Кемелділік кілті – кітапта

Кемелділік кілті – кітапта

Кемелділік кілті – кітапта
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне аударылған 18 кітап таныстырылды. Ұлттық аударма бюросының өкілдері Әлібек Қисыбай мен Әлихан Түйебаев 18 кітаптың атауын, қай тілден аударылғанын және жұмыстардың қалай ұйымдастырылғаны туралы кеңінен таныстырды. Басқосуға ұлттық аударма бюросының өкілдерімен қатар, ғалымдар, партия қызметкерлері және жастар қатысты. Олар қазақ тіліне аударылған кітаптар туралы пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын айтты. Ұлттық аударма бюросының жоба үйлестірушісі Әлібек Қисыбай 100 кітапты ғана аударумен тоқтап қалмайтындарын, «гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең таңдаулы 100 кітапты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аудару» жобасынан кейін де бюро кітап аудармасын жалғастыратынын айтты. Қазір аудармалардың 90 пайызына жуығы ағылшын тілінен тәржімаланды. Таңдаулы еңбектерді қазақ тіліне аудару кезінде қиындықтар кездескен. − Қазақ және ағылшын тілін бірдей түсіне алатын, сол салада маман бола алатын адам табу қиын болды. Мысалы, профессор, кафедра басқаратын үлкен жастағы ағаларымыз көбіне бір тілді. Олар пәнді жақсы түсінеді, бірақ қазақ және орыс тілдерінде. Сол үшін ағылшын тілін білетін мамандардың немесе шетелде оқып келген жастардың көмегіне жүгінеміз. Бірақ олар ғылымилықты профессор кісілерден үйренуі керек болады. Сөйтіп, 2-3 адам атқаратын жұмысқа 6-7 адам жұмылдырылады, − дейді Әлібек Қисыбай. Аталған кітаптардың электронды нұсқасы ғаламторға алдағы 2-3 апта көлемінде шығарылмақ. Оны оқырмандар 100kitap.kz сайтынан тегін оқи алады. Олар – «Құдайтану баяны», «Орта ғасыр философиясы», «Менеджмент», «Қазіргі психология тарихы», «Философияның қысқаша тарихы», «Тіл біліміне кіріспе», «Антропология тарихы мен теориясы», «Философияның таңдаулы 25 кітабы», «Антика философиясы», «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», «Әлеуметтік психология», «Әлеуметтану теориясы», «Әлеуметтану негіздері», «Экономикс», «Көпке ұмтылған жалғыз», «Кәсіпкерлік», «Медиа этика», «Төртінші индустриялық революция». − Қазір Еуразиялық ұлттық университетімен тығыз байланыстамыз, сондағы және басқа да университеттердің оқытушылары қажетті кітаптарды аударуға ұсыныс білдіруде. Кітапты бекіткеннен кейін де, оның қаншалықты маңыздылығы жұмыс тобының талқысына салынады, – дейді Әлібек Қисыбай.