Жаңалықтар

Жаңа қызғалдақтар жайқалуда

ашық дереккөзі

Жаңа қызғалдақтар жайқалуда

Алматыда ҚР Тұңғыш Президент саябағы және орталық демалыс саябағында «Президент Назарбаев» қызғалдақтары отырғызылды. Жаңа гүлдердің биіктігі 50 см. Жаңа сұрыпты голландиялық селекционерлер 2014 жылы шығарған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нидерландтарға сапары  барысында аталған қызғалдақпен ең алғаш рет танысып, төрт жылдан кейін, Елбасының есімімен аталатын жаңа сұрып Алматының Орталық және Тұңғыш Президент саябақтарынан жаңа отан тапты. «Бұл сұрып өте төзімді, сабақтары берік әрі биік, жапырағы толқынды болып келеді. Грейг қызғалдағына ұқсайды, бірақ таңбалары жоқ. Қауызы лалагүл тәрізді және ортасы қара емес, сары. Иісі де өзгеше», –  деді  Жас натуралистер стансасының директоры Зейнеп Аришева. Елбасы атындағы ерекшк қызғалдақты сатып алуға және күтіп баптап, өсіруге әкімдіктер мен жеке компаниялар қолдау көрсетуде. «Қазір Алматының Орталық және Тұңғыш Президент саябақтарына 5 мың қызғалдақ отырғыздық. Нидерланд селекционерлерімен келісімшарт жасалды, біз олардың өкілдері болып саналамыз», – дейді «Гринлэнд» ЖШС директоры Гүлзада Қалдыбаева. Мамандардың айтуынша, қызғалдақтар екі апта бойы гүл ашып тұрады. Одан кейін алматылықтар бұл гүлдерді келесі жылы ғана тамашалай алады. «Қазір екі саябаққа гүлдерді көбірек отырғызып, 100 мыңға дейін жеткізуіміз керек. Содан кейін ғана бұл сұрыпты сатылымға шығара аламыз. Өкінішке қарай, пиязшықтардың 30 пайызы ғана көбеюге қабілетті. Келесі жылы тағы да сатып алып, гүлдер санын көбейтеміз», – деп түсіндірді Гүлзада Қалдыбаева. Басқа елдермен салыстырғанда елімізде дала қызғалдақтарының көптеген түрі сақталған. Әлем бойынша қызғалдақтың 110 түрі бар, оның 39-ы біздің елде, 18 түрі қызыл кітапқа енгізілген.

Дарын Құрманқұл