Би өнерін асқақтатқан қазақ балерондары
Би өнерін асқақтатқан қазақ балерондары
Еліміздің белгілі балет әртісі, «Астана Операның» жетекші солисі, көптеген мәртебелі халықаралық байқаулардың Гран-при лауреаты Бақтияр Адамжан «Мистер Виртуозность» аталымында беделді халықаралық Dance Open балет сыйлығының (Санкт-Петербург, Ресей) лауреаты атанды. Театрдың тағы бір өнерпазы – балет солисі Серік Нақыспеков «Арабеск-2018» байқауының (Пермь, Ресей) лауреаты болды.
Санкт-Петербург Халықаралық Dance Open балет сыйлығы Халықаралық Dance Open балет фестивалі аясында жыл сайын табысталады. Фестивальдің ұйымдастыру комитеті әлемдік балет жұлдыздары арасынан жеңіске үміткерлерді таңдайды. Осы жылы жарқын жұлдыздардың қатарына Бақтияр Адамжан да енді.
Фестиваль сахнасында аты әлемге мәшһүр жұлдыздар тоғысты: Dance Open фестивалінің ең қызған маусымына әлемнің 6 елінен 6 балет труппасы қатысты, сонымен қатар Италия, Германия, Франция, Ұлыбритания, Нидерландтар, Испания, Словения, Жапония, Корея, Қытай, Армения, Украина, Беларусь, Ресей және т.б. елдердің солистері бас қосты. Лауреаттарға 1913 жылы Б.Фредман-Клюзельдің әйгілі балерина А.Павлованың аяғы үлгісінде жасаған хрусталь мүсінше көшірмесі түрінде бірегей естелік сыйлықтар ұсынылды. «Астана Опера» театрының жетекші солисі Бақтияр Адамжанға хрусталь мүсіншені екі дүркін олимпиада чемпионы, жеңіл атлетикадан әлемнің рекордсмені Светлана Мастеркова табыстады.
– Санкт-Петербург Халықаралық Dance Open балет фестивалі би өнеріндегі ең жоғарғы санаттағы шеберліктің нышаны болып табылады. Осындай деңгейдегі фестивальге қатысу – аса зор мәртебе ғана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Барша құрлықтан келген әртістердің өнерін қазылар құрамындағы әлемдік хореографияның беделді тұлғалары мен петерборлық әккі көрермен қатаң бағалады. Қазақ өнерінің даңқын асқақтату үшін барымды салдым. Бұл марапат қазақстандық мектептің әлемдік балет майталмандары арасында лайықты құрметке ие екендігін дәлелдесе керек, – дейді Бақтияр Адамжан.
Театрдың тағы бір маңдайалды өнерпазы Серік Нақысбеков Е.Максимова атындағы «Арабеск-2018» XV балет әртістерінің ашық байқауында (Пермь, Ресей) ерекше өнерімен көзге түсті. Солист Георгий Зоричтың «Бишінің техникалық тазалығы мен орындаушылық әртістігі үшін» арнайы сыйлығына ие болды. Осы жылы қатысушылар ауқымы 15 мемлекет пен Ресейдің 15 қаласын қамтыды. Классикалық хореографиялық байқауға – 111, заманауи хореография сайысына 79 адам қатысқан болатын.
Әртістердің халықаралық байқаулардағы жетістіктері Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жолындағы толағай табыстардың қатарын толықтырары сөзсіз. Отандық өнерпаздар қазақстандық өнердің халықаралық аренадағы танымалдылығын одан әрі арттыра бермек.