Түркістан тарихының қанымен жазылған күндері
Түркістан тарихының қанымен жазылған күндері
Тәуелсіз елімізде біз 1 мамырды Қазақстан халықтары бірлігінің күні ретінде мерекелейміз. Советтік дәуірде бұл күн Еңбек пен көктем мейрамы, Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастық күні аталып, кең тойланатын. Осы Еңбек мейрамы күнінде 1918 жылы тағы бір ұлы тойға лайық оқиға болды: Ташкентте Түркістанның Советтік автономиясы жарияланды. Ал сол тарихи оқиғадан екі жарым айдай уақыт бұрын Қоқанда жарияланған Түркістан өлкесіндегі алғашқы автономия құрдымға кетірілген еді...
1917 жылғы қарашаның ортасында Ташкентте өткен жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерінің ІІІ съезінде большевиктер Петроградта қазанның 25-інде жасалған төңкеріс үлгісімен Түркістан өлкесіндегі билікті қолға алды, кеңес өкіметі орнағанын жария етіп, халық комиссарлары кеңесін құрды. Мұсылмандар ұйымдары атынан съезге келіп сөйлеген Серәлі Лапин еуропалықтардың Түркістан өлкесінде бар болғаны бес-ақ пайыз екенін естеріне салып, құрылмақ үкіметте жергілікті халық өкілдерінің алар орны соған сәйкес, пропорционалды болуын талап етті. Алайда большевизм «түземдіктер арасында пролетариат жоқ» деген сылтаумен елді басқару жұмысына жергілікті халық өкілдерін жолатпады. Бұған наразы болған мұсылман ұйымдары шұғыл съезд шақырды. Жер-жерден сайланған делегаттар Қоқанға жиналды да, 1917 жылғы 24 қарашада мұсылмандардың төтенше ІV құрылтайы өз жұмысын бастады. 28 қарашада Түркістан автономиясын жариялап, автономияның Уақытша ұлттық кеңесі мен үкіметін жасақтады. Осылайша, Орта Азиядағы тұңғыш ұлттық-демократиялық мемлекетті құру қарекеті қолға алынды. Оның оңай болмасын өлкедегі Шора-и-Исламияның – мұсылмандардың орталық кеңесінің төрағасы ретінде Мұстафа Шоқай кіріспе сөзінде ескерткен. Ә дегеннен толыққанды мемлекет құрудың оңай болмасы түсінікті екенін айтқан. Өйткені қазіргі таңда ондай ұлы істі жүзеге асыруға қажет білікті кадр да, жеткілікті тәжірибе де жоқ деген. «Ең бастысы – автономиямызды қорғайтын армия да жоқ, – деп терең күрсінген. – Русияның бүгінде қатты әлсірегенін көріп отырмыз, бірақ соның өзінде ол бізден әлдеқайда күшті. Сондықтан да біз онымен жауласпай, достық рәуіште өмір сүруге тиіспіз». Сосын өзінің кеңес өкіметінің саясатын қабылдай алмайтынын, бірақ Советтерді билеп тұрған большевиктердің қаусатқыш күшінің көптігіне және тегеурінділігіне көзі жететінін айтты. Тура солай: «Большевиктердің бәрін күйрететін қиратқыш күш-қуатқа ие екеніне күмәнім жоқ, оған толық сенемін, бірақ бәрібір Совет саясатын ұнатпаймын», – деген еді. Большевиктердің күйреткіштік қабілеті тез-ақ көрінді. Желтоқсанның 13-інде жұрт – Ташкент тұрғындары мен айналадағы ауылдардан келген салт атты қалың қазақ – өлкеде елдік туы көтерілгеніне шаттанған, алайда автономия тойының шырқын большевиктер оңдырмай бұзды. Бейбіт халыққа тасадан пулемет оғын жаудырды. Жергілікті түркістандықтардың ел болдық деп қуанған мерекесінде оқшашармен қырғын жасаған қылығын халқымыз ешқашан ұмытпас та, кешірмес те деп кіжінген ұлт қайраткерлері большевизмнің озбырлығына қасақана, Түркістан (Қоқан) автономиясының іргесін түрлі саяси шаралар қолдану жолымен нығайту жұмыстарын жүргізе берген. Алайда автономия ғұмыры бар болғаны 64 күнге созылды. Үкімет қуылып, Қоқан халқы бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген қырғынға ұшырады, шаһар жермен жексен етілді.
Бұл қайғылы жағдайға байланысты қоғамдық өмірмен бірге тыныстайтын «Бірлік туы» газетін шығарып жүрген Сұлтанбек Қожанов пен Хайретдин Болғанбаев басылым беттерінде нақты куәліктер қалдырды. Сұлтанбек Қоқан қырғынына дейін жария еткен мақаласында мүдде қайшылықтарын танытқан съездерді шолып шықты. Аймақ билігін большевиктер партиясы зорлықпен қолға алғанда, келісіммен іс қыла алмайтындарына көздері жеткен мұсылман ұйымдары «Қоқан шаһарында сиез жасап, автономия ығлан етіп еді», алайда большевиктер «бұл автономияны танымаймыз, өйткені ол Түркістанның байлары һәм молдалары жасаған іс, оған кедейлердің қатысы жоқ» деген желеу айтты деп жазды ол. Сонда мұхтарият (автономия) үкіметі 25 желтоқсанда «жұмыскері бар, егіншілері бар, тағы сиез жасады, сиезде Түркістан автономиясын жақтап, болшеуиктерге қарсы қаулы» алынды. Бұған большевиктер: «бұл – кедейлердің байлардан қорқып, жалтақтағаны», «шын кедейлер бұл сөзді айтпайды», «мұның үстіне Түркістан аймағында... қазақ-қырғыз автономиясы туралы бір сөз де айтылған жоқ. Соның үшін де бүтін Түркістан атынан ығлан етілген деуге болмайды. Байлардың етіп жүрген қулығы екені осыдан білініп тұр» деген екен. Олардың осы жаласына жауап ретінде «...бүтін Сырдария облысы қазақ-қырғызы ғинуардың 6-сында Түркістан шаһарында сиез жасап, бұл сиезде Түркістан автономиясын жақтап, болшеуиктерге қарсы қаулы жасады. ...Енді болшеуиктердің сөзі таусылды ғой деп едік, тағы: «болған сиездердің барлығы да байлардікі. Ішінде кедейлер болса, көбі – байлардың қасы мен қабағына қарағандар. ...біз өзіміз шын мұсылман кедейлерінің басын қосып, «мұсылман советін» ашамыз. Солар автономия керек десе, шын қаулы солардікі болады. Соларға ғана береміз» ...деп жалтарып шыға келді». ...23-ғинуарда: «Автономияны жоғалту тиіс. Мұсылмандар өздерін басқарып жүретін шекке жеткен жоқ», – деп қаулы жасады. Он миллионнан астам мұсылмандарды, ...бүтін Түркістанды 5-6 болшеуик билеуге бел байлап отыр. ...жүре-бара түзеліп кетер деген автономиямыз... бұған қол көтерілейін деп тұр, қарсы іс істелейін деп тұр...». Осындай қауіп білдірген Сұлтанбек Қожановтың мақаласы «Бірлік туында» 1918 жылғы 29 қаңтарда жарияланған еді, ал жорамал зұлымдық 31 қаңтарда аныққа шықты...
Советтер билігін мойындаудан бас тартқан Түркістан (Қоқан) автономиясының үкіметін тәубесіне келтіру үшін Ташкент большевиктері орталықтан жәрдем сұраған-ды. Көмек кешіккен жоқ. Мәскеуден оқшашары мен зеңбірегі мол, мұздай боп құрсанған әскер тиелген он бір эшелон теміржолмен келіп жетті. Оған қоса, өлкені патша әскері жаулап алғалы бері Ферғана алқабындағы қалаларға келіп қоныстанып, «Дашнакцутюн» саяси партиясына ұйысып алған армяндарды большевиктер қарумен арнайы жабдықтады. Дашнак-армяндар большевизм әскерінің қатарында Қоқанды айрықша өшпенділікпен талқандады. Халықты аяусыз қырып, қатыгездіктерімен көзге түсті. 1918 жылғы 31 қаңтардан 10 ақпанға дейін созылған сұрапыл шабуыл барысында Түркістан мемлекеті мүлдем құртылды. Содан қырық жылдан астам уақыт бұрын Ресей армиясы жойған Қоқан хандығының астанасын енді большевиктер армиясы тас-талқан етті. Осылай, айналдырған жарты ғасыр ішінде Түркістанды әуелі империя мүддесін көздеген патша әскері, енді міне, екінші рет, тап сол империялық мүддені таптық жалаумен бүркемелеген совет әскері жаулап алды. 120 мыңдай халқы бар шаһар қирап, халқының төрттен бір бөлігі ғана қызыл қырғыннан аман қалды. (Совет өкіметінің тыныш жатқан шаһарға басып кіріп, ойран салуы, бейбіт жұртты қанға бөктіруі, жеке иеліктегі дүние-мүлікті тонап, талан-таражға түсіруі түркістандықтардың ызасын туғызды. Кеңестік большевиктік биліктің қанқұйлы озбырлығына қарсы барша Орта Азия халықтары қарсылық қозғалысты өрістетті. Жер-жерде партизандық қимылдарға көшті. Отар тәуелсіздігін аңсаған көтерілісшілерге большевизм тарапынан, «басмашылар» деген айдар тағылып, оларды басып-жаншуға кеңес өкіметі көп жылдар бойы үгіт-насихатпен қатар әскери күш қолданды).
Хайретдин Болғанбаев бұл күндерді Түркістан өлкесі халқының есінен өмірінде шықпас деп жазды. Өйткені осы он күнде «адам пішінді жыртқыштар» зеңбірек, оқшашар отымен Қоқан көшелерінде кәріні, жасты, еркекті, әйелді талғамай, құтырған қасқырдай қырды. Неше мыңдаған бейбіт халықты қамыстай жапырып, шаһардың күлін көкке ұшырды. Бейкүнә мұсылман халқының қаны судай шашылды. «Бұршақтай жауған пулемет оқтары астында тұла бойлары қалш-қалш етіп, екі көздері білеудей болып, құлындағы даусы құраққа шығып шыңғырған жас сәбилердің», «құшағына баласын қысып, екі көзі ұясынан шығып қайда тығыларын біле алмай, дуалдан дуалға секіріп жүрген мұсылман әйелдерінің», «аяқ-қолдары тәлтіректеген, аппақ бастары селкілдеген сорлы кемпір-шалдардың» көрген қорлықтары, «тірідей отқа тасталғаны» ешқашан ұмытылмас. «Адам-хайуан» есепсіз мұсылман халқының қанын судай шашып, «өсіп келе жатқан бостандық гүлін» табанына таптады. Бұл он күн «Түркістан тарихында сиямен емес, қанмен жазылатын күндерге айналды». Сол күндергі қантөгісті жүрегі жылай отырып жазған Хайретдин «Русияның үлкен өзгерісінің буына желігіп», «қашанғы жоғалтқан еркіндігіне талпынған» «сорлы Түркістанды» алдандың дейді. Ақылға шақырады. Өлген теңдіктің шеттен келген бумен тірілмейтінін айтып, шын теңдікті аңсасаң – «өзгеріс буы өзіңнен шықсын» дейді. «Адам пішінді жыртқыштардың тұла бойлары қан сасиды», солардың хайуандығынан «көз алдыңда судай аққан кінәсіз қандар» бойыңа намыс отын жағып, «баяғы айбыны күшті Темірің мен ақылы дана Бабырларыңды» есіңе салуға тиіс дейді. «Ұлтын сатып, дінінен безген бұралқылар», біліңдер, «достарыңның қолдарындағы жосадай қызыл бояу» – өз «бауырларыңның қаны» дейді, діни кітаптағы Әбіл мен Қабыл аңызын еске салып, «әлде сендер Қабылдың сарқытын ішіп, өз бауырын өзі бауыздаған, өз ұлтынан өзі безген шоқындысыңдар ма?!» деген ауыр сұрақ қояды. Хайретдиннің бұл мақаласы «Бірлік туы» газетінің 1918 жылы 15 наурыздағы санында жарияланған-тын...
***
Түркістан автономиясын қатыгездікпен жойған жауынгерлік операцияның қайғылы салдары Мәскеуді қатты алаңдатты. Сондықтан басмашыларға қарсы соғыс қимылдарын жүргізе отырып, «тәтті күлшемен» халықтың аузын алуды да мұқият ойластырды. Шығыс еңбекшілерінің өз тағдырын өзі шешпек ойынан шығу үшін өлкені кеңестік негіздегі автономия етіп құруға пұрсат беріп, Түркістанның Советтік Автономиясын жариялауды әзірлеу жөніндегі комиссияға орталық уәкілі етіп түркі халықтарынан шыққан Құсайын Ибрагимов пен Юсуф Кливлеевті қосты. Халкомкеңес төрағасы Ленин мен Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Сталин Ташкенттегі сол уәкілдеріне және өлкелік V Советтер съезіне орталық биліктің тілегін білдіріп, 22 сәуірде арнайы жеделхат та жолдады. Онда: «Сіздердің өлкелеріңіздің кеңестік үлгідегі автономиясына Халық Комиссарлары Кеңесінің қолдау көрсететініне, жолдастар, сене беріңіздер, – делінген-ді. – Біз Сіздердің бастамаларыңызды қоштаймыз және күллі өлкені Кеңестер торымен қамтитындарыңызға, ал жұмыс істеп жатқан Кеңестермен толық байланыста әрекет ететіндеріңізге өте сенімдіміз». Түркістан өлкесі Кеңестерінің Бесінші съезі 1918 жылғы 20 сәуірде ашылып, 1 мамырға дейін жұмыс істеді. 30 сәуірде съезд «Түркістанның Кеңестік Федеративтік Республикасы туралы Ережені» бекітті. Ереженің бірінші тармағында: «Түркістан территориясы Ресей Кеңес Федерациясының Түркістан Кеңестік Республикасы болып жарияланады», – деген тарихи ұйғарым көрсетіліп, одан, Түркістан Республикасының құрамына – өлкенің географиялық шекарасында жатқан (әлі хандық өкімет билеп тұрған Хиуа мен Бұхарадан өзге) күллі ел аумағы кіретіні атап айтылды. Екінші тармақтағы: «Түркістан Кеңестік Федеративтік Республикасы автономды түрде басқарылады», – делінген салтанатты мәлімдеме Түркреспубликаның Ресей Кеңес Федерациясы Орталық Үкіметін мойындайтынын және қызметін онымен үйлестіріп отыратынын тұжырымдаған сөйлеммен сабақталды. Одан әрі үшінші тармақ: «Түркістан Федеративтік Республикасының жоғарғы заң шығарушы органы желтоқсанның алғашқы күндерінде шақырылатын Жұмысшы, солдат, шаруа және мұсылман-диқан депутаттары Кеңестерінің съезі болып табылады», – деп түйіндеді. Төртінші тармақта Түркістан Кеңестері Орталық Атқару Комитетінің (Түркаткомның) тұрақты заң шығарушы жоғарғы орган екендігі, оның съезде сайланатыны, құрамы 36 адам болатыны айтылған. Бесінші тармақта атқарушылық функциялар және өлкені басқару мәселелері Халық Комиссарлары Кеңесінің қолына шоғырландырылатыны, халкомкеңес құрамына 16 адам енетіні, оны да съезд сайлайтындығы тұжырылған. Ал жер-жердегі билік, Ереженің алтыншы тармағына сәйкес, тиісті Кеңестер мен олардың атқару комитеттеріне берілді. Қазақ, өзбек, түркімен, қырғыз, қарақалпақ, сондай-ақ, пәлен ғасыр олармен бірге тұрып біте қайнасып кеткен тәжік мекендейтін Түркі елінің кеңестік автономиясын жариялаған съезд Түркістан Федеративтік Республикасы Орталық Атқару Комитетінің (төрағасы П. Кобозев) құрамындағы 36 мүшенің жетеуін, Халық Комиссарлары Кеңесінің (төрағасы Ф. Колесов) құрамындағы 16 мүшенің үшеуін жергілікті халық өкілдерінен сайлады. Бұл, қанша дегенмен, сәл де болса әділетке бет бұрушылық іспеттенді. Өйткені еуропалық кірмелердің өлкедегі халықтың бар болғаны бес-ақ пайызын құрайтынына қарамастан, билікті қолына алғанын жария еткен Түркістан өлкесі Кеңестерінің 1917 жылдың 15-22 қарашасында өткен Үшінші съезі алғашқы Халкомкеңес (Ф. Колесов сонда бірінші рет төраға боп сайланған) құрамына бірде-бір жергілікті ұлт өкілін енгізбеген болатын. Өйткені И. Тоболин (оны «Түркістандағы Ленин» деп атайтын) жетекшілік ететін Түркістан большевиктері жергілікті қайраткерлерді басқару ісіне пісіп-жетілмеген деп санаған-ды. Көшпенділер марксистік тұрғыдан қарағанда – экономикасы әлжуаз, болашағы жоқ, демек, ашығып жатыр екен деп оларға нан беруге болмайды, азық-түлікті кеңес өкіметінің тірегі боп табылатын Қызыл армияны қамтамасыз етуге жұмсау керек деген ұран да солардікі еді. Түркістанның Кеңестік Автономиясын жариялап, Түркістан Республикасы өкіметінің құрамына бірлі-жарым түркі қайраткерін қосу арқылы, большевиктер жергілікті халыққа көрсеткен бастапқы астам көзқарасының ептеп өзгере бастағанын сездірді. Осы жәйттен үміттенген әрі Қоқан қырғынынан көңілдеріне қаяу түсіп, шарасыздыққа душар болған ұлт қайраткерлерінің большевиктер беріп отырған осынау мемлекеттілік түрін медеу тұтудан басқа амалы да қалмаған болатын. Сондықтан да өлкенің 1 мамырда салтанатты түрде жарияланған кеңестік қалыптағы автономиясына қолдаушылық көрсетті. Және біртіндеп оны ұлттық мазмұнмен толықтыру үшін күресті. Түркреспубликада 1918 жылғы көктемде Халық университеті, күзде Ташкент педучилищесінің Қазақ бөлімшесі ашылды. 1920 жылы Халық университеті негізінде Түркістан мемлекеттік университеті құрылды. Ал орыс оқу орнындағы Қазақ бөлімшесі 1919 жылы дербес педагогикалық училище тәжін киіп, 1920 жылы Қазақ ағарту институты (Киргизский институт просвещения, Киринпрос) атты жоғары оқу орнына айналды. Түркістан үкіметіндегі большевиктер мен эсерлер арасында өріс алған қайшылықтар салдарынан Түркреспублика Әскери комиссары Константин Осипов 1919 жылғы қаңтарда қарулы көтеріліс жасады, өзін диктатормын деп, қала халқына үндеу жариялады. Ол – Ташкент кадет корпусының түлегі, Қоқан қырғынын жасаушылардың бел ортасында болып, республиканың әскери комиссары мансабына жеткен, сосын Созаққа әскери жорық жасап, момын халықты ойрандап, тонауымен аты шыққан 22 жасар жас жігіт еді. Соның бұйрығымен ТүркЦИК төрағасы Вотинцев, Совнарком төрағасы Фигельский, Ташкент советінің төрағасы Шумилов пен оның орынбасары Финкельштейн, Түркістан Төтенше комиссиясының (ЧК) төрағасы Фоменко, барлығы 14 комиссар көтерілісші қосынның казармасы сыртында атып тасталды. Дегенмен шұғыл құрылған әскери-революциялық кеңестің басшылығымен бүлік талқандалды. Көктемде ТүркЦИК төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловтың басшылығымен өлкелік партия комитеті жанынан жеті бөлімнен тұратын аппараты бар Мұсылман бюросы (Мұсбюро) құрылып, ұлттық коммунистік ұйымдармен, жалпы ұлт қызметкерлерімен тікелей жұмыс жүргізуге кірісті. Колчакқа қарсы көтеріліске қатысып, ақтардан бой тасалауға мәжбүр болған 19 жасар Дінше Әділов 1919 жылдың жазында Ташкенттегі осы Мұсбюроға келген. Осында өзіне Омбыдан таныс Хайретдин Болғанбаевты кезіктірген де, сол арқылы Сұлтанбек Қожановпен танысқан. Өзінен бес-алты жас үлкен осы ағаларынан өлкедегі тарихи оқиғаларды, өзгерістердің қыр-сырын терең біліп, саяси сабақ алған. (Олар Діншені өздері істейтін педагогикалық училищедегі қазақ бөлімшесіне қызметке тартты). Дінше аға-достарымен сырласа келе, «большевиктер өлкеге азаттық әкелді» деген байламға күдікпен қарады. Әсіресе, Перовск жақта Гержод деген большевик совет өкіметі атынан көшпенді халыққа қырғидай тиіп жүрген-тін. Сорақы істері қатарында аймақтағы белгілі ел ағаларының мал-мүліктерін тонау өз алдына, өздерін абақтыға жауып, тіпті сотсыз-тергеусіз, өз ұйғарымымен ата беретіні жайындағы қорқынышты хабар дүңк-дүңк естілетін. Сол большевиктің қолынан Сұлтанбектің жұбайы Гүләндамның үлкен ағасы Сейдәлі Лапин қаза тапты. Оның інісі, Қоқанда жарияланған автономия басшыларының бірі болған Серәлі түсініксіз жағдайда өмірден өтті. Дінше Қиыр Шығыста, одан Сібірде тыныш елді ақтардың ғана қудалағанын көріп-білген-тін, ал қызылдардың олардан да өткен сұмдық жасайтыны үш ұйқтаса түсіне кірмейтін. Ақ Сібірден қызыл Түркістанға қашып келгеніндегі ақиқат көңілін қатты құлазытты. Әйтсе де Сұлтанбектің мұндай сұрқиялармен солар мүше болып жүрген большевиктер партиясының қатарына кіріп алып, содан соң барып күресу керек деген шешімі қобалжуын басқандай болды. Педучилищеде сабақ бере жүріп, Түркістан университетіне дәрістер тыңдауға барып тұрды. 1920 жылдың көктемінде, Мұсбюро мен Түркаткомның ұйғарымына сәйкес, Жетісу облыстық оқу бөлімінің меңгерушілігіне бекітіліп, Верныйға аттанды. Совет өкіметінің халыққа уәде еткен жақсылықтарын жүзеге асыруға тікелей атсалысуды парызым деп ұқты...***
1928 жылы шыққан «Түркістан Кеңестік Автономиясының он жылдығына» атты кітапшасында Сұлтанбек Қожанов өлкедегі төңкерістің табиғатына, саяси күштер мен олардың әлеуметтік сүйеніштеріне талдау жасап жазды. Түркістанның 1918 жылғы 1 мамырда мемлекеттік құрылым ретінде рәсімделуі кейінірек Орталық Азияда бес бірдей ұлт республикасының құрылуына кеңестік база жасап берді деп қорытты. Түркреспублика алты жыл ғана өмір сүрді. Соның өзінде ол өлкенің саяси тарихында өшпес із қалдырды. Өйткені империяның шалғайдағы қараңғы, мешеу отары болып келген аймаққа автономия беру арқылы, Қожановтың сөзімен айтқанда, «ұлттық құрылыс салудағы нақты алғашқы қадам жасалды, бұл сонысымен маңызды». Бұрынғы Түркістан Республикасының кеңестік даму кезеңдерін ол үшке бөліп межеледі: біріншісі – Қазан төңкерісінен бастап, Түркістанның Кеңестік Автономиясы жарияланғанға дейінгі оқиғаларды қамтиды, екіншісі – автономия жария етілгеннен соң, Түркістанның барлық түкпіріне орталықтың қатаң саяси басшылығы енгізілгенге дейінгі, үшіншісі – Түркреспубликаны, Бұхара және Хорезм халық республикаларын ұлттық белгілері бойынша жіктеп-межелегенге дейінгі кезең. Түркістан Федеративтік Республикасының қабырғалы қайраткерлерінің бірі санатында болған, оның он жылдығы тұсында БК(б)П Орталық Комитетінің Орта Азия Бюросында жауапты қызмет атқарған Сұлтанбек Қожанов бұл кезеңдерді аталмыш шағын еңбегінде белгілі мөлшерде коммунистік бояумен бояп, терең ойлы сараң сөздермен сипаттайды. Шынында да, советтік негізде болса да, Түркістан Республикасының шаңырақ көтеріп, алты жыл қызмет атқаруы өлкені мекендеген ұлттардың болашақта мемлекеттік тәуелсіздікке жетуіне жол салған ұлы оқиға болды. Түркреспублика кеңес билігі қоластындағы Шығыста тез арада қаһарлы ұлттық мемлекеттік құрылымға айналды. Қысқа мерзімде ұлттық кадрлар қатарының толыққаны сондай, 1920 жылы-ақ Тұрар Рысқұлов бастаған коммунистер өлкенің өкілетті ұйымдарында Түркі Республикасын және Түркі халықтарының коммунистік партиясын құру туралы шешімдер қабылдануына ұйтқы болды. Түркістан жұртының мұндай біртұтастық танытуға ұмтылуы орталық биліктің үрейін ұшырды. Нөмірі бірінші большевик Лениннің өзі бас болып, өлкенің ұлттық-аумақтық тұтастығын «Өзбекия, Қазақия, Түркменияға» бөлшектеу арқылы жою амалын қарастырды. Алайда сол тұстағы азамат соғысы мен басмашылар қозғалысы іспетті шиеленісіп тұрған саяси жағдай ғана мәселенің тез жүзеге асырылуын тежей тұруға мәжбүр еткен еді. Ақыры, азамат соғысы жеңіспен аяқталып, халықтың басмашыларды қолдауы азайған шақта, «бөлшектеп ал да – билей бер!» сынды империялық көне ұстанымды орнықтыру қолға алынды. Лениннің өсиетін есте ұстаған Бас хатшы Сталин 1924 жылдың басында Орта Азияны жаңаша бөлшектеп, тиімді басқару әдісін енгізу шарасына бата берді. Мәскеу эмиссарлары Түркістан, Бұхара, Хиуа қайраткерлерінің тар ұлтшылдық сезімін қытықтап қою арқылы науқанды қажет арнаға бағыттап, ширата түсті. Өзбек пен түрікпеннің лауазымды қызметкерлері тезірек ұлттық үй тігіп алу бағытын ұстанды. Оларға сол дәуір ұғымындағы тәуелсіздік туын көтерудің, Кеңес Одағы шаңырағына дербес уық қадаудың ғаламат мүмкіндігі ашылған еді. Сондықтан да мәселе Түркістан, Бұхара, Хорезм (Хиуа) республикалары қайраткерлерінің арасында қызу талқыланды. Осы үш республиканы мекендейтін халықтарды жеке ел болулары үшін ұлттық белгілері бойынша топтастырып, жаңаша жіктеу керек болды. Нәтижесінде, түркі тумалардың әр ұлысы өз мемлекетін құрып алу үшін бір-бірінен іргесін ажыратуға ұмтылды. Шапшаңырақ дербес, жеке ұлттық бірліктерге ұйысуды, қайткенде бірінен-бірі бөлінуді мұрат еткендерге Түркреспублика басшыларының бірі Сұлтанбек Қожанов қана қарсы шықты. Ол өлкені ұлттық-мемлекеттік тұрғыда жіктеп-межелеуді қарабайырландыруға болмайды деген ойды алға тартты. Ғасырлар бойы қоян-қолтық өмір сүріп келе жатқан халықтардың күллі тыныс-тіршіліктегі тығыз байланысын күрт үзу – межеленудің мақсаты болмауға тиіс деп пайымдады Сұлтанбек. Оның қызына дәлелдеуінше, тәуелсіздікті тек бір жақты қарастыруға болмайды. Межелену өзбек пен түркіменге тиімді екен, бірден одақтас республика тәжін киетін көрінеді. Бірақ содан дәмеленіп, ешкімге жалтақтамай, жылдамырақ бөлектенсем, өз отауымды тігіп алсам деген өзімшілдік көзқарас түбірімен қате деді ол. Жер еметін өзбек экономикалық тұрғыда қазірдің өзінде тәуелсіз. Оның ғасырлар бойы аралас-құралас тіршілік құрып келе жатқан малшы қазақтан ірге бөліп, ат құйрығын үзіп кетем деуі кеңестік көзқарасқа жатпайды. Ондай әрекет советтердің ұлттарды өзара жақындатып, бірін-бірі толықтыра отырып дамыту идеясына жат. Қожанов осылай пайымдады. Осы пайымы жетегімен, Мәскеу ұсынған жіктелу бағдарламасына көзсіз құлай кетпей, межеленетін республикалардан Орта Азия Федерациясын құру идеясын көтерді. Терістіктегі Қазақ Республикасын да қосып, Орта Азия экономикалық қауымдастығын ұйымдастыру қажеттігін айтты. Сөйтіп, Орта Азия халықтарына ортақ Федерация шаңырағын көтергеннен соң ғана, Кеңестік Республикалар Одағын құрайтын тәуелсіз мемлекеттер қатарына кірген жөн деп санады. Дамуы кенжелеу ұлттық құрылымдарды озықтармен Орта Азия Федерациясы құрамында теңелту, сөйтіп бәрін де болашақта дербес одақтық тәж киюге әзірлеу бағытын ұсынды. Алайда жеті-сегіз ай бойы Мәскеудің астыртын басшылығымен жүрген қызу айтыс-тартыс бөлшектенуге құмартқандардың пайдасына шешілді. Қазақ елінің аумағымен (2,8 млн шаршы километрден астам, халқы 6 млн шамасында) салыстырғанда жері оймақтай ғана, халқының саны аз Өзбек (құрамындағы тәжік автономиясын қосып есептегенде, қазақ жерінің аумағынан – 5,5 еседей кіші, халқының саны 1,5 еседей аз) және Түрікмен (жері 4 есе, халқы 5 есе аз) республикалары тікелей Одақ құрушы мемлекеттер қатарына кірді. Ал жер-суы мен халқы біріккен біртұтас алып Қазақ Республикасы барлық көрсеткіштері жағынан одақтық тәж киюге лайық болғанымен, автономия мәртебесі өзгертілмей, Ресей Федерациясының құрамында қалдырылды. Орта Азия республикалары, негізінен өзбек қайраткерлері Қазақ елімен байырғы қарым-қатынасты жалғастырудан бастарын ала қашты. Жаңа республикалар арасында экономикалық қауымдастық құруды құлшына қолдағанмен, оған Қазақ Республикасын қатыстыруды қаламады. Қалың қазақ ауылдары ортасындағы Ташкент, қазақ алыс заманнан өзінің астанасы ретінде таныған Ташкент бөлектенді. Ол Сталиннің «қамқорлығымен», одақтас республика болып Самарқанда ту тіккен Өзбекстанның құрамына берілді. Ал өзбек ішінде шаңырақ көтерген қазақ автономиялық ауданы аз жылда құрдымға кетірілді. Шекара Ташкенттің түбінен, жеті шақырым қашықтықтағы Құрбашы деген жерден сызылған еді, алайда мысықтабандап жылжыған өзбек ағайын түрлі амалмен қазақтың едәуір жерін қосымша кертіп бөліп алып, біртіндеп осы күнгі аумақты иеленді. Қазақстанның түркі елдерімен тарихи қалыптасқан экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық байланыстарына қолдап балта шабылды, қазақ елінің тыныс-тіршілігі еуропалық орталыққа байланды. Ал еуропалық орталықтан, Қазатком төрағасы Сейітқали Меңдешовтің V Қазақстан Кеңестері съезінде өте сақтықпен, сыпайы мәлімдегеніндей, ашығып жатқан аймақтарға жәрдем бөлгізу тіпті де мүмкін емес еді. Ақырында, «большевиктердің аштық саясатының» (Мұстафа Шоқай) Сталин жүргізген үшінші кезеңінде, көшпенді қазақ бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген ұлттық апатқа ұшырады. Большевиктер кең даланы жайлаған «сары пәлекеттерден» көп у-шу шығармай құтылды да, шартараптан «халық жауларын» тасып әкеліп, көшпенді қазақтың шашылған сүйегі үстіне казармалық социализм құрылысын салуға кірісті. Одан көшпенділерден босап қалған ен даладағы «тың жерлерді» жаңаша игеріп-отарлаушылар мен дәулет қуған келімсектерді тоғытып-топырлатқаны сондай, қазақ өз атамекенінде тұратын барша халықтың үштен біріне де жетпей қалды. Түркістан Федеративтік Республикасының туған күнін 100 жылдық мерейжасына орай еске алып атап айта отырып, қысқа ғұмыр кешкен осы мемлекеттік құрылымның тарихи тағылымы әлі танылып болмағанына назар аударғымыз келеді. Тамыры бір, тарихы ортақ Орталық Азия республикаларының бір шаңырақ астына ұйысу мүмкіндігі кеңес империясы ыдыраған шақта туған болатын. 1924 жылы кері қағылған Ортаазиялық федерация құру идеясын 1991 жылы славян республикалары жасаған ахуалға байланысты жаңаша сипатта жаңғырту қажеттігі тіленіп тұрған еді. Мәскеу жасаған жаңа бірлікке Үлкен Түркістанның жаңа қауымдастығын жасап барып мүше болғанда – көп қиыншылықтың алды алынар ма еді, қайтер еді. Алайда ол кезең пайдаланылмады. Бертінде, тәуелсіз даму жылдарының тәжірибесін саралай келіп, Қазақ тарапынан баршаға пайдалы Орталық Азия Одағын құру бастамасы көтерілгенде, Қырғыз қолдағанмен, Өзбек жағынан үзілді-кесілді қарсылық көрсетілді. Бұл жәйт Түркістан өлкесінде ту тіккен қазіргі заманғы тәуелсіз мемлекеттердің ілгеріде Ресей туы астында автономиялық шаңырақ көтерген Түркістан Федеративтік Республикасының мән-маңызын жете зерттемегенін, оның тәжірибесінен тиісті қорытынды жасамағанын аңғартады. Тәубе, кейінгі кездері Орталық Азия елдері арасында өзара тиімді қарым-қатынастар жасалуда. Тарих – Ұлы Ұстаз. Өзімізді өзіміз тарихпен тәрбиелейік, тарихтан тәлім ала білейік. Өлкеміздің болашағы – бірлікте.Бейбіт Қойшыбаев
жазушы,тарих ғылымдарының кандидаты