Лақап есімі –«Скрипкашы қазақ қызы»

Лақап есімі –«Скрипкашы қазақ қызы»

Лақап есімі –«Скрипкашы қазақ қызы»
ашық дереккөзі
Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы кезеңінде тұтқиылдан шабуыл жасаған неміс басқыншылары Кеңес елінің батыс аймағының едәуір бөлігін жаулап алды. Жау уақытша басып алған бұл аймақтарда оккупанттарға қарсы күрес жүргізу үшін кеңес халқы партизандық бөлімшелерге топтасып, кейін олар ірі бригадалық құрамаларға бірікті. Стихиялы түрде ұйымдасқан партизандық мұндай топтар алғашқыда майдан шебіне өте алмай, жау қоршауында қалған Кеңес Армиясының командирлері мен жауынгерлерінен, сондай-ақ, саяси қызметкерлер және лагерьден қашып шыққан әскери тұтқындардан жасақталды. Неміс фашистерінің зорлық-зомбылығын көріп, ашынған жергілікті халық – жұмысшылар, колхозшылар, әйелдер мен балалар, қарт адамдар да қосылып, партизан бөлімшелері құрамының санын үздіксіз арттырып отырды.  width= Қанды соғыс тарихында жалпыхалықтық және көпұлттық сипат алған партизандық қозғалыс кеңес халқының неміс басқыншыларына қарсы күресінің өзіндік ерекшелігі еді. Соғыс майданына тартылған барлық партизандық бригадалар мен бөлімшелер көп ұлтты жауынгерлерден құралды, олардың арасында қазақтар да болды. Мәселен, Белоруссияның әртүрлі аймақтарында соғыс жүргізген 65 партизан бригадасы мен бөлімшелер құрамында өзге ұлт өкілдерімен бірге 1500-ден астам қазақстандықтар ерлікпен шайқас жүргізді. Солардың бірі – Белоруссия жеріндегі №8 партизан бригадасының байланысшысы, қазақ қызы Нұрғаным болатын. Нұрғаным Бекенқызы Байсеитова 1923 жылы 8 наурызда Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған Нұрғаным інісі Абзалмен бірге Жәнібек ауылындағы балалар үйінде тәрбиеленіп өседі. 1936 жылы балалар үйі әкімшілігінің шешімімен Нұрғаным Орал қаласындағы (бұрынғы Сталин, қазіргі Октябрь көшесіндегі) облыстық музыкалық мектеп интернатына ауыстырылып, скрипка класына қабылданады. Жауынгер ана бұл туралы: «Бұл музыкалық аспапты өте жақсы көрдім. Нота арқылы тартып, музыка ырғағына да өзім келтіріп алатын едім», – дейді. Батыс Қазақстан облыстық архив қорында Н.Байсеитованың өз қолымен жазған ғұмырбаяны сақталған. Осы деректе ол: «Закончился 1940-1941 учебный год. Побыли на выпускном вечере, очень скромный, но для нас был радостным. Я жила в интернате при музыкальной школы по улице Почиталинский. Вернулись с вечера очень поздно. Уснула очень крепко. (Это было 20 июня 1941г.). Приснился сон, как будто к нам в интернат пришел Сталин. Я с ним хочу идти в столовую, и он снимает свою шинель отдает мне и я проснулась. Сон очень взволновала меня», – деп жазады. Иә, 9 класс бітірушілердің салтанатты кешінен оралған түні Нұрғаным көрген бұл түсі оған көп кешікпей бейбіт өмір тыныштығының бұзылатындығынан хабар бергендей еді... Соғыс туралы суық хабарды естіген Нұрғаным қалалық әскери комиссариаттың табалдырығын тоздыра жүріп, ақыры 1942 жылдың сәуір айында бір топ құрбылары Роза Әбдірахманова, Халима Бекеева, Майра Мақатова, Замиха Науышевамен бірге Мәскеу қаласындағы радиобайланысшылар дайындайтын курсқа жіберіледі. Осы орайда байланысшылар дайындайтын курста Нұрғаныммен бірге оқып, кейін Карель майданындағы Орталық партизандар штабында радиобайланысшы болып, «эфирдің сұр мергені» атанған Майра Мақатованың (2014 жылы 93 жасқа қараған шағында өмірден озды) айтуынша, Орал қаласынан келген қазақ қыздарын Мәскеудің Қазан вокзалында бір әскери адам қарсы алып, оларды Ворошилов атындағы казармаға орналастырады. Ертеңіне байланысшылар курсына тіркелген қыздарға әскери киімдер беріледі. Курста оқи жүріп олар әскери қатаң ережелерді үйреніп, соғыс даласында қолданылатын қарудың түрлерін, әсіресе байланысшының жоғары деңгейдегі есте сақтау қабілетін қажет ететін Морзе құрылғысының жұмысын еркін меңгеріп шығады. Курсты тәмамдаған радиобайланысшы қыздардың арасында ерекше қабілетті Н.Байсеитова курс басшыларының ұйғарымымен 1942 жылы күзде жау тылындағы байланысшыларды дайындайтын арнайы мектепке жіберіледі. Қысқа мерзімді бұл курстың оқу бағдарламасының күрделілігіне қарамастан, Морзе әліппесін эфирден келген дыбыс арқылы оқуды жете меңгерген Нұрғаным әсіресе, биіктіктен парашютпен секіру сияқты арнаулы пәндердің қиындығын да жеңе білді. Сөйтіп, 1943 жылдың шілде айында Нұрғаным Байсеитова байланысшылар дайындайтын арнайы мектепті үздік бітіреді. Байланысшы қазақ қызын Мәскеу түбіндегі Сходня поселкесінде орналасқан Белоруссия партизандар қозғалысы штабының бастығы Петр Захарович Калинин (бұрынғы Белоруссия К(б)П ОК-нің ІІ хатшысы) қабылдайды. Штаб бастығы оған Белоруссия жерінде таяуда партизандардың жаудың стратегиялық жоспарларына қарсы «Концерт» деп аталатын үлкен операциясы басталатынын айтып, осы аймаққа арнаулы ұшақпен жіберілетін байланысшы Н.Байсеитованың міндеті партизандар бөлімшесін Орталықпен байланыстыру екендігін түсіндірді. Штаб бастығының қолынан жаңа рация, құпия байланыс шифрды және компас пен әскери қару – автоматты қабылдап алған он тоғыз жасар Нұрғаным Байсеитова 1943 жылы шілде айының қараңғы түнінде арнайы ұшақпен жау тылына – Могилев облысы, Круглянск ауданы аймағындағы № 8 бригаданың №15 отрядына жөнелтілді.  width= Алайда ұшақ ішіндегі офицердің берген белгісінен кейін парашютпен жерге қарғыған Нұрғаным бес жерде өзіне арнайы жағылып қойылған оттың аумағынан ауытқып, батпақты қалың орман арасына келіп түседі. Орталықтан байланысшы қыздың жіберілгендігін естіп, іздеуге шыққан партизандар рация мен автоматын құшақтаған күйде әбден арып, шаршаған қазақ қызын 4 тәуліктен соң ғана тауып, 80 шақырым жердегі штабқа атқа мінгестіріп алып келеді. Бұл жөнінде байланысшы Н.Байсеитова: «Партизандарда жарқанат секілді күндіз бой тасалап, тек түнде жүретін тәртіп бар, – үшінші күні түнде таң ата межелі жерге жеттік. Менің балалық шағым осылай аяқталып, жау тылындағы жастық шағым басталды. Мүлдем өзге өмір жолым басталды. Отрядқа келгенімде, «мына қазақ қызының қолынан не келеді?» деп ойлады-ау деймін, командирім Сергей Григорьевич Жунин мені өте салқын қабылдады. Құпия құжаттарым бар еді, тапсырдым солардыда Орталықта отырған П.З. Калининге «Аман жеттім. Бірақ бұл жерде маған қолайлы жағдай жасамады» («доехала благополучно, но должных условий не создали», – деп жеделхат жөнелттім. Осыдан соң Мәскеуден хабар келсе керек, кейіннен С.Г. Жунин едәуір жұмсарды. Бүкіл отрядта қазақтан жалғыз едім, маған қарап бүкіл қазақ деген ұлтты бағалайтындай әсерде болып, барымша халқымның намысын, қабілетін көрсетуге тырыстым», – деп жазады. Партизан отрядының байланысшысы міндетін атқаруда қазақ қызының жоғары кәсіби біліктілік пен жауынгерлік жауапкершілік танытқанын: «Арнаулы байланысшылар мектебін бітірген комсомол Н.Байсеитова Белоруссия партизандар қозғалысы штабының жолдамасымен келді. Жас партизан қыз байланысшы міндетін ғана атқарып қоймай, барлаушы сипатындағы тапсырмаларды да орындап, шайқастарға қатысты», – деп жазылған құжат мазмұны қазақ қызының ерлігін анық танытады. Байланысшы қазақ қызы жау тылынан Орталыққа маңызды мәліметтер жеткізіп, 8-партизан бригадасы мен Могилев облысында астыртын құпия жұмыстарын жүргізетін партия ұйымдары мен топтардың «Концерт» операциясына дайындығы туралы хабарлап отырды. Байланысшы міндетін мүлтіксіз атқарған Нұрғанымның эфирдегі лақап аты «Нина» болатын, Орталықтағылар оны «Скрипкашы қазақ қызы» деп атайтын. «Концерт» операциясынан кейін фашистер партизандарға қарсы күресті күшейтіп, жазалаушы отрядтар санын көбейтіп, арнайы әскери бөлімдерін жасақтайды. Осындай жаудың жазалаушы отряды бір күні №8 партизан бригадасындағы Нұрғаным Байсеитованың рациясы тұрған партизандар бөлімшесін қоршауға алады. Байланысшы Нұрғаным дереу эфирге шығып, көрші отрядқа шұғыл хабарлап, рацияны мұқият жасырғаннан кейін автоматтан оқ жаудырып, жауды батыл қарсы алады. Байланысшының хабарынан соң көрші партизан отрядтары да көмекке келіп, жаудың жазалаушы отряды кейін шегіндіріледі. Осылайша бірнеше рет жаумен бетпе-бет ұрыстарға қатысқан байланысшы Нұрғаным партизандармен бірге барлауға да шығып, жергілікті халық арасында неміс фашист оккупанттарына қарсы саяси-бұқаралық үгіт жұмыстарын жүргізуге де қатысады. Радиобайланысшы Нұрғанымның жауынгерлік өміріндегі ұмытылмас оқиға Белоруссияны фашист басқыншыларынан азат етіп, «Багратион» операциясын аяқтап келе жатқан Қызыл Армия әскерлерімен № 8 партизан бригадасының 1944 жылы шілдеде Польша жеріндегі салтанатты қосылу мерекесі болды. №8 партизан бригадасы жауынгерлері қатарында жау тылында ерлікпен шайқасып, Белоруссия территориясын азат етуге қатысқан радиобайланысшы Нұрғаным Байсеитова КСРО Жоғарғы Кеңесінің № 202 бұйрығы бойынша Қызыл Жұлдыз ордені және «Отан соғысының партизаны» медаліне ие болды. Бүгінде Минск қаласындағы Республикалық Орталық музей залындағы көрмеде партизан Нұрғаным Байсеитованың ерлігін бейнелейтін жауынгерлік суреттерге орын бөлінген.  width= Соғыстан аман-сау елге оралған партизан қыз Нұрғаным 1949 жылы соғыс ардагері Сәти Иманғалиевпен отау құрды. Қос ардагердің жанұясында 3 ұл, 5 қыз тәрбиеленіп өсті. Балаларының барлығы да жоғары білім алды. Зейнет демалысына шыққанға дейін Н.Байсеитова бастауыш мектеп мұғалімі қызметін атқарды. Партизан ана 1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында Президент Н.Ә. Назарбаевтың шақыруымен Астана қаласында болып, халқының құрметіне бөленді. Алайда соғыс ардагері, жауынгер ана 1998 жылы дүниеден озды. Халқымыз «Ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран» дейді. Демек, өнегелі өмір сүріп, «партизан қыз» атанған Нұрғаным Байсеитова жас ұрпақтың мәңгілік мақтанышы болып қала береді.  

Бақтылы БОРАНБАЕВА,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты