Туған ұлтының тарихын ұлықтамайтындар

Туған ұлтының тарихын ұлықтамайтындар

Туған ұлтының тарихын  ұлықтамайтындар
ашық дереккөзі
Газетіміздің өткен санында «Қолды болған «қола бала» («Түркістан» газеті, 26 сәуір 2018 жыл, №17) деген тақырыппен Астанадағы 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған монументтен ұрланған мүсін жайлы жазған едік. Осымен екінші мәрте ұрланған ескерткіш темір-терсек қабылдайтын орыннан тәркіленіп, өз орнына қайтарылды. Өкінішке қарай, елімізде ескерткіштен пайда көргісі келетіндер ғана емес, ерекше мәні бар белгі-бедерлерді бүлдіруден, тарихи-мәдени құндылықтарды мазақ етіп, қорлаудан тайынбайтындар көбейіп барады. Ардан безгендердің қолымен қиратылып, аяғының астында тапталған қорғансыз ескерткіштер еліміздің түкпір-түкпірінде бар. Еліміздегі тарихи-мәдени құндылықтардың өз деңгейінде қорғалмауы салдарынан ескерткіштерге қырғидай тиген вандалдар саны азаймай тұр. Жуырда сондай жайсыз жаңалықтың бірі Қызылордадан жетті. Жергілікті тұрғындар 337 миллион теңгеге салынған ескерткіш дәрет сындыратын орынға айналғанын айтып, дабыл қақты. Олардың айтуынша, Сырдарияның жағасынан бой көтерген «Сыр-Ана» тарихи монументі алты жылдан бері қор боп тұр. Ескерткіштегі сәукеле киіп, бұратылған ару қазақ қызының сұлулығын паш етсе, қос бұрымы жайқалған күріш сабағындай өңірдің нағыз ерекшелігін көрсетеді. Алайда аймақтың басты символына айналуы тиіс стелла қараусыз қалған. Ескерткіш осыдан алты жыл бұрын дүркіреп ашылған. Қаланың шырайын кіргізген монументке қуанған сол кездегі өңір әкімі Болатбек Қуандықов Қайрат Нұртас, Мадина Сәдуақасова сынды белгілі өнер жұлдыздарын арнайы шақыртып, үлкен концерт те өткізген-ді. Алайда стелланы салуға, оны айрықша салтанатпен ашуға жұмсалған миллиондар желге ұшты. Өйткені той тараған соң монумент те жайына қалды. Ескерткіштің неге қорғаусыз жатқаны туралы сұраған тілшілерге қалалық Тұрғын­үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын­үй инспекциясы бөлімі бастығының орынбасары Біржан Далабаев: «Монументтің маңы дәретханаға айналғаны рас. Ұяттан безгендер ескерткіш маңын қоқысқа толтырған. Терезесін талай сындырып кеткен фактілер де болды. Одан кейін оның бәрі қалпына келтіріліп, басына күзетші орналастырылған. Жақында тазалау жұмыстары жүргізіліп, стелла қайта ашылады», – деп ақталды. Бөлім бастығы «жақында» деген сөзін нақтыламады. Әзірге «Сыр-Ана» қараусыз тұр. Ескерткіштің баспалдақтары бөлініп, әр жері қираған. Ең сорақысы, бір кездері «Сырдарияның символы» деп әспеттелген стелланың қайда орналасқанын қызылордалықтар тіпті білмейтін боп шықты. Жалпы, Қызылорда қаласында бас-аяғы 52 ескерткіш бар. Оларды күтіп-баптауға бюджеттен 60 миллион теңгеден астам қаржы бөлінеді екен. Қарапайым арифметикаға салсақ, әр ескерткішке 1 млн 200 мың теңгеге жуық қаражат қаралған. Сонда ашылғалы күтім көрмеген «Сыр-Ананың» «еншісі» кімнің қалтасында кетті? Стелланы қайта жөндеп, айналасын абаттандыруға тағы қаражат қажет деп Астанаға қарап алақан жайып отырған шенеуніктер неге шімірікпейді? Семейде де қараусыз қалған ескерткіштер аз емес. Солардың бірі ‒ Қаракерей Қабанбайдың монументі. Қазақ даласын ат жалында жүріп жаудан қорғаған дарабоздың ескерткіші осыдан 13 жыл бұрын ашылған болатын. Қалада батырдың мемориалдық кешені бой көтергенде бөркін аспанға атып қуанғандардың бірі ‒ жергілікті философ Ерзат Жетібаев. Алыстан көз тартатын сәулетті туындының бүгінгі сиқын көрген ол жағасын ұстағанын жасырмайды. Өйткені тас тұғырдың мәрмәрлары қирап, жанындағы қоршаудың жабындылары да адам көргісіз күйге түскен. «Ескерткіш орнатылғаннан бері қараусыз қалған. Тура теміржол бекетінің жаны болғандықтан, оның маңайына күнде қаншама адам келіп-кетеді. Олардың арасында шетелдіктер де болады. Сондықтан ескерткіштің мұндай күйде болуы ұят. Бұл ‒ өз ұлтымызды, тарихымызды сыйламау. Мемлекет тарапынан ескерткіштер қорғалу керек қой. Жергілікті билік қайда қарап отыр, неге жөндемейді?», ‒ деп қынжылады Ерзат Жетібаев.

        «Қызым ‒ үйде, қылығы ‒ түзде»

Ұсқыны қашқан ескерткіштердің бірі төпелеп жауған жауын-шашын, долданған дауыл мен шақырайған күннен тозса, енді бірі ұлтының тарихын ұлықтамайтын, құндылықтарын құрметтемейтін бұзақылардың әрекетінен кейін репетін жоғалтқан. Мәселен, өткен жылдың тамызында ардан безгендер Мұқағали Мақатаевтың Алматыдағы ескерткішін мазақ қылды. Вандалдар мұзбалақ ақынның мүсінін келемеждеп, балағат сөздер жазып кеткен. Мұндай әдепсіз әрекетті алғаш боп алматылық зейнеткер Асылхан Мәлімбаева байқаған. Ақынның ескерткіші қойылған шағын саябақта күн сайын немерелерін ертіп, серуендейтін кейуана жасөспірімдердің Мұқағали ескерткішінің үстіне шығып, асыр салып ойнағанын жиі байқайды екен. Бұған қынжылған зейнеткер жастарға бірнеше мәрте ескерту жасаған. Алайда онысынан нәтиже шықпапты. Керісінше, есірген жасөспірімдер мүсіннің астына ақынды қорлайтын сөздер жазып кеткен. Саябақ аумағында түнде жарық шамдарының барлығы жанатын көрінеді. Алайда маңайға бірде-бір бақылау камерасы орнатылмаған екен. Салдарынан әдепсіз жастарды жүгендеу мүмкін болмай тұр. Аудандағы көріктендіруге жауапты мамандар әлгі жазуды өшіргенімен, түн болса, «шабыты» таситын бұзақылар ескерткішті қайтадан бүлдіріп кететін көрінеді. «Күндіз саябақ ішіндегі тәртіпті қадағалайтын арнайы қызметкерлер бар. Таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін айналаны бақылайды, қоқыстарды тазалайды. Алайда олардың жұмыс уақыты біткеннен кейін вандалдар ойларына келгенді істейді», ‒ дейді Алмалы ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы Әкімхан Төлеген. Жергілікті билік өкілдері мұндай бұзақылықты тыю үшін түнде саябақ аумағына қарауыл қоймақ. Бақылаудың жоқтығынан өткен жылдың күзінде 28 панфиловшылар саябағында орналасқан 11 қаһарман қалалардың мемориалдық тақтасы да қорланды. Генерал-майор Панфиловтың немересі, саябақ территориясында орналасқан Әскери даңк мұражайының меңгерушісі Алуа Байқадамованың айтуынша, вандалдар гранит бетінен металл әріптер мен әскери символикаларды сындырып алған. «Мұражайдың екі қызметкері сыртқа шыққан кезде көріп қалып, бірден полицияға хабарлаған. Учаскелік полиция қызметкері келіп, істі қолға алатынын айтты. Ескерткіштерді қорлау жағдайы бірінші рет орын алып отырған жоқ. Бұдан бұрын бұзақылар ескерткішке жұмыртқа лақтырып кеткен. Бұрын ескерткіштердің жанында тұрған күркеде полиция қызметкері отыратын. Егер мұндай істі жасөспірімдер жасаған болса, олардың бойында өткенге құрметі жоғалып бара жатқаны қынжылтады. Олар бүгінгі бейбітшілік үшін жанын құрбан еткендердің ерлігі туралы ештеңе білмейді», ‒ дейді даңқты батырдың ұрпағы. Ерлік демекші, Ресейдің Псков облысындағы Невель қаласында қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметоваға қойылған ескерткіштің де мазақ болғанын ұмыта қойған жоқпыз. Вандалдар ескерткішті қорлап қана қоймай, әдепсіз әрекеттерін бейнекамераға түсіріп, интернет желісіне жүктеген еді. Онда жас жігіттің ескерткіштің қақ төбесіне шығып, суретке түспек болған сәті бейнеленген. Сондай-ақ, кадрдың сыртындағы адамның балағат сөздері анық естіледі. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк Мәметова ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, өз жанын пида етпеп пе еді? Қазақтың батыр қызына құрмет ретінде 2010 жылы ескерткіш орнатқан ресейліктер оны қорлауға неге жол беріп отыр? Қазақтың егеменді ел болуына, бей­бітшілікте өмір сүруіне, көзі ашық, көкірегі ояу ұлт болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан асылдарымыздың әруағынан қорықпайтын өз ұл-қызымызды тәрбиелей алмай отырғанда, өзгеге өкпелеуіміз орынсыз да болар. Ұлымыз көргенді, қызымыз тәрбиелі болса, ерлердің ерлігін ел есінде қалдыру үшін орнатылған ескерткіштің алдында есіріп би билей ме? Осыдан бір ай бұрын Талдықорған полициясы қаладағы Даңқ ескерткіші алдында әдепсіз би билеген екі бойжеткенді анықтады. Әлеуметтік желіге жүктелген видеодан ессіз қыздардың монумет алдындағы ерсі биін жалпақ жұрт көрді. Кейіннен облыстық полицияның баспасөз қызметі: «Екі қыздың кім екені анықталды. Олардың екеуі де Талдықорғанға қонаққа келген. Оның бірі 19 жастағы Іле ауданының тұрғыны болса, екіншісі 16 жаста, Алматы қаласындағы орта мектептің жоғары сыныбында оқиды. Қазір аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде, оған қыздардың ата-аналары да қатысып жатыр. Ұсталғандар Қазақстанның әкімшілік заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады», ‒ деп хабарлады.

Зиратқа қиянат жасағандар

Білместікпен істеді деп өрімдей жастарды ақтауға тырысқанымызбен, мұндай әдепсіздікті жазасыз қалдыру жастарды жақсылыққа бастамайтынына көзіміз жетті. Қорланған, қиратылған, қолды болған ескерткіштер жайлы естісек, желіккен жасөспірімдердің ісі шығар деп немқұрайлы қарайтынымыз, кінәліні іздеуге тырыспай, істі жылы жаба салатынымыз жасырын емес. Вандализмнің жылдан жылға асқынып, жұқпалы дертке айналып бара жатқаны, бұзақылардың ескерткіштерді қойып, зираттарды талқандауға көшкені де сондықтан. Бұзақылардың бәрі кәмелетке толмаған бозбалалар деген көзқарас та жаңсақ екеніне көз жетті. Мәселен, 2015 жылы Қызылжарда зират қоршауын қиратқан 35 жастағы қала тұрғыны екені анықталды. Полицейлердің жедел қимылдауы нәтижесінде бұл вандал да қолға түсіп, лайықты жазасын алды. Зиратқа қиянат жасаудан алдыңғы толқын ағалар қаймықпағанда кейінгі толқын інілер неге тосылсын? Осыдан үш жыл бұрын Ақтөбе облысында 14 жастағы жас­өспірімдер бейіттердің ойранын шығарғаны туралы хабар ақпарат құралдарын ұлардай шулатқан еді. Облыстағы Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылының бозбалалары жалпы есебі 16 зиратты бұзған. Вандалдар мәрмәрдан жасалған ескерткіштерді сындырып, гүлдерді таптады. Сонымен қатар, құлпытастарға бояу төгіп, қоршауларын сындырған-тын. Өткен жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қасымбек ауылындағы зиратта 13 құлпытасты бұзған да ‒ 13 пен 15 жас аралығындағы оқушылар. Жергілікті тұрғындардың шағымынан кейін полицейлер көп ұзамай бейіт басында тағылық жасаған 5 жасөспірімді қолға түсірді. Кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қатаң жаза тағайындалмайтыны белгілі. Істің қалай аяқталғанын білмейміз, әйтсе де бұзақы жастар ары кетсе қоғамдық жұмысқа тартылды немесе зиратқа келтірілген материалдық шығынды өтеумен шектелді деп топшылаймыз. Бірақ бейітті бұзғандардың бәрі бірдей жазадан сытылып кетеді деген сөз емес.ҚР Қылмыстың кодексінің «Өлген адамдардың мәйiттерiн және олар жерленген жерлердi қорлау» деп аталатын 314-бабында зираттарды жою, бүлдiру немесе аяққа басу үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны тайға таңба басқандай жазылған. Ал дәл осы әрекетті алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы немесе қылмыстық топ жасаған болса, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі. Аталмыш кодекстің «Бұзақылық» деп аталатын 293-бабы мен «Тағылық» деп аталатын 294-бабы да вандализмнің салдарымен күресіп әлек. Алайда үйдегі ұл-қыздың түздегі қылығына тыйым болмай, бұл күрестен нәтиже шықпайтын сияқты.