Жаңалықтар

Қыздар Университетінің ғылыми жобасы үздік деп танылды

ашық дереккөзі

Қыздар Университетінің ғылыми жобасы үздік деп танылды

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттерінен құралған «Идеал» тобы «Жас толқын» студенттік олимпиадасында «Ең креативті идея» номинациясы бойынша үздік деп танылып, 1 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сыйақыға ие болды, деп хабарлайды оқу орнының Баспасөз орталығының жетекшісі Жандар Асан. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының ұйытқы болуымен осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған ғылыми жобалар байқауының мақсаты – қазақстандық студенттердің шығармашылық әлеуетін арттыру және жастарды ғылыми кеңістікке интеграциялау. Байқау барысында студенттер түрлі жобаларды қазылар алқасының назарына ұсынды. Олардың арасында гүл сататын автоматтар, ерекше қағаз стакандар,  инновациялық ауа тазартқыштарға дейін бар.  19-20 сәуір аралығында өткен сайысқа Алматы, Астана, Павлодар, Ақтөбе мен Шығыс Қазақстандағы жоғары оқу орындарының білімгерлері қатысты. Қыздар Университетінің атынан қатысқан «Әлеуметтану» мамандығының 4-курс студенті Әсел Бесімбаева, «Әлеуметтану» мамандығының 3-курс студенті Айнұр Бақытжанова, «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының 3-курс студенті Айжан Мамытова, «Математика» мамандығының 4-курс студенті Іңкәр Алмабек және «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 4-курс студенті Евгения Васильева барлық кезең бойынша үздік деп танылып, жүлде қоры 1 миллион теңгені құрайтын сыйақыға ие болды. – Жастар болғаннан кейін олардың ойына көптеген идеялар келеді және оны жүзеге асыру үшін қаржы жағынан қолбайлау болып отырады, көбінесе. Елбасы Қорының мұрындық болуымен ұйымдастырылып отырған осы сияқты ғылыми жобалар байқауы өзіндік ойы һәм жобасы бар жастарға қолдау көрсетуге көп мүмкіндік береді. Сайысқа еліміздің өңірлерінен 40-тан астам студент келді. Соның ішінде Қыздар Университетінің білімгерлері өзгелерден оқ бойы озып шығып, үздік атанды, – дейді топ жетекшісі, Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы Рима Сауытбаева.