Күркіреп күндей өткен соғыс

Күркіреп күндей өткен соғыс

Күркіреп күндей өткен соғыс
ашық дереккөзі
Жылдағыдай көктем келгенде тойланатын Жеңіс күнінің орны ерекше болып қала берері сөзсіз. Қандай қоғамдық формациялар ауысқанымен, Ұлы Жеңістің мән-мағынасы ауыспайды да, өзгермейді де. Адамзат тарихындағы ең дүлей шайқаста қазақ баласы қасқайып қарсы келген жауының қабырғасын қақырата қиратып, ұлы дала ұрпағы ата-баба атына кір келтірмеді, екінші жаһандық соғыста рухы әрдайым жоғары болды Қыршынынан қиылған боздақтар артына ұрпақ та қалдыра алмай, сол кездегі ортақ Отанымыз үшін от кешіп, етігімен су кешіп, Еуропа елдерінде өзге мемлекеттерді азат етті, бірақ өздеріне туған жердің топырағы бұйырмай, жат жұрттардың жерінде мәңгілікке қалды. Күндей күркіреп өткен соғыста, қаһармандықтың керемет үлгісін көрсеткен хас батырымыз Қасым Қайсенов атамыздың 100 жылдығы жақында ғана аталып өтті. Бүгінде қазақтың батыры Бауыржан Момышұлының ерлігі мұхиттың арғы бетіне жетіп, әлемге әйгілі болып отыр. Тәуелсіз Қазақ елінің қорғаны болар азаматтар тәрбиелеу үшін аталарымыздың ерлік істері әрдайым үлгі-өнеге болары айдан анық. «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалы биыл Жеңіс күніне арналған іс-шараларды өткізуді ертерек қолға алып, оны ойдағыдай өткізуге белсене кірісіп те кетті. «Жас Отан» Жастар қанатының белсенділері Алатау ықшамауданында соғыстан қайтпай қалған жауынгерлерге арналған ескерткіш-стелланың төңірегін тазалап, гүлдерін суғарып, жан-жағын реттеп қойды. Бұл жұмыстарға жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрайымы Ақмарал Қожағұлова мен партияның аудандық филиалының қызметкерлері де белсене араласты. Бостандық ауданында қазіргі уақытта 72 Ұлы Отан соғысына қатысушы мен 5 соғыс ардагеріне теңгерілген азаматтар тұрады. Олардың барлығына Алматы қалалық мәслихатының шешімімен 250 мың теңге көлемінде жәрдем­ақы берілетін болады. Сонымен қатар 9 мамыр күні осы ескерткіш-стеллаға гүл шоқтары қойылып, Бостандық ауданы әкімі аппараты мен кәсіпкерлердің қолдауымен ардагерлерге «Бақшасарай» мейрамханасында 600 адамға арнайы дастарқан жайылып, құрмет көрсетіледі, соңынан қызықты концерт ұйымдастырылады. Сондай-ақ, өздігінен жүре алмайтын ардагерлердің үйлеріне барып құттықтау да қарастырылған.  

Байғали Әбдәліұлы,

«Нұр Отан» партиясы Бостандық

аудандық филиалының кеңесшісі