Кәсіпкерді тығырыққа тіреген электронды сауда

Кәсіпкерді тығырыққа тіреген электронды сауда

Кәсіпкерді  тығырыққа тіреген электронды сауда
ашық дереккөзі
Әлемде онлайн сауда-саттық жасау қарқын алғаны баршаға мәлім. Бүгінде электронды сауда жасаудың тиімділігін білген жұрт ұялы телефонның көмегімен-ақ әлемнің кез келген түкпірінен тауар сатып алуға көше бастады. Бұл қазір Италия кәсіпкерлері үшін түйткілді мәселеге айналып отыр. Италия кәсіпкерлері соңғы уақытта бөлшек сауданың сәні кетті деп дабыл қағуда. Олардың айтуынша, сауда орындарының таяу болашақта жабылып қалатын түрі бар. Қазірдің өзінде сауда желілері сатушыларының санын азайтып, жалақы мөлшерін де айтарлықтай төмендетіпті. Олай етпесе, онлайн сауда-саттық дамыған бұл елде әдеттегі сауда нүктелерінің иелері шығынға бататыны анық. Өйткені итальяндардың бәрі қажетті тауарларын электронды тапсырыс беру арқылы онлайн дүкендерден сатып алатын болған. Бөлшек сауданың бәсі төмендегенін Италияның статистика институты да растап отыр. Статистика институты таратқан хабарламаға сенсек, 43 дүкеннен тұратын «Трони» тұрмыстық техника сататын желі жабылып, 500-ге жуық адам жұмыссыздар қатарын толықтырыпты. Сауда желісінің қызметкерлері бүгінде шаңсорғыш, шәйнек, үтік секілді тұрмыстық техникаларды да тұтынушылар үйден шықпастан төмен бағаға сатып ала алады екен. Кәсіподақ ұйымдары елдің экономикалық даму министрлігіне қиын жағдайдан шығуға қол ұшын созып, жұмыс орындарын сақтап қалуға көмектесуін сұрап, өтініш хат жолдады. Ал саудагерлер онлайн сауданың ұлғаюына алаңдаулы. Тұтынушылар саны бұлайша азая беретін болса, жағдайдың түпкілікті қиындайтыны сөзсіз. Қазір Италия онлайн сауда жасау бойынша Германия мен Франция сынды Еуропаның ірі елдерінен кейінгі орында. Милан политехникалық университеті жүргізген соңғы зерттеулердің қорытындысына сай, былтырғы жылы тауардың 6 пайызы онлайн түрде сатылған. Бұл 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 30 пайызға артық. Интернет дүкендерінің қызметіне жүгінетін тұтынушылар саны 22 миллионға жетіпті. Онлайн саудаланған тауарлар тізімінде электронды заттар, киім-кешек, үйге арналған тауарлар бар. Айта кетейік, Италиядағы жеке дүкендердің сауда көлемі 6 жыл ішінде 8 млрд еуроға азайған. Осылайша, сауда нарығында қадамдарын нық баса алмай отырған шағын бизнес өкілдері ірі онлайн сауда нүктелерімен арадағы бәсекеде әлсіз екендігін аңғартып алды. Ал саудагерлер бұл мәселенің шешімі табылмаса, сауда-саттықпен айналысып жүрген шағын кәсіпкерлердің әлеуметтік ахуалы күрделене түсетіндігін айтуда.