Италиялық мұғалімдер жаппай аштық жариялады
Италиялық мұғалімдер жаппай аштық жариялады
Италияда жаңа ережеге наразылық білдірген мұғалімдер аштық жариялап, білім министрлігі ғимаратының алдында түнемек.
Елде орта педагогикалық білім алған ұстаздардың біліктілігі жарамсыз деп танылды. Кадрлық резервте тұрған 55 мың мұғалімге қатысты мұндай шешімді мемлекеттік кеңес мүшелері шығарды. Жаңа ережеге сай оқу жылының соңына қарай 7 мың ұстаз жұмыстан босайды. Бұған дейін олар биліктің шешіміне қарсы бірнеше ереуіл өткізді. Бірақ оған құлақ асқан ешкім болмады. Енді амалы таусылып, министрлік алдына келген педагогтар «ведомства басшысы сөзімізге құлақ аспаса кетпейміз» деп бекініп отыр. Қазір ереуілге шыққандар саны екі мыңға жуықтайды. Алдағы күндері олардың қатарына елдің түпкір-түпкірінен келген ұстаздар қосылмақ.
"Билік басындағылар ақылға келіп, бұл шешімінен бас тартады деп ойлаймыз. Бір отбасыны асырап отырған ата-аналар бар. Аштық жариялау олардың денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін. Билік біздің жан айқайымызға құлақ асса, ортақ мәмілеге келеміз деген үміттемін", - дейді жергілікті мұғалім Лучия Дель Джудиче.