Туристер таңдай қаққан этнофестиваль

Туристер таңдай қаққан этнофестиваль

Туристер таңдай қаққан этнофестиваль
ашық дереккөзі
Бурабайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Атадан қалған асыл мұра» атты  алғашқы этнофестиваль ұйымдастырылды. Ұлттық  сипаттағы  шараға  өңірдегі  барлық аудандар қатысты.

Өскелең ұрпақ үшін аса қажетті этнофестиваль енді дәстүрлі түрде жыл сайын Бурабай баурайында ұйымдастырылатын болады. Ал биылғы этнофестивальге жиналған жұртшылық ең әуелі Абылай хан алаңында көшпенділер өркениетінің көрінісін тамашалады. Алаңға тігілген қазақтың киіз үйлерінде халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары көрсетілді. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар мен туристер қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады. Бұл шара көпшілікке қазақтың салт-дәстүрлерін, ұлттық ойындарын таныстырған мерекеге айналды. Жастар алтыбақан теуіп, балалар түрлі ұлттық ойындар ойнады. Ұйымдастырушылар бұл шараға кішкентай бүлдіршіндердің көптеп қатысқанына риза. Өйткені қазақтың ұлттық құндылықтарын болашаққа жалғар осы балалар.

Этноауылда ұйымдастырылған шараны шетелдік қонақтар ерекше таңданыспен тамашалады. Туристер қазақтың ұлттық киімдерін жоғары бағалады. Ою-өрнектердің әсемдігіне таңданған шетелдік қонақтар қазақтың ұлттық тағамдарынан да дәм татып көрді. Одан бөлек, туристер қазақ халқының қонақжайлылығына қайран қалғандықтарын жеткізді.