Жаңалықтар

«Уиндраш» тепкіні

ашық дереккөзі

«Уиндраш» тепкіні

Демократияның жемісі осындай болады. Бір ғана қоғамдық жанжал – біз газетіміздің өткен санында жазған «Уиндраш толқынының» жайы – британдық ішкі істер министрін қызметінен кетіріп тынды. Қазіргі премьер-министр Тереза Мэйдің орнын басқан Амбер Раддтың жолы болмады, ол Мэй ханымның қателіктері үшін жеке басының абыройын да, қызметін де құрбан етті. «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды» дей ме осындай жағдайда? Амбер Раддтың түбіне жеткен сөз бостандығы десек, артық айтқандық емес. Экс-министр өткен аптада Парламент депутаттарының «Уиндраш толқынына» қатысты («Түркістан», 03.04.2018, сайттағы сілтемесі: https://turkystan.kz/article/59471-a-ylshyn-patshajymy-m-kartany-t-rt-koroli) берген ақпарында шындықты бүгіп қалған. Ол Ішкі істер министрлігі елдегі заңсыз мигранттардың санын азайтуды мақсат еткенін жоққа шығарды. Ал өткен жексенбі күні «Guardian» газеті министрдің Тереза Мэйге жазған хатының көшірмесін жариялады. Онда Амбер Радд заңсыз мигранттардың санын алдағы 2-3 жылда кемі 10 пайызға азайтуды көздеп отырғанын хабарлайды. Осылайша, өтірігі әшкере болған шенеунік бір күнде қызметінен айырылды. Министрдің түбіне жеткен мақалаға келсек, онда былай делінген: The four-page document, obtained exclusively by the Guardian, reveals Rudd promised the prime minister she would oversee the forced or voluntary departure of 10% more people than May managed when she was home secretary, partly by switching money for crime-fighting to her immigration enforcement programme. Her goal implied she wanted to throw out an extra 4,000 illegal migrants every year. Guardian-ның қолына түскен төрт беттік құжатқа жүгінсек, Радд премьер-министрге күшпен не өз еріктерімен елден шығарылатын адамдардың санын Мэй ішкі істер министрі болып тұрған кездегіден 10 пайызға арттыруға уәде берген, бұл үшін қылмыспен күреске арналған қаржыны иммиграциялық күштеу бағдарламасына бағыттау жоспарланған. Оның мақсаты жыл сайын 4000 заңсыз мигрантты елден алыстату еді. (Сілтемесі: https://www.theguardian.com/politics/2018/apr/20/amber-rudd-boasted-harsher-immigration-strategy-leak-reveals) Британдық журналистер мұнымен шектелген жоқ. «Уиндраш толқынының» қазіргі қиыншылықтары Тереза Мэй ішкі істер министрі болып тұрған кезде қабылданған саясаттың жемісі екені белгілі. Сондықтан премьер-министрдің Амбер Раддтың қызметтен кетуіне қалай қарайтынын сұраған. BBC телеарнасына берген сұхбатында ол: «Амбер Радд Парламентке жалған ақпарат берген әрекеті үшін қателігін мойындап, қызметтен кетті», – деп қысқа қайырды. Жалпы, Амбер Радд – соңғы жарты жылда Тереза Мэйдің үкіметінен кетуге мәжбүр болған төртінші шенеунік. Сонда да премьер-министр қарамағындағы қызметкердің қателігі үшін мойнына жауапкершілік жүктеуді ойға да алмайтын сияқты. Есесіне, Тереза Мэй қоғамдық наразылықты басу үшін ішкі істер министрі қызметіне енді «Уиндраш толқынының» өз өкілін тағайындады. Жаңа министр Сажид Джавид журналистерге былай деді: «Менің әке-шешем біздің ұлы мемлекетімізге өткен ғасырдың 60-жылдарында келген, олар Пәкістаннан осы мемлекетті аяғынан тұрғызу үшін келді. Олар үшін өздерінің ұлдарының мемлекеттік лауазымды қызметтердің біріне тағайындалуын көру үлкен мақтаныш деп ойлаймын».  (Сілтемесі:  https://www.ft.com/video/79997309-b8f4-4adb-8a3c-cad008e6f1a7?playlist-name=editors-picks&playlist-offset=1) Жаңа министрдің әкесі Бристол қаласында автобус айдап, отбасын асыраған екен. Енді оның баласы мемлекеттің ішкі мәселелеріне қатысты кесек шешімдер қабылдайтын болады. Бұған дейінгі ішкі істер министрлерінің арасында Джавид сияқты саны аз ұлттың өкілі болмаған екен. Сондықтан ол мигранттар мәселесін барынша терең түсінеді деген үміт бар. Сажид Джавидтің өмірбаяны өзгеше. 48-жастағы Сажид Джавид 2010 жылы Парламент депутаты болып сайланған. Бірақ оған дейін жиырма жылдай банк саласында қызмет істеген. Сол кезде жылына 3 миллион фунт стерлинг табыс тапқан деседі. Брексит кезінде Еуропаның құрамында қалуды жақтап дауыс бергені тағы бар. Енді ішкі істер министрі қызметінде ол Брекситке қатысты үкіметтегі комитеттер жиналысына ұдайы қатысып отыруы тиіс. Бірақ оның ең әуелгі мойнына алған міндеті – иммиграция ісін реттеп, Уиндраш толқынының басына үйірілген қара бұлтты сейілту. Джавид мырза «Уиндраш толқынына қатысты әділдікті қайта орнатамыз» деп уәде етті. Кешегі бизнесмен, бүгінгі саясаткердің сөзі мен ісі қаншалықты қабысатыны, ең бастысы, оның іскерлігі қандай екені көп ұзамай анық болар. Ал қызметінен айырылып, басынан бақ тайған Амбер Радд ханым қарап жатқан жоқ. Ол «Твиттердегі» парақшасында: «Мистер Джавид Парламентте керемет сөйледі» деп жазба қалдырған.

Ұлыбритания