Рухани байланыстың жаңа кезеңі басталды

Рухани байланыстың жаңа кезеңі басталды

Рухани байланыстың жаңа кезеңі басталды
ашық дереккөзі

«Онға жеттің – санға жеттің...»

Бала кезім... Буыным қата қоймаған шақ. Әкем Сатыбалды марқұм бізді шаруаға ерте араластырды. Таңмен таласып шөп шабамыз, кетпен ұстап, егін егеміз. Мұндай қара жұмыстың қасында мал бағу дегеніңіз демалыс қой, шіркін!.. Ат баптау – бала кезімдегі сүйікті тіршілігім болатын. Қазір де ат десе жаным жадырап қоя беретін жанның бірімін. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің», – деген сөздің мән-мағынасын әке болғанда терең түсініп, шынайы сезінеді екенсің. Жастайымнан еңбекке баулып, маңдай термен нан табуға тәрбиелеген әкеміздің бұл өмірлік ұстанымының дұрыс екеніне күн сайын көзіміз жетіп келеді. Өйткені «еңбегі көптің өнбегі көп». Әжем марқұм: «Онға жеттің – санға жеттің», – деп отыратын. Ойын баласы оның мағынасын қайдан білсін?! Онға жеттің дегені – ер жеттің, шаруаға аралас дегені ғой. Сарыағаш – Ташкент шаһарына ең жақын аудан. Осы аудандағы Жаңатіршілік елді мекені – кіндік қаным тамған жер. «Ташкент – город хлебный» деген сөздің жаны бар. Әкем жарықтық есік алдына еккен күнбағыс, жүгері, түрлі көкөніс, т.б. дүниелерді Ташкент шаһарындағы ірі базарға өткізіп, ала жаздай еткен еңбегіміздің өтеуі ретінде жаңа оқу жылы қарсаңында жаңа киім-кешек әперіп, мәз-мейрам ететін. Ташкентті аралатып, ойын-сауық орталығына апарып, көңілімді жадыратқан жайттар әлі есімде... Ойын баласы үшін одан асқан қызық бар ма?! Сөйтіп, кеш қарая ауылды бетке аламыз...

Өзбекстанмен ортақ келісім

 Тағдыр мені Ташкентпен қайта табыстырды. 1990-1992 жылдары Ташкент қаласында қарилар даярлайтын медреседе оқыдым. Бұл медресе дін жолындағы алғашқы баспалдақ болды. Құран жаттауға деген қызығушылығымды арттырған алғашқы діни мектеп мен үшін қашан да ыстық. 1992-94 жылдары Мысырдағы әл-Әзһар университетінде, одан кейін Исламабадта білім жетілдірудің мүмкіндігі туды. Алматы Орталық мешітінде наиб имам, Ислам институтында ректор, Ақмола, Қостанай облыстарында бас имам, Діни басқармада наиб мүфти қызметін атқарған кездерде Өзбекстанмен діни саладағы байланыс үзілмеді. Мүфтияттың тарихында үш мүфтиге орынбасар болу жауапкершілігі маған жүктелгенде көрші өзбек ағайынмен барыс-келіс тоқтамады. 2017 жылы 8 желтоқсанда Қазақстан мұсылмандарының кезекті VIII құрылтайында 300-ден астам делегат маған дауыс беріп, Бас мүфти лауазымына сайлағанда Мекке мен Мәдинадан кейінгі ресми сапарым Өзбекстанға арналды. Өйткені Өзбекстан Орталық Азияда бізге діни сенім мен мәзһаб жағынан да ең жақын әрі бауырлас ел. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылды Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жариялап, екі елдің ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтерді. Біздің сапарымыз да осынау игі бастамаға тұспа-тұс келіп, екі жақты рухани келісімді нығайтуға есік ашылды. Ташкент сапарындағы тарихи оқиғаның бірі – Қазақстан және Өзбекстан мұсылмандары діни басқармалары арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумның қабылдануы. Бұл құжат бауырлас елдердің арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуды, ортақ діни мектепті жаңғыртуды, бірізді пәтуалар шығаруды, мәдени-рухани байланысты арттыруды, тәжірибе алмасуды, ғылыми жобаларды жүзеге асыруды, дін қызметкерлерінің біліктілігін көтеруді көздейді. Меморандум Құранды, хадистерді және ханафи мәзһабының ілімін, Қазақстан және Өзбекстан Республикасының халықаралық міндеттемелері мен ұлттық заңнамаларын басшылыққа алады. Ең басты жетістік ретінде айта кетер жайт, бекітілген діни пәтуалар негізінде діни мерекелерді (ораза, құрбан айт, т.б.) бірізді өткізуге келісім жасадық. Жасыратыны жоқ, осыған дейін ораза немесе құрбан айт күндерін белгілеуде айырмашылық болды. Төсекте басы қосылмаса да, төскейде малы қосылып жатқан екі елдің мұсылман халқы діни мерекені екі күнде тойлап жататын кездері болды. Бұл өзбек мәхалласындағы мешіт азаны қазақ ауылына естіліп жататын жамағаттың арасында түсінбеушілік тудырғаны рас. Іргелес жатқан елді мекендердің айт мейрамын екі күнде атап өтуі, расында да сырт көзге ұят. Діни жолы бір бауырлас елдердің дін қызметкерлеріне де үлкен сын. Өзбекстан мүфтиі Османхан қажы Алимов бұл уәжімізді орынды қабылдап, ортақ пәтуа шығаруға келісім берді. Өзбекстан сапарының басты жетістігі осында.

Самарқан сапары

Бейнелеп айтқанда, Өзбекстан дегеніміз – Самарқан, ал Самарқан дегеніміз Өзбекстан іспетті. Өзбекстанға барып, Самарқанға соқпай кетуге әсте болмайды. Дін, тарих туралы ізденген адам үшін Самарқан сапарының ғибраты мол. Ежелгі шаһар мен оның маңайында әйгілі имам Әбу Абдолла Мұхаммед ибн Исмаил әл-Бұхаридің, имам Әбу Мансұр әл-Матуридидің, ойшыл-ғалым Бұрханиддин әл-Марғинанидің, қолбасшы, би, батыр бабамыз Жалаңтөс Баһадүрдің кесенесі бар. Олардың қабірін зиярат етіп, рухтарына қасиетті Құран аяттарын бағыштадық. Біз діни құқықтық мектепте Әбу Ханифа мәзһабын, ал діни сенімде Мәтуриди жолын ұстанамыз. Самарқандағы имам Әбу Мансұр әл-Матуридидің қабірін зиярат етіп, Құран аятын бағыштау нәсіп болды. Бұл – оның діни жолын ұстанған біз, дін қызметкерлері үшін үлкен мәртебе, асыл борыш. Имам әл-Бұхари – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерін (айтқан сөздерін) жинақтаған ғұлама-ғалым. Хадис Құраннан кейінгі екінші кітап саналады. Құран мен хадис – Исламның негізгі қос қайнары. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис-шәрифінде: «Мен сендерге екі нәрсені қалдырдым. Егер оны мықтап ұстасаңдар, менен кейін ешқашан адаспайсыңдар. Ол – Алланың кітабы және менің сүннетім», – деген. Өзбекстан мүфтиі Османхан қажы Алимовтың айтуынша, Президент Шавкат Мирзияевтің бастамасымен имам Бұхари жайлы деректі фильм түсіріліп жатыр екен. Интернеттен өзбек басшысының: «Біз имам Бұхаридің ұрпағымыз. Оны мақтан тұтып қана қоймай, ұлық имам жайлы фильмдер, кітаптар шығаруымыз керек. Әлем халқына имам Бұхариді танытуымыз керек», – деген сөзін естіп, жүрегім жылып қалған еді. Ш.Мирзияевтің мешіттер мен имамдарға жасап жатқан қамқорлығына біздің де көңіліміз марқайып қалды. Расында, тарих сахнасына шыққан ел билеген хандар мен сұлтандар Ислам дініне әрдайым қамқорлық жасаған. Әріптесім Османхан қажы бір сөзінде мемлекет имамдарға қаржылай көмек беру мәселесін қарастырып жатқанын айтып қалды. Болашақта қайырымдылық қор есебінен қаражат бөлінеді екен. Мұндай игі бастама біздің елде бір жыл бұрын қолға алынды. Түрлі әлеуметтік жобаларға арнайы қолдау көрсететін «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры құрылғанын айтып бердім. «Уақып» – коммерциялық емес қайырымдылық ұйым. Сондықтан қор есебінен әлеуметтік әлсіз топтарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, кадрлардың кәсіби біліктілігін арттырып, дін қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешумен айналысады. Қорға алғашқы қаражатты Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры аударды. Елбасының игі бастамасымен ашылған қордың есебінен шалғай ауылдағы өзін-өзі қаражатпен қамтамасыз ете алмайтын 250-ден астам мешіт имамдары мен молдаларына қаржылай қолдау көрсетілуде. Мұндай жаңалық Өзбекстан мүфтиін қатты қызықтырды. Қор жұмысы туралы қайта-қайта сұрап, сұрақтың астына алды. Өйткені оларда қордың концепциясы енді жасалып жатыр екен. Ал бізде бұл мәселе шешімін таба бастады. Хадистің бірінде: «Адамға алғыс айтпаған Аллаға да алғыс айта алмайды», – делінген. Аллаға шүкір, Елбасының қамқорлығының арқасында имамдарымыз қаржылай қолдауға ие болуда.

Ауызбіршілік ауадай қажет

Ташкенттегі «Хазірет имам» мешітінде болғанымда имамдыққа өтуімді өтінді. Уағыз айтып, бата беруді ұсынды. Бұл – дін қызметкерлері арасында бұрыннан қалыптасқан құрмет. «Исламдағы бауырмашылдық» тақырыбында насихат айттым. Расында, Алла Тағала бізді ең әуелі мұсылман етіп жаратқаннан кейін мұсылман бауырларымызбен қарым-қатынасымызды үзуімізге әсте болмайды. Бүгінгі таңда мұсылмандар арасында мықты байланыс, өзара түсіністік ауадай қажет. Аллаға шүкір, қазақ-өзбек арасындағы байланыс жаңа қарқын алып келеді. Ақтөбе облысында 50-ден астам өзбек азаматы опат болғанда еліміз бойынша мешіттерде жұма намазында арнайы дұға жасалды. Қайғы жұтқан өзбек жұртына көңіл айтып, тілеулестігімізді білдірдік. Хадис-шарифтің бірінде: «Уа, Алланың құлдары! Өзара тату, бауырмал болыңдар! Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман – бауырына озбырлық жасамайды», – делінген. Ал Алла Тағала Құранда «Хужурат» сүресінің 10-аятында: «Шын мәнінде мүміндер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер», – деп бұйырған.

Ташкентті билеген Төле би

Сапар аясында Төле бидің қабірін зиярат етіп, бабамыздың рухына қасиетті Құран аяттарын бағыштадық. Аңыз әңгімелердің бірінде Төле бидің үйіне қарлығаштың ұя салғаны айтылады. Ауылға жау шапқанда адамдар баспанасын тастап, жан сауғалап кеткен кезде бабамыз үйінде тапжылмай отыра беріпті. Жоңғар қонтайшысы мұның себебін білмек болғанда Төле Әлібекұлы оны: «Биыл шаңырағыма қарлығаш ұя салды. Балапандарының қанаты қатайғанша үйімді бұзбайын деп шештім. Біреу сендердің үйлеріңнің ойранын шығарып, балаларыңды шырылдатып қойса, жақсы ма?» – деп тығырыққа тіресе керек. Сөзден жеңілген қонтайшы шабармандарына Төле би отырған ауылды шаппауды бұйырған екен. Содан бері Төле би бабамыз ел аузында «Қарлығаш әулие», «Қарлығаш би» атанып кеткен екен. 1718 жылы Тәуке хан дүние салады. Хандық билікте алауыздық пайда болады. Бірлік кеткен жерде береке болмайтыны заңды құбылыс емес пе? Қалмақтар қазақтың біраз жерін басып алып, ел арасы әлсірейді. Осы кезде Төле би Ташкентті қалмақтардан қорғауға барын салады. Бұл ретте 1726-27 жылдары Төле би бастаған халық қозғалысының маңызды рөліне тоқталмай кету мүмкін емес. Тарихи деректерде Жолбарыс ханның қазасынан кейін Төле Әлібекұлының Ташкентті алты жыл билегені айтылады. Кейбір мәліметтерде 12 жыл басқарғаны жазылған. Өзбек ағайындар Төле биді көп ауызға ала бермейді екен. Тек «Қарлығаш би» дейді. Төле биді қазаққа қимайтынын аңғару қиын емес... «Тәңірім қазаққа елдікті де, ерлікті де, даналықты да берген». Бабамыздың құлпытасында жазылған осы сөз кімді болсын ойландырмай қоймайды. Расында, елдік, ерлік, даналық – қазақтың қанында бар қасиеттер. Біз өзімізге тән ізгі қасиеттеріміз арқылы ғана жат идеологиялық шабуыл үдей түскен бүгінгі күннің мылтықсыз майданынан аман қаларымыз сөзсіз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды», – деп жазуының астарлы мағынасы осында жатса керек. Тарих, салт-дәстүр, ұлттық әдет-ғұрып – өткеннен өнеге алып, танымға таразы, тіршілігіңе бағдар беретін құндылық. Дәстүр дегеніміз – тәжірибе. Ал әдет-ғұрыптан тағылым алу – адамдық іс. Демек, өткеннен өнеге алу – бейнебір болашақтың бағдаршамы іспетті.  

Серікбай қажы ОРАЗ,

Қазақстан мұсылмандары

діни басқармасының

төрағасы, Бас мүфти