"Мен қазақ өнері үшін қызмет етемін"

"Мен қазақ өнері үшін қызмет етемін"

"Мен қазақ өнері үшін қызмет етемін"
ашық дереккөзі

Мадина Сағынбекова, Жамбыл облыстық филармониясының әншісі: 

Ол өнер әлемінде бүгін ғана төбе көрсеткен жоқ. Оның өнер жолы сонау 90-жылдардан, республикалық деңгейдегі ән байқауларынан басталды. Ол үшін өнерде шекара жоқ. Ол қай жерде де қазақтың әнін көкке қалықтатуды парызы деп санайды. Және ол өзінің бұл парызын адал орындап жүрген әнші. Тыңдармандарына Табылды Досымовтың «Ұнатамын мен сені» деп аталатын әнімен танылған әнші Мадина Сағынбековамен аз-кем сұхбаттасқан едік.

 – Әңгіменің әлқиссасын өзіңіз қызмет етіп жатқан Жамбыл облыстық филармониясынан бастайықшы. Облыстық филармонияның бүгінгі жағдайы қандай?

– Мен Жамбыл облыстық филармониясында 2000 жылдан бері қызмет істеймін. Мұнда қызмет етіп жатқаныма 15 жылдай уақыт болды. Өнерімді әрі қарай өрістету мақсатында Жамбыл облыстық филармониясының қара шаңырағын таңдадым. Қазіргі уақытта филармонияның жұмысы табысты жүріп жатыр. Ал бұл шаңыраққа келгенге дейін көптеген үлкен сахналарда өнер көрсеттім, түрлі байқауларда бақ сынадым. 1994 жылы Ш.Қалдаяқов атындағы республикалық байқауға қатысып, гран-при иелендім. Одан кейін 1995 жылы «Жас қанат» байқауының лауреаты атандым. Ашхабад қаласында өткен әлемдік жастар фестиваліне қатыстым. Бұдан өзге де біраз ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Мен өнер жолындағы нағыз бәйге бәсекелестік деп есептеймін. Ал бұл байқаулар маған өз деңгейімді білуге, өзімнің артық-кемімді үлкен септігін тигізді.

– Өнер өкілі ретінде бүгінгі әндердің мәнсіз мәтіні туралы не айтасыз? Сіз әндеріңіздің сөзіне қаншалықты мән бересіз?

– Мен үшін әннің мәтіні әрқашан басты назарда. Өзімнің табиғатыма келетін әндерді ғана орындауға тырысамын. Көбіне менің қолыма «тастап кетті, жеткізбей кетті» деген секілді мәтіндер түсіп жатады. Бірде маған бір ақын келді. Өзінің дүниеден өткен анасына арнаған өлеңін ала келіпті. Мен ол әнді орындаудан бас тарттым. Өйткені менің анам тірі. Ал ол әнді жүрекпен сезініп айту – менің міндетім. Әнді орындау үшін ол өзіңнің өміріңе байланысты болуы керек. Бұл – менің ойым. Мен Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова секілді ақын апаларымның өлеңдерімен сусындаған қазақ қызымын. Сондықтан өлеңдерден сүйікті ақындарымның ұйқастарын, мәнді сөздерін іздеп тұратыным бар. Ақындар мен сазгерлердің туындысын алған кезде әбден ойланып-толғанамын. Қазір ән деген өте көп.  Тойға арналған әндер тіптен көбейіп кетті. Сахнада жүрген сүйікті әншісін халық өз тойынан көргісі келеді. Сол себепті әншілердің репертуарында бірді-екілі тойға арналған әннің болуы заңдылық. Ал егер тек той үшін ән жазып, той үшін өнер көрсететін болсақ, біздің өнердің соңғы сатысына түсетініміз анық. Баяғыда біз үшін Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева секілді өнер майталмандары қол жетпестей көрінетін. Ал қазір барлық әншіні халық тойдан табады. Қазір жас әншілер өсіп келе жатыр. Соның ішінде талантты әншілер де бар, үш тойға барып өзін жұлдыз санайтын әншілер де бар. Алайда халық талантты әншіні көптің ішінен тауып алады. Нағыз өнер еңбекті, ізденісті, жауапкершілікті қажет етеді.

– Үлкен сахнаға сирек шығуыңыздың себебі неде?

         – Мен Жамбыл облысында білім алғаннан кейін сол өңірде отбасын құрдым, сөйтіп сонда қалдым. «Жас қанат» байқауынан кейін Алматыға кету үшін әкемнен рұқсат сұрағанмын. Бірақ әкем: «Алматы – үлкен қала. Онда өмір сүру қиын. Қыз балаға тіптен ауыр», – деп рұқсат бермеді. Сөйтіп Жамбылға қайттым. Бірақ өнердің биігіне шығу үшін қай өңірде жүргенің маңызды емес. Жамбыл облысында да жаман болғаным жоқ. Жеке ән кешімді өткіздім, жеке альбомым жарыққа шықты. Қайда жүрсем де, мен қазақ өнері үшін қызмет етемін. Дегенмен үлкен қалаларда жүрсең, сұраныс та жоғары болады. Өзіңді тыңдармандарға таныстыруға да мүмкіндік мол.

– Қазір қандай  ақын – сазгерлермен  жұмыс жасап жатырсыз?

– Қазір біраз әндерді жинақтап қойдым. Соның ішінде Әуезхан Салабеков, Кеңес Дүйсекеев, Жандос Омаров секілді композиторлардың  әндері жинақталып тұр. Енді Ербол Спаналиевтің бір әнін алдым. Бақытжан Әліқұлов, Ұлжан Шораева, Жанғазы Ахметов сынды ақындармен үнемі шығармашылық байланыстымын.

– Репертуарыңызда бүгінге дейін жинақталған қанша ән бар?

– Мен жеке әнжинағымның шыққанын жоғарыда атап өттім. Әнжинағым  «Ұнатамын мен сені» деп аталды. Бұл жинаққа 17 ән енгізілді. Алайда альбомға менің репертуарымдағы барлық әндер енген жоқ. Мен домбырамен халық әндерін орындаймын, гитарамен де айтатын біраз әндерім бар. Бұл әндер де өздері бір жинақ болайын деп тұр. Алдағы уақытта гитара мен домбыраның сүйемелдеуімен орындайтын әндерімді жеке таспа қылып шығаруды жоспарлап отырмын.

– Қазіргі сахнада жүрген жас әншілерге көңіліңіз тола ма?

– Мен өнерге алғаш келгенде сахнаға халық әндерімен шықтым. Қарап отырсаңыз, қазіргі жас әншілердің арасында Шәмшінің әндерін білмейтіндер бар. Мен мұны өз көзіммен көрдім. Бұл – қазақтың ән өнеріне қызмет ететін жастар үшін ұят деп білемін. Әрине, жас әншілердің көбейіп келе жатқанына қуаныштымын. Алла Тағала дарын бергеннен кейін оны халыққа ұсыну керек. Жастардың еңбегін жоққа шығара беруге де болмайды. Бес саусақ бірдей емес. Біреудің бағыты дұрыс, кейбіреулер әлі де өнердегі өз жолын таба алмай жүр. Менің айтарым, жас әншілер репертуарындағы әндерді таңдаудан қателеспесе екен. Әннің де есері бар, естісі бар. Әншінің халыққа ұсынатын бірден-бір өнімі – оның орындайтын әні. Сондықтан әр әнші репертуарындағы әндерінің сапасына, мазмұнына өте мұқият болуы тиіс.

Әңгімелескен Әсел ӘНУАРБЕК