орталықтан байланысшы қыздың жіберілгендігін естіп, іздеуге шыққан партизандар рация мен автоматын құшақтаған күйде әбден арып, шаршаған қазақ қызын 4 тәуліктен соң ғана тауып, 80 шақырым жердегі штабқа атқа мінгестіріп алып келеді. Бұл жөнінде байланысшы Н.Байсеитова: «Партизандарда жарқанат секілді күндіз бой тасалап, тек түнде жүретін тәртіп бар, – үшінші күні түнде таң ата межелі жерге жеттік. Менің балалық шағым осылай аяқталып, жау тылындағы жастық шағым басталды. Мүлдем өзге өмір жолым басталды. Отрядқа келгенімде, «мына қазақ қызының қолынан не келеді?» деп ойлады-ау деймін, командирім Сергей Григорьевич Жунин мені өте салқын қабылдады. Құпия құжаттарым бар еді, тапсырдым солардыда Орталықта отырған П.З. Калининге «Аман жеттім. Бірақ бұл жерде маған қолайлы жағдай жасамады» («доехала благополучно, но должных условий не создали», – деп жеделхат жөнелттім. Осыдан соң Мәскеуден хабар келсе керек, кейіннен С.Г. Жунин едәуір жұмсарды. Бүкіл отрядта қазақтан жалғыз едім, маған қарап бүкіл қазақ деген ұлтты бағалайтындай әсерде болып, барымша халқымның намысын, қабілетін көрсетуге тырыстым», – деп жазады. Партизан отрядының байланысшысы міндетін атқаруда қазақ қызының жоғары кәсіби біліктілік пен жауынгерлік жауапкершілік танытқанын: «Арнаулы байланысшылар мектебін бітірген комсомол Н.Байсеитова Белоруссия партизандар қозғалысы штабының жолдамасымен келді. Жас партизан қыз байланысшы міндетін ғана атқарып қоймай, барлаушы сипатындағы тапсырмаларды да орындап, шайқастарға қатысты», – деп жазылған құжат мазмұны қазақ қызының ерлігін анық танытады.
Байланысшы қазақ қызы жау тылынан Орталыққа маңызды мәліметтер жеткізіп, 8-партизан бригадасы мен Могилев облысында астыртын құпия жұмыстарын жүргізетін партия ұйымдары мен топтардың «Концерт» операциясына дайындығы туралы хабарлап отырды. Байланысшы міндетін мүлтіксіз атқарған Нұрғанымның эфирдегі лақап аты «Нина» болатын, Орталықтағылар оны «Скрипкашы қазақ қызы» деп атайтын.
«Концерт» операциясынан кейін фашистер партизандарға қарсы күресті күшейтіп, жазалаушы отрядтар санын көбейтіп, арнайы әскери бөлімдерін жасақтайды. Осындай жаудың жазалаушы отряды бір күні №8 партизан бригадасындағы Нұрғаным Байсеитованың рациясы тұрған партизандар бөлімшесін қоршауға алады. Байланысшы Нұрғаным дереу эфирге шығып, көрші отрядқа шұғыл хабарлап, рацияны мұқият жасырғаннан кейін автоматтан оқ жаудырып, жауды батыл қарсы алады. Байланысшының хабарынан соң көрші партизан отрядтары да көмекке келіп, жаудың жазалаушы отряды кейін шегіндіріледі.
Осылайша бірнеше рет жаумен бетпе-бет ұрыстарға қатысқан байланысшы Нұрғаным партизандармен бірге барлауға да шығып, жергілікті халық арасында неміс фашист оккупанттарына қарсы саяси-бұқаралық үгіт жұмыстарын жүргізуге де қатысады.
Радиобайланысшы Нұрғанымның жауынгерлік өміріндегі ұмытылмас оқиға Белоруссияны фашист басқыншыларынан азат етіп, «Багратион» операциясын аяқтап келе жатқан Қызыл Армия әскерлерімен № 8 партизан бригадасының 1944 жылы шілдеде Польша жеріндегі салтанатты қосылу мерекесі болды.
№8 партизан бригадасы жауынгерлері қатарында жау тылында ерлікпен шайқасып, Белоруссия территориясын азат етуге қатысқан радиобайланысшы Нұрғаным Байсеитова КСРО Жоғарғы Кеңесінің № 202 бұйрығы бойынша Қызыл Жұлдыз ордені және «Отан соғысының партизаны» медаліне ие болды.
Бүгінде Минск қаласындағы Республикалық Орталық музей залындағы көрмеде партизан Нұрғаным Байсеитованың ерлігін бейнелейтін жауынгерлік суреттерге орын бөлінген.