«Ұлы дала елінің жауһарлары»

«Ұлы дала елінің жауһарлары»

«Ұлы дала елінің жауһарлары»
ашық дереккөзі

Киелі Әулиеата жерінде еліміздің бас қаласы Астананың 20 жылдығына арналған «Ұлы дала елінің жауһарлары» атты көрме ұйымдастырылды.

Үш бөлімнен тұратын көрмеде 50-ге жуық құнды жәдігерлер қойылған. Олардың арасында Қожа Ахмет Ясауиден қалған баға жетпес қолжазбалар мен оның шәкірттерінің кітаптары бар. Сонымен бірге, көрме қонақтары араб тілінде жазылған тарих, география туралы оқулықтар мен шежірелер дастанын да тамашалай алады. Одан бөлек қасиетті Түркістан шаһарының орта ғасырдан бастап білім мен ғылым және өнер ордасы болғандығын дәлелдейтін ғылыми кітаптар мен фотосуреттер де орналастырылды. Бас қаланың мерейтойына арнайы ұйымдастырылған көрменің басты жәдігері – Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» туындысының түпнұсқасы. Көрмеге бас сұққан тараздықтар еңбектің түпнұсқасын осы жерден тамашалай алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш көрме арқылы Жамбыл жұртшылығы тарихпен танысуға мүмкіндік алады. Көрме жұмысы 16 мамырға дейін жалғаспақ.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Тараз қаласындағы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде музейлер арасында ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Мәселен, 4 мамыр күні мұнда Отырардан келген құнды жәдігерлердің көрмесі өтеді. Ал 16 мамыр күні Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени этнографиялық орталықтан әкелінген құнды жәдігерлер жамбылдықтар назарына ұсынылады.