Никол Пашинян Армения премьері қызметіне ресми түрде ұсынылды
Никол Пашинян Армения премьері қызметіне ресми түрде ұсынылды
Армениядағы наразылық қозғалысының жетекшісі, парламенттік «Елк» фракциясының басшысы Никол Пашинян Армения премьері қызметіне үміткер ретінде ресми түрде бекітілді.
Жаңа премьер-министрді сайлау Армения Ұлттық жиналысының (парламент) 1 мамырдағы арнайы отырысында өтеді. Конституциялық реформалардан соң премьерді парламент бекітеді, сөйтіп елдегі барлық билік президенттің емес, премьердің қолына өтеді.
Парламентте премьер-министр болып сайлану үшін үміткерге 53 дауыс жинау қажет. Оппозициялық «Елк» фракциясында тоғыз ғана орын бар. Басым дауысқа билік басындағы Республика партиясы ие – 58 орын.
Жаппай наразылық акциясынан соң республикалықтар өз үміткерін премьерлікке ұсынбайтынын жариялады. Дегенмен іс басындағы партияның парламенттегі фракциясының жетекшісі Ваграм Багдасарян партияның оппозиция жетекшісі үшін де дауыс бермейтінін ескертті.
Өткен аптада Пашинян «халық сенім білдірсе», Армения премьері атануға дайын екендігін мәлімдеді.
Арменияда жаппай наразылық шерулері екі аптадан астам уақыттан бері тоқтаған жоқ. Оған он жыл билік басқарған президент Серж Саргсянның премьерлікке тағайындалуы себеп болды. Конституциялық реформа өткізген уақытта ол премьерлікке таласпайтынын мәлімдеген еді. Саргсянның билікке қайтып келуін Армения халқы «саясаткер алдап кетті» деп түсінді.
Арменияның көптеген қалаларындағы наразылық акцияларынан соң Саргсян отставкаға кетті, бірақ оппозиция жаңа парламенттік сайлау өткізуін талап етті. 42 жастағы Пашинян азаматтық мойынсұнбай бейбіт акциясы жалғаса беретінін жариялап, «Халық қозғалысы» жақтастарын 1 мамыр – премьер-министрді сайлау күні «Армения алаңдары мен көшелерді толтыруға» шақырды.