Қазақстандағы басым бағдарлама – баспана

Қазақстандағы басым бағдарлама – баспана

Қазақстандағы басым бағдарлама – баспана
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясының алаңында «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын іске асыруды бақылау комиссиясының басқосуында Елбасының бірінші әлеуметтік бастамасы – «7-20-25» бағдарламасы талқыланды. Партия Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыруды бақылау бойынша қоғамдық кеңес құрған болатын. Соның бірінші бастамасы – «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды. Оны жүзеге асыру үшін мемлекет 1 трлн теңге бөлді. Қазір ол Парламентте қаралу үстінде. Сұрақ-жауап форматында өткен алқалы жиында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков, Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Бекешев және басқа да жауапты атқарушы орган өкілдері қатысып, аталған бағдарлама туралы ақпарат берді. Отырысқа төрағалық еткен комиссия жетекшісі Берік Оспанов Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковқа «Бағдарлама жұмыс істейтін, төлем жасауға қабілетті адамдарға арналғандығы белгілі. Ал мемлекеттік қызметке жаңадан тұрған жас маман көп жалақы алмайды. Оның кірісі займ алуға мүмкіндік бермейді. Олар үшін қандай да бір артықшылықтар бола ма?» деген сұрақ қойды. Олег Смоляков бағдарлама аясында займ беру – ипотекалық несие екендігін еске салып, оны алушының төлеуге қабілетті болуы маңызды екенін тілге тиек етті. «Жас мамандарға келетін болсақ, әрине, оның да расталған кірісі болуы тиіс. Ал кірісі жетпей тұрса, банк негізгі қарыз алушыға қосалқы қарыз алушыны да қосуды қарастырады. Яғни, бұл жерде негізгі несие алушының ғана емес, соған көмек қолын созған қосалқы қарыз алушының да кірісі есептеледі», ‒ деді ол. Бейнебайланыс жағдайында өткен отырысқа барлық облыстар қатысып, сауалдары мен ұсыныстарын жеткізді. Қарағанды облысынан байланысқа шыққан тұрғын: «Бағдарламада төлем жасау 25 жылға дейін қарастырылған. Ал еліміздегі зейнет жасы – 63 жыл. Демек, займ алу үшін жас шегі 38 жастан аспауы тиіс пе? Осы тұрғыда, ипотекалық займ мерзімі жас шегіне байланысты бола ма?», – деген сауал жолдады. Олег Смоляков жасқа шектеу қойылмайтынын, әркім төлем қабілеттілігіне байланысты ипотекалық несиені 25 жылға жеткізбей де, одан аз уақытқа алуға болатынын айтты. Бастысы аз жыл ішінде төлеп тастайтын мүмкіндігі – кірісі, еңбекке жарамдылығы болуы тиіс. Сонымен қатар Ұлттық банкке адамдардың көбінде бастапқы жарнаның төлеуге мүмкіндіктерінің болмауына байланысты зейнетақы қорындағы жинақты бастапқы жарна ретінде пайдалану ретін қарастыру ұсынысы тағы бір мәрте айтылды. Жалпы, бұл ұсыныс қазір жиі айтылуда. – Зейнетақы қорындағы жинақты пайдалану арқылы займ алушылардың қатарын көбейтетінімізді түсінеміз. Алайда жұмыстан шығып қалу, кіріс көзінен айырылу сияқты қауіптер бар. Займ алушы уақытында төлем жасай алмай, дефолтқа ұшыраған жағдайда, баспанасынан ғана емес, зейнетақысынан да айырылады. Сондықтан мұндай бастамаға мұқият болған жөн, – деп жауап берді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков. Бағдарламаға барлық банк бірдей қатыспайтынына байланысты, бағдарлама бойынша несие беретіндер қатарына «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкін» қосу туралы ұсыныс та болды. Бағдарлама бойынша баспана бірінші дәрежелі, яғни жаңа тұрғын үйлерден беріледі. Осы орайда, Берік Оспанов екінші дәрежелі тұрғын үйлерден баспана беру мәселесін назарға алуды сұрады. «Екінші дәрежелі тұрғын үйлерден баспана беру қарастырылмаса, аудан орталықтарының, облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары «7-20-25» бағдарламасына қатыса алмай қалады. Себебі жаңа баспаналар көбіне тек Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда салынады. Сондықтан осы мәселені назарға алуларыңызды сұраймын», ‒ деді ол. Баспана десе, еске түсетін тағы бір мәселе ‒ студенттерді жатақханамен қамту жайы. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінің үшінші бастамасы жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуға бағытталып отыр. Ол үшін елімізде 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салу көзделген. Сыр өңірінде осы бағытта қарқынды жұмыстар атқарылуда. Жуырда «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты Сайлауалды бағдарламасының «Білім» бағытын жүзеге асырудағы аймақтық комиссия өкілдері білімгерлерді жатақханамен қамту жұмысының нәтижелерін талқылады. ‒ Өңірде соңғы 2-3 жылда облыс әкімдігінің қолдауымен колледждердің оқу ғимараттары, оқу-өндірістік шеберханалары мен жатақханаларына күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, студенттердің игілігіне пайдалануға берілді. Осы жұмыстарға 2016 жылы жергілікті бюджеттен 282,0 млн теңге қаржы қаралса, 2017 жылы 432,6 млн теңге қаржы бөлініп, өңірдегі 6 колледждің оқу ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда, 600 студентке арналған 200 орындық жатақханасы бар С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің жаңа кешенінің құрылысын жүргізу үшін тәуелсіз бағалау конкурсына қатысуға жұмыстар жасалып жатыр, ‒ деді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақзира Қасымова. Жалпы, өңірде техникалық және кәсіптік білім беруді жүзеге асыратын 30 колледж жұмыс жасайды. Оларда 97 мамандық, 163 біліктілік бойынша 22480 студент білім алуда. 17 колледждің білім алушылары жатақханамен толық қамтылған. Дегенмен жиын барысында білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақзира Қасымова жатақхана қажеттілігі туындап отырған оқу орындарының бар екендігін және бұл бағытта жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын атап өтті. ‒ Облыстағы 30 колледждің 16-сы мемлекеттік, ал 14-і жекеменшікте. Алайда 16 мемлекеттік колледждің бесеуінде жатақхана жоқ, біреуіне қосымша жатақхана құрылысын салу қажет. Жалпы қажеттілікті есептесек, 975 орынды құрайды. Бұл мәселені шешу мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде қолға алынуда, ‒ деді Ақзира Қасымова.