Жаңалықтар

Дәл өзіңдей жымимайды ай-күнім

ашық дереккөзі

Дәл өзіңдей жымимайды ай-күнім

Қашанда арулар қауымы – сұлулық пен мейірімділіктің символы, көңілдің әні, өмірдің сәні. Күллі өнер туындыларының ең шұрайлы да шырайлылары – әйелдерге арналатыны сондықтан. «Түркістан» газеті мамыр айының мөлдір таңында бір шуақ мөлт еткенде әдемілікті әспеттеген ақын жігіттердің жүрегінен төгілген әсем жырларға кезек беріп, махаббат лирикаларын оқуға шақырады.

Редакция

БҰРЫМДЫ ҚЫЗ

Жарқ еткендей тұманды бұлыңғыр күз, Сені көріп бозбала бұрылды жүз. Ағынымен бұлақтың бірге адымдап, Су жағалап барады бұрымды қыз.   Дидарына жыр арнап, күй шығарам, Самалыңмен маңдайын сүйші, дала! Мұқағали өлгенше армандаған, Бұрымыңда жусанның исі бар ма?   Адалдығың арыңның тұнығында, Айдай керім құланның құлыны ма? Маңдайына ақ таңнан арай ойнар, Сұлулығы арудың бұрымында.   Ақ мамықтай ақ жүзің үлбіреген, Сені өсірген осы Алтай – гүлді мекен. Иығыңнан құлаған қос бұрымың, Ерке толқын – Ертіс пен Үлбі ме екен?.   Бата көрме өмірде, қалқа, мұңға, Сен бәйшешек Алтайдың алқабында. Адалдық пен бекзаттық қоса өрілген, Бұраңдаған бұрымның әр талында.   Құла белден таң атар – құлын бауыр. Жан ауырса болмай ма жырым дәру? Қыз Жібектің кешегі сіңлісіндей, Су жағалап барады бұрымды ару.

 Әскерхан АҚТАЙ

БАҚЫТТЫМЫЗ

Айырмайды біздерді уақыт тығыз, Жанардан да төкпейміз «жақұтты» біз. Қаншама мың әлемде ғашық болса, Біз солардың бәрінен бақыттымыз!   Арманымды ақылға тұсатпайын, Сәл тоқташы, жетуге үш аттайын. Мені сүйген көзіңе қарап тұрып, Сені сүйген жүрекпен құшақтайын.   Суыта алмас сезімді қыста қар да. Бізге сайрап жатқандай құс та талда. Ақ жүзіңде ойнайды қызыл толқын, Қызыл Гүлім, қолыңнан ұстағанда.   Махаббатты мұң батыр жеңе бермес, «Мұңды ғашық» біздерге өнеге емес! Маған бақыт – шынайы күлімдеуің, Ал саған да басқа жан керек емес!   Сағындырып өтсе де уақыт тығыз, «Барсакелмес» жақтарда қалыпты күз. Біздің ғұмыр – көктемнің күншуағы, Күн астында екеуміз бақыттымыз!

 Мейрамбек ӘБДІҚАЛИЕВ

СҮЙЕТІНІМДІ ҰМЫТПА

Аласарамыз биік тұрып та, Сүймейміз тіпті сүйіп тұрып та. Ренжісіп қайта татуласамыз, Бойдағы мінез иіп қылыққа.   Ақылға салмай саралап анық, Ақ махаббатты қаралап алып, Өртейді өкініш өзегімізді Жүректі сосын жаралап алып...   Кісімсиміз-ау аласа тұрып, Жериміз неге жараса жүріп? Бұртиямыз да, дым болмағандай Кетеміз тағы балаша күліп.   Асау жүректі алса құрыққа, Сезімнің пенде үнін ұғып па? Сүймейтін кейіп танытып кейде Сүйетінімді, күнім, ұмытпа!

 Жәнібек ЕЛЕМЕС

МӨЛТ ЕТКЕНДЕ

Өңменімді бір өксік өрт еткенде, Көздеріңмен барасың өртеп сен де. Өзің жайлы бір ауыз өлең жаздым, Бір шуақ мөлт еткенде.   Бір шуақ мөлт еткенде, Шара бар ма ноқтасыз тентектерге? Мендік сезім жайлы ойлап үлгердің бе, Жүрегің селт еткенде?   Жүрегің селт еткенде, Сеніп қалма секемшіл ертектерге. Сезім деген өмірді сезіну ғой, От кеудеңді әлдене теңселткенде.   От кеудеңді әлдене теңселткенде, Қылықтарың көзіңді ерке еткенде, Әуірімен жанымды өртеп-өртеп, Мендік өлең ғұмырды келте еткенде.   Мендік өлең ғұмырды келте еткенде, Кешігер ме ек, өмірге келсек те ерте? Өзің жайлы бір ауыз өлең жаздым, Мөлт еткенде, Бір сезім мөлт еткенде...

 Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ

ҚЫЗЖЫМИҒАН

Жүргенімде жоқ бағытқа оқ құртып, Сен кездестің оғымнан да өткір, тік! Жанарында жанымды өртеп кетердей, Жымиыс бар, жоқ күлкі.   Ажарлым-ау, жан сұрамай ән сұра, Онсыз өмір бола алмайды қамшылас. Есіміңді Қызжымиған деп қойдым, Көздеріңнен тамбасыншы тамшы жас.   Дәл өзіңдей жымимайды Ай-күнім, Бір теңеуін таба алмадым сай мұның. Жанымды өртеп тағы, аяулым, жымишы, Жымиғаның – жылағаннан қайғылы.   Өлтіре ме, өлтірмей ме бұ күйік, Мен білемін жанарында ол тұр ұйып. Жарық дүние бәзбіреуге күліп тұр, Ал дәл маған сол бір қыз боп жымиып.   Шығыс жаққа жасағанда оң қадам, Шығар алдан сенің гүлің – солмаған. Қызжымиған – мен еститін соңғы есім, Қызжымиған – мен көретін соңғы адам.   Атырабым жолақ-жолақ, жолақ бел, Әлдебіреу өткендейін көк атпен. Жарық дүние сол бір қыз боп жымиды, Жыламайды-ау ол әттең...

 Ерболат ҚУАТБЕК

ТАҒЫ ДА КӨКТЕМ КЕЛСЕ

Тағы да көктем келсе жер бетіне, Соғар жүрек солқылдап тербетіле. Сезім ұрған кеудемнің шыбын жаны, Аңсарымның ауады желді өтіне.   Десем-дағы мен сені аңсамайын, Тарылып кетеді ылғи жан сарайым. Өзіңді көру маған бақыт еді, Көзімде жылап қалды қанша қайың.   Уайымға салынып мастанамын, Жүрегіңнен жұлып сен тастамағын. Тамырына байландым тас қаланың, Тағдырыма айналды қас-қабағың.   Жанарыңның жарқ етіп шоқ ұшқыны, Жалған-өмір шетінде тоғыс күнім. Қара өлеңнің ішінде – қазақ қызы, Қара жердің бетінде – жоқ ешкімім.   Тағы да көктем келсе жер бетіне, Соғар жүрек солқылдап тербетіле. Сен – ақынның айналдың музасына, Мен – өмірдің айналдым келбетіне.   Жаным шіркін жалғанды қалайды әсем, Іздеп келсең артымнан қалайда сен. Қара таста жазулы қара өлеңім, Оқып оны жылама... Жарай ма сен?

 Еркебұлан ЕЛЕУСIЗҰЛЫ

НӘЗІГІ МЕ ЕДІҢ

НӘРЕСТЕ ЖЫРДЫҢ

Жаныма жұмбақ күй тұнып ауыр, Қана алмай кеткем сиқырыңа бір. Кездесе кетсем үздіктіретін Сұлуым едің – сүйкімі лағыл.   Шашылған шақта жүзіңнен жақұт, Табатындай-ақ ізіңнен бақыт. Сырғаңдай діріл қағатын жаным, Мойылдай көзің сүзілген уақыт.   Даусының тәтті сазынан ерен, Жолына жыр боп жазыла берем. Ауызын ашса ай-жұлдыз құлап, Өріле кеткен назынан өлең, –   Нәзігі ме едің нәресте жырдың, Әлемі ғажап ән ескегіңнің! Көрмей-ақ кетсем қайтетін еді, Ынтығымды ұрлап тағы еске кірдің.   Кімге айтам мына күйімді бөтен? Кеудеме жыр боп құйылды бекем. Әлемнің күллі әдемі көркі, Бетіңе мең боп түйілді ме екен?   Бір сендік қашан алаң басылар, Сағыныш сірә, бағаңды асырар. Жазылмай жүрген мендегі жырдың Үзігі сендік жанарда шығар.

 Жәнібек ӘЛИМАН

БІЗ ЕКЕУМІЗ БІР ҰҒЫМ

Бізді, жаным, алыстату қиын ба? Ешқашан да ешкім бөліп жармасын. Екеумізді енді тойға, жиынға, Бөлек-бөлек шақырушы болмасын.   Ешкім бізге жүргізбесін айласын, Енді бәрі тар ұғымнан арылсын. Ойласа да бізді бірге ойласын, Сағынса да бізді бірге сағынсын.   Мені қойшы, сен қашанда әзірсің, Қайтаруға көп күндердің есесін. Жазыларда қосуменен жазылсын, Айтыларда бірге айтылсын қос есім.   Бір-бірінен жаратылған жанымыз, Өзгертпесін сенім жайлы ырымын. Жалғыз гүлдің егіз жапырағымыз, Біз екеуміз – бір ұғым.

 Әлімжан ӘЛІШЕР

САҒАН ТЕҢЕУ

(Еркін өлең)

Cенің жанарың – нұрдың жаратушысы, Сенің ернің – құлпынайдың сіңлісі, Сенің шашың – теңіз толқының түпнұсқасы, Сенің жүрегің – жер-жаһанның орталығы, Сенің кірпігің – нәзік батырдың жебесі, Сенің алақаның – анамның мейірімі.   Сенің сөзің – құлақтың сүйген қызы, Сенің демің – ауаның күткен мерекесі, Сенің ойың – мен таппай жүрген асыл кітап, Сенің қиялың – шексіздікті жаулап алушы, Сенің мақсатың – биіктіктің шатыры, Сенің табиғатың – жаздың ақ таңы. Сенің қызғанғаның – терезелердің сынғаны, Сенің мұңайғаның – күзгі іңірдің сұрлануы, Сенің түңілгенің – гүлдердің шылым шегуі, Сенің жылағаның – оттың жаңбырға тұншығуы, Сенің күлгенің – көбелектің қанат қағуы, Сенің қуанғаның – соғыстың тоқтағаны.   Сенің асыққаның – уақытты мәңгілікке тоқтатады, Сенің құлпырғаның – ақылы көптеу жігіттерді алаңдатады, Сенің билегенің – тамсануды ғасырлық ұйқысынан оятады, Сенің құшақтағаның – ұялу мен қызаруды достастырады, Сенің шаршағаның – қимастықтарға жол ашып береді, Сенің ұйықтағаның – түнді жеккөрінішті етеді.

 Нұркен НҰРҒАЗЫ

СЕНІҢ ЕСІМІҢ – ПЕРІШТЕ

Шыбын жаның шығардай кім естісе, Тарпаң ойдың тұяғын мінез тұсап. Құраққа аунап жымиса бозбала, қыз, Миығынан күледі түн ескіше.   ...Ешбір адам білмейтін ең аяулы Күнәм едің. Маңдайыма сыймадың сірә, менің. Жел теңселіп кеткенде жұпарыңнан, Ұзатылған қыз сынды бұлт елімнен, Сыңсиды кеп... жылауға құмар өмір.   Менен басқа ұғысар ешкімің жоқ, Шырылдайсың еңістен кешқұрым кеп. Егілемін, амал не үндемейсің, Мен Есіміңді өзіңнен естігім кеп.   Тәңірі, айырылысар күнді қойшы. (Білесің ғой бұл жақта құл – құдайшыл). Бөзге оранып кеткендей бұлдырайсың. Оу, сағым дүние... Сенің есімің – Періште! Сенің есімің – Періште!   ...Табан тиді саған да жолдағы ауыл, Қиял да ортақ, алдағы арман да бір. Кезбе бақыт кезерген ернін сулар, Жанарыңнан жылт етіп тамғанда өмір. Іңір...

Нұрболат ЖОЛДАСБЕК

ТАШКЕНТ ҚЫЗЫ

Киелі сезім қаласа бізді, Көктемге балап қараша күзді. Шымкентте алғаш ұнатып қалдым, Ташкенттен келген тамаша қызды.   Қаларын білмес ызғарға бала, Сұлуды менен қызғанба, қала. Келбеті сирек кездесер еді, Шығыстық әсем қыздарда ғана.   Періште сезім аймала мені, Шығыстың өпсін жай ғана лебі. Еркін бір жүрген еліктей сергек, Түрік ерінді, ай қабақ еді.   Алтайдың асып айбынды белін, Келгенде сездің қайғымды менің. Қап-қара түнде оңымнан туған, Айнұрым – әппақ айдың нұры едің.   Тұманнан аршып басымды қалың, Тәрк етіп тастап ақылдың бәрін. Есіме сосын ештеңе түспей, Кешіп ем үнсіз Хафиздың халын.   Татымас саған бүгінгі қала, Төге бер қалқам нұрыңды дара. Амалсыз сенен алыстап кеттім, Тартуға тастап жырымды ғана. Ташкент қызы...

Ретбек МАҒАЗ

АЙ МЕН СҰЛУ

Бір аунап алып ақша бұлттарға, Барады Ай жүзіп дөңгелек... Өне бойында бақ шабыт барда, Қалдырмақ па екен зер бөлек?!   Сен көшірмесі – аспандағы Айдың, Қарақат көзің тұңғиық. Еңсемді езіп басқанда қайғым, Емдейсің өзің нұр құйып.   Аядай ғана ардағым менің, Бұл біздің лаулар отты шақ. Көзіме түсті қолдағы меңің, Ай бетіндегі дақ құсап.   Теңіз-сезімнің тереңін арна, Махаббатыңа сай деп ұқ. Көктегі Айдың керегі бар ма, Жанымда тұрсаң Ай болып!   Киіпті көйлек сабырдан өңің, Жүрегің толы ар-иман. Қолыңнан ұстап жалындап едім, Кернеді бойды дариға-ән...   Өзгеден, қалқам, шын қызғандым ба?! Құшақтай алдым аңсаумен. Қадірі жоқ-ау жұлдыздардың да, Жымиып күлсең жан сәулем.   Ерке «Есентайдың» жағасындамыз, Кеудеге көшіп бұл көктем. Әңгімеміздің арасында біз, Көзбен де айттық сырды еппен.   Көңіл-айдыннан шағала-мұң да, Ұшты-ау бір басқа өлкеге... «Хамит ақынның жағалауында», Жыр оқып бердім еркеме.   Маңайға мынау өң беріпті ұл-қыз, Секілді әлем – пәк өлең. Желменен бірге тербеліп тұрмыз, Ай, сұлу, сосын және мен.

 Бауыржан ӘЛІҚОЖА

ТҮСІНДІМ...

Үңілсем көздеріңе, күнім, сенің, Әп-сәтте тарқаушы еді мұңым, шерім. Себебі жанарыңның ішінде мен, Мөлдіреп әркез тұнып тұрушы едім.   Өзгеріп кеттің лезде неге, ардағым, Алдамшы арман болып неге алдадың? Қанша рет көздеріңе үңілсем де, Өзімді бүгін мүлде көре алмадым.   Түсініп тұрғандаймын бірақ бәрін, Көп сені қуантқаннан жылатқаным. Білсем де жаның жылап жатқандығын, Жақындап жұбатпадым... Жырақтадым.   Бұл үшін айыптымын... Текті, ибалым, Кешірші, көп жаралап, Көп қинадым. Сан мәрте мына менің кесірімнен, Сөнуге сәл-ақ қалды от-дидарың.   Санаңды қандай нұрлы мекен қылды ой, Мен емес, көздеріңде бөтен тұр ғой. Түсіндім: Жылағанда жанарыңнан, Жас болып ағып кеткен екенмін ғой...

 Қуаныш ЖАЗАЙ

 

Дайындаған Ахмет ӨМІРЗАҚ