Дәрігер ағылшын тілін білуге міндетті
Дәрігер ағылшын тілін білуге міндетті
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев нағыз дәрігердің портретін суреттеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Негізі, адам медицинаға өз қалауымен, өз ықыласымен барып, дәрігер болуы тиіс. Себебі адамның ағзасы - ол Жаратушының ең күрделі механизмі.Сондықтан медицина жолына бұрылыс-қалтарыспен түсуге болмайды. Жақында айтты ғой, дипломды сатып алып, университетке түсті деп. Ондай дәрігердің қолына түсуден құдай сақтасын. Сол себепті барлық медициналық университтердің студенттеріне айтарым, күн сайын медицина ғылымы тың жаңалықтарды шығарып жатады. Соны бәрін біліп отыру қажет. Ол үшін дәрігер ағылшын тілін міндетті түрді білуі тиіс. Әлемдік әдебиеттерді үнемі оқып отырған жөн. Тың жаңалықтардан тыс қалмау қажет», - деді Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясында. Президенттің айтуынша, әрбір дәрігер адамға жақын болуы қажет. Оның ішкі жан-дүниесін түсінуі керек. «Нағыз дәрігер пациентті жақсы көруі тиіс. Ауырып жатқан адамды қолынан алып, сипап, қолдау жасай білуі керек. Міне, шын дәрігер сондай», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев. Айта кетейік, сессия кезінде Мемлекет басшысы өз денсаулығына қалай қарайтынын айтып берді.