3 Мамыр 2018, 16:10 815 0 Көлік Анар ЛЕПЕСОВА

24 шақырым веложол қайда кетті?

Көшелері кептелістен көз ашпайтын Алматы қаласында соңғы жылдары велосипедке қонғандардың қатары көбейді. Шығыны аз, денсаулыққа пайдасы мол қозғалыс құралын пайдаланатын астаналықтардың саны да айтарлықтай артқан. Алайда велосипедті «ерттегендердің» алдынан шығатын кедергі көп. Қалаларда веложолдардың аздығы, автобус жолақтарында, тротуарларда қозғалудың жайсыздығы, велосипедті жалға беретін велобекеттердің жеткіліксіздігі, қоғамдық орындарда велотұрақтың болмауы – тізе берсек, түйткіл көп.

Жоспар күйінде қалған жолдар

2017 жылдың сәуірінде ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық мәселелеріне арналған жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы веложолдар салу жұмысына сын айтқан еді. «Қалада веложолдарды салу жұмысы жап-жақсы қолға алынып еді. Кейін ол тоқтап қалды. Веложолдардың барлығы қайда кетті?!», – деді Президент Астана басшылығына қаратып айтқан сөзінде. Сол кезде Астана әкімінің екі орынбасары веложолдар салу концепциясы қабылданғанын, жұмыс биыл мамыр айында қайта жанданатынын жарыса жеткізген. «Тиісті бағдарламаны бастадық. 2025 жылға дейін Астанада 1 717 шақырым веложол салынады. Биыл – 48, келесі жылы – 200, одан соң жыл сайын 400 шақырымнан веложол салу жоспарлануда», – деген еді әкімнің орынбасары Хорошун.

Былтыр елорданың «Жасыл белдеуі» аумағында ұзындығы 24 шақырым веложол пайда болған. Елбасына уәде етілген қалған 24 шақырым жолдың қайда, қашан салынғаны туралы дерек жоқ. Биылға межеленген 200 шақырым да жоспар күйінде қалатын секілді. Өйткені өткен аптада Астанада өткен брифингте қалалық ІІД әкімшілік полициясының капитаны Тимур Байкенжиев Астананың қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасы велосипед транспортын дамыту жобасын бекіткенін, құжат бойынша 2018 жылы елордада небары 47 шақырым веложол құрылысы қарастырылғанын айтты. «Осы жылы Астананың сол жағалауында 47 км веложол пайда болады. Веложол Қабанбай батыр даңғылы бойынша, Мәңгілік ел, Рысқұлов, Қарқаралы тас жолы мен Қонаев, Достық, Мақатаев және Есіл өзені жағалауын бойлай салынады», – деді ол. Қос дөңгелекті серік еткендер бұған да шүкір десті. Автобус жолағында көліктерден қыспақ көретін, тротуарларда жаяу жүргіншілерге жақпайтын велосипедшілерге 47 шақырымның өзі біраз олжа болғалы тұр.

Өткен жылдың күзінде Жол ережесіне енгізілген өзгеріс бойынша велосипедшілерге автобус жолағымен жүруге, ал 14 жасқа дейінгі балаларға тротуармен жүйіткуге рұқсат берілген. Алайда қаншама жылдан бері велосипедті тұрақты қозғалыс құралына айналдырған елорда тұрғыны Талғат Байболатовтың айтуынша, көлік қарасы көбейетін қарбалас сағаттарда көше бойымен жүру тәжірибелі велосипедшілердің өзіне қиындық тудырады. Өйткені ережеге бағынбайтын кейбір көлік жүргізушілері автобус жолағы тұрмақ, сары жолақтың өзін елемейді. «Жолы жөнге келмесе де, велосипед – астаналықтар үшін үлкен игілік. Жасым елуден асты. «Қозғалыссыз тіршілік жоқ» деген қағиданы ұстанатындардың бірімін. Былтырғы маусымда жалға алған велосипедтің есебімен 3256 шақырым жол жүріппін. Күнде таңғы 5-терде тұрып, екі-үш сағаттай велосипед теуіп, 25 шақырымды еңсеремін. Күн тынық болса, 50 шақырым жүріп келемін. Демалыс күндері 50 шақырымды жүріп өту қиын емес. Өйткені жол ашық, көлік аз. Жай күндері үлкен жолдың шетімен баяу аяңдасақ та, көлік жүргізушілері бізді қыспаққа алады. Олардың көбі велосипедшілерді жол қозғалысының бір мүшесі ретінде қабылдағысы келмейді. Мүмкіндігі болса, алдымызды кес-кестеп, дөңайбат көрсетіп, көшенің шетіне қарай қысып жіберуге бейім тұрады», – дейді елордалық ел ағасы.

Өз жолдары болмағандықтан, тротуарларды жол қылған велосипедшілердің де қала тұрғындарына сүйкімі жоқ. Өйткені тротуарлардың көбі тар болғандықтан, жүйткіп келе жатқан велосипедтің жаяу жүргіншілерді қағып кету қаупі зор. «Үш жасар немеремді алып, күніне бір мезгіл серуендеуді әдетке айналдырғанбыз. Алайда осы күні ауладан ұзауға қорқатын болдық. Тротуармен жүрейін десең, ары-бері зулаған велосипедтер қауіпті. Зымырандай зулап келе жатып, немеремді қағып кете ме деп алаңдаумен болам. Велосипед те – транспорттың бір түрі емес пе? Демек, көліктерге арналған жолмен жүруі керек», – дейді астаналық зейнеткер Қарашаш Қасымова.

Қала тұрғындарының осындай қырын көзқарасына қарамастан, Астанада велосипедке мінгісі келетіндердің саны артпаса, кеміген жоқ. Қалаға велопрокат жүйесін енгізген «Astana Bike» компаниясының дерегінше, Астанада 2015 жылы айына орта есеппен адамдар велосипедті 20 мыңнан көп пайдаланса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 146 мыңнан асқан. Салауатты өмір салтына көшкендердің қатары осындай қарқынмен өсетін болса, миллион тұрғыны бар Астанаға «Astana bike» алып келген мың велосипед аздық ететіні анық.

Тұрғындар жалға алу жүйесіне сенбей, өздігінен велосипед сатып алып, еркін пайдаланғысы келсе, оның да қиындықтары бар. Басқа-басқа, көп қабатты үйлердің жеделсатыларымен велосипедті түсіріп не көтеріп алу мүмкін емес. Амалдап түсіріп алғанның өзінде барған жерінде қаңтарып қоятын орын таппай тағы қиналады. Қаланың ірі саябақтарының жанында велобекеттердің болмауы да велосипедке қонғысы келетіндердің меселін қайтарады. Саябақтарда қос дөңгелекпен сейілдеу қарастырылмаған. Демек, көліктің осы түріне таңдауы түсіп, велосипедпен жүруді үйренгісі келгендерге тағы бір мүмкіндік кесілді деген сөз.

Алматыда 21 велошеру өтеді

Қос дөңгелекті көлікке мінген астаналықтар қынжылтатын келесі бір мәселе – қалада салауатты өмір салтын насихаттайтын спорттық шаралардың, велошерулердің жиі ұйымдастырылмайтыны. Бұл тұрғыдан алматылықтардың асығы түгел. 15 сәуірде қалада «Спорттық Алматы» бұқаралық спортты дамыту жобасы аясында дәстүрге айналған велошеру маусымы ашылды. «Нұрлы Тау» бизнес орталығынан бастау алып, Тұңғыш Президент саябағында аяқталатын 9 шақырымдық қашықтықты жүріп өткен велоиспедшілердің қарасы қалың болды. Бұл – 2018 жылға жоспарланған 21 велошерудің алғашқысы. Демек, қалалықтарды велосипедке мінуге ынталандыратын шара әлі 20 рет өтеді. Өткен жылғы маусымда барлық велошеруге жалпы саны 21 мың адам қатысқан болатын.

Осы орайда, Алматы елімізде велосипед тізгіндеуді алғаш болып қолға алған қала екенін айтпай кетуге болмас. Естеріңізде болса, шаһарда жаппай велосипед тебу 2009 жылы 16 тамыздағы «Спорт күні» аясында басталған-тын. 2010 жылдан бастап қалада түрлі мерекелерге орай веложарыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Соның арқасында алматылықтардың велосипедке қызығушылығы артып, қаладағы велосипедшілер саны 2016 жылдың өзінде-ақ 90 мың адамнан немесе қала халқының 6 пайызынан асып жығылды.

Өткен жылы Алматыда 21 шақырым веложолдар салынды. Сөйтіп қаладағы велосипедшілерге арналған жолдың жалпы ұзындығы 68 шақырымға жетті. Қала әкімдігі алдағы уақытта тағы 13 шақырым веложол салуды жоспарлауда. Өткен жылы «Тұрақты көлік» жобасының нәтижелері жарияланған жиында Алматы әкімі Бауыржан Байбек: «Маған өкпелейтіндер көп. Велосипедшілердің аз екенін біле тұра, неге сонша веложол салдыңыздар дейді. Менің айтарым, велосипедшілерге алдымен жағдай жасау керек. Егер велосипедпен жүру қауіпсіз болмаса, оған ешкім отырмайды. Алматы əкімдігі алған бағытынан қайтпайды. Өйткені бұл нəтижесін көрсетіп жатқан жоба», – деген еді.

Жалпы, бүгінде Алматы тұрғындарының 45 пайызында велосипед бар екен. Соның ішінде 4-5 пайызы бұл көлік түрін тұрақты пайдаланады. Бұл көрсеткіш әлі өсе түсуі мүмкін. Өйткені Алматыда іске асырылып жатқан жобалардың дені жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған. Мәселен, өткен жылы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры мен Алматы қалалық әкімдігі бірлесе жүзеге асыра бастаған әлеуметтік-инновациялық жобаның екінші кезеңінде шаһарда 150 жаңа велостанса іске қосылды. Қолға алынған жоба аясындағы үш кезең қорытындысы бойынша, биылғы жылдың соңына дейін алматылықтарға 2410 дана велосипеді бар 300 велостанция қызмет көрсетпек.

Бүгінде қаладағы «Almaty Bіke» автоматтандырылған веложалдау желісі қанатын кеңге жайған. Ақылды веложүйенің қалалық коммуникация желісіне қосылмай-ақ күннің қуатымен жұмыс істей беретін артықшылығы бар. Бұл ретте велосипедті пайдаланатын адам тіркеуден өткен соң кез-келген пайдалану бекетінен велосипедті жалға алып, жүріп біткен соң, желінің басқа нүктесіне қаңтарып кете алады. Осылай қаламыздың әрбір тұрғыны қалаған уақытында велосипедті емін-еркін жүргізуге мүмкіндік ала алады. Тіпті, егер велосипедті жалдау уақыты жарты сағаттан аспайтын болса, онда оны тегін пайдалана аласыз. Жобаны жасаушылар велосипедті тұрақты қатынас құралына айналдыру үшін қалалықтарды осылай ынталандырмақ. Ал велосипедті жалға алу тарифі әзірге өзгеріссіз. Қос дөңгелекті 1 сағат пайдалану құны – 100 теңге болса, 2 сағат тебетіндер 250 теңге төлейді. Ал жылдық абоненттік төлем – 10 000 теңгеге дейін барады. Бұл ретте, зейнеткерлер, студенттер мен ІІІ топтағы мүгедектер үшін төлем 5000 теңгеге дейін жеңілдетілетінін айта кеткен жөн.

Жоғарыда аталған шаралар қалада велосипедке мінгендердің қатарын арттырғанымен, олардың көпшілігі велосипедті қол боста аяқ жазу құралы деп қабылдайды. Қала әкімдігінің мақсаты – қос дөңгелекті жұмыстан үйге, үйден жұмысқа тез баратын көлік ретінде пайдаланушылар санын көбейту. Соның арқасында Алматының бас ауруына айналған жол кептелісі мәселесі шешілер еді. Жанармай шығындамайтын, ауаға зиянды қалдықтар шығармайтын көлік түрі қала экологиясы мен экономикасын айтарлықтай оңалтары анық.

Бұдан бөлек, велосипед жұмысы көп, бірақ қозғалысы аз қалалықтарды сан түрлі сырқаттан аулақ етпек. Ақ халаттылардың айтуынша, велосипедке тұрақты мінетіндердің орта жасы өзгелерден бес жылға ұзағырақ болады. Қос дөңгелекті көлікпен жүру рак пен жүрек аурулары қаупін азайтатын көрінеді. Бұған жуырда ағылшын ғалымдары жасаған зерттеу нәтижелері дәлел. Бес жылға созылған зерттеуге 250 мың британдық, олардың ішінде рак диагнозы қойылған 3748, жүрегі ауыратын 1110 адам қатысқан. 5 жыл ішінде олардың 2430-ы қайтыс болған. Зерттеу нәтижесінде велосипедпен жүру өлім қаупін ракпен ауыратындарда 45 пайызға, жүрегі ауыратындарда 46 пайызға азайтқан. Зерттеуге қатысушылар велосипедпен аптасына орташа есеппен 48 шақырым жүрген. Көп жүрген сайын олардың денсаулығы жақсара берген. Cancer Research UK өкілінің айтуынша, велосипедпен тұрақты жүру арқылы спорт залына бармай-ақ көп аурудың алдын алуға болады.

Копенгагенде әр тұрғынға –1,2 велосипедтен

Велосипедтің денсаулыққа пайдасына көз жеткізген еуропалықтар үшін қос дөңгелекті көлік күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігіне айналған.

Соңғы жылдардың дерегіне сүйенсек, берлиндіктердің 13 пайызы, Мюнхенде қызметкерлердің 15 пайызы, ал Амстердамда 37 пайызы жұмыстарына велосипедпен қатынауды қолайлы санайды.

Әлемде велосипедті ең көп пайдаланатын қалалардың бірі – 1 млн тұрғыны бар Копенгаген қаласы. Дания астанасы тұрғындарының тең жартысы жұмысқа немесе оқуға велосипедпен қатынағанды жөн көреді. Қаладағы велосипед саны тұрғындардан 40 мыңға артық. Үйінде екі баласы бар жанұялардың төрттен бірінде жүк таситын велосипед бар. Сол арқылы дүкеннен алған заттарын тасып, сәбилерін балабақшаға апарады. Жергілікті халық тіпті қар немесе жаңбыр жауып тұрса да осы көлік түрімен қатынайды. Копенгагенде 390 шақырымнан астам жол веложүргіншілердің игілігіне берілген. Дания парламентінің бестен үш бөлігі транспорт ретінде велосипедті пайдаланса, қос дөңгелекті көлікті тізгіндегендердің бәрі арнайы жол ережелеріне бағынады. Тәртіп бұзғандар айыппұл арқалайды. Мәселен, велосипедші кешке арнайы жарық түсіретін құрылғысыз жүрсе – 95 еуро, қарсы бағытта жүрсе –135 еуро, велосипедті рөлін ұстамай жүргізсе – 95 еуро, веложолда келе жатып телефонмен сөйлессе – 135 еуро, бір орынға арналған велосипедке екі адам отырса 95 еуро төлейді.

Шығыны аз, пайдасы мол көлік 2007 жылдан бастап париждіктер арасында да кеңінен қолданысқа ене бастады. Дәл осы жылы Франция астанасында әр 300 метр сайын 750 велотұрақ ашылды. Бүгінде қаладағы тұрақ саны екі мыңнан асады. Велосипедшінің есеп шотында 150 еуро болса, ол бұл игілікті жыл он екі ай тегін пайдалана алады. Қандай да бір зақым келтірсе, оның шығынын әлгі 150 еуродан ұстап қалады. Екіншіден, «шайтанарбаны» тұрақтан алар кезде оның дөңгелегіне, орындығына, т.б. толық мән беру қажет. Себебі өткізерде индикаторда жасыл түс жанып тұруы тиіс. Олай болмаған жағдайда арнайы жүйе бұғаттаулы тұрған шоттан пайдаланылғаны үшін белгілі бір көлемде ақша ұстап отырады. Бұдан бөлек, велосипедшілер жол ережесін қатаң сақтауы тиіс. Ереже бұзылған жағдайда копенгагендықтар секілді қомақты айыппұл төлеуге тура келеді.

Ал біздің елімізде 2017 жылға дейін Жол ережесінде велосипедшілерге қатысты арнайы қағидалар енгізілмегендіктен, қос дөңгелекті көліктердің қатысуымен түрлі төтенше жағдайлар орын алып жатты. Мәселен, 2012 жылы 282 апат тіркеліп, 37 адам қаза тапты. Ал 2013 жылы 511 апат орын алып, 27 адам опат болды. 2014 жылы 445 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 36 жолаушы көз жұмды. Өткен жылы Астанада велосипедшілердің араласуымен бір адам мерт болып, 20 адам түрлі дәрежеде жарақат алған 19 жол-көлік апаты тіркелді. Міне, осындай жаншошытарлық деректерден кейін велосипед тізгіндеуге байланысты арнайы заң қабылдау қажеттігі туды. Өткен жылдың күзінде Ішкі істер министрлігі жол қозғалысы ережесіне велосипедшілерге қатысты өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, ережеге «велосипедші», «велосипед жолы», «велосипедке арналған жолақ» деген сөздер енді. Ал «мопед», «жол жиегі» деген сөздердің түсінігі барынша кеңейтілді. Бұдан бөлек, велосипед жолағы жоқ жерлерде мопед пен велосипед жүргізушілері 14 жастан жоғары болса, жолдың оң жақ бөлігінің шетімен және маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен қозғалуына рұқсат етілді. Ал 14 жастан төмен балалар велосипед жолы жоқ жерде жаяу жүргіншілерге қауіп тудырмайтын жағдайда тротуармен қозғала алады. Ал ондай жағдай болмаса көлігін жетектеп жүруі тиіс. Апат айтып келмейді. Сондықтан қауіпсіздік шараларына мұқият болған абзал.

 

Соңғы жаңалықтар