Павлодарда үш айда 55 жемқор жауапқа тартылды

Павлодарда үш айда 55 жемқор жауапқа тартылды

Павлодарда үш айда 55 жемқор жауапқа тартылды
ашық дереккөзі
Павлодар облысында 2017 жылы 146 жемқорлық жөнінде қылмыстық істі тергелсе, 2018 жылы үш айда 55 іс ашылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Павлодар облысы бойынша департаменті басшысы Денис Шакенов мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Департамент басшысының айтуынша, осы жылдың бірінші тоқсанында тіркелген қылмыстардың саны өткен жылғымен салыстырғанда 77 пайызға артқан. Жемқорлық бойынша бұрынғыдай Павлодар мен Екібастұз көш бастап тұр. Аудандар арасында Баянауыл алдыңғы қатарда. Мониторинг қорытындысы бойынша ең жемқорлық жайлаған салалар жер қатынастары мен ауыл шаруашылығы болып шықты. Денис Шакенов ерекше резонансты істерді журналистердің есіне салды. Агенттік бұрындары Екібастұз ТҮКШ бөлімінің маманы Ғабдолла Шорманов өзінің сыбайласы Бақыт Дәкенаймен бірге сегіз жыл ішінде Монғолиядан 31 қоныс аударушыларды алдап келгендігі жөнінде хабарлаған болатын. Шенеунік жер телімдерін беру жөнінде әкімдіктегі лауазымды тұлғалардың қолын көшіріп, жалған құжат дайындап келген. Одан кейін, өзі «Горводоканал» мен «Горэлектросеть» ұйымдарына барып әкім атынан жаңадан қоныстанушыларға тез арада су мен жарық тартуын өтінген. Бұл ісі үшін ол оралмандардан 150 мыңнан 500 мың теңгеге дейін сыйақы алып отырған. «Биыл Шорманов пен Дакенайдың әрекеттерімен байланысты тағы 20-дан астам қылмыс тіркелді», - деді Денис Шакенов. - Бұл мемлекеттік жер қорына жеке тұрғын үй құрылысы салынған 20-дан астам жер телімі. Тергеу барысында жоғарыда аталған жерлер мемлекетке қайтарылып, нәтижесінде заңды тұрғыда құқықтары бұзылған азаматтарға берілді». Спикер оған қоса, «Фитосанитария» РМК жетекшісі Нығмет Белгібаевтың сотқа дейінгі тергеуі аяқталғанын атап өтті. Тергеу бойынша шенеунік ғимаратты жылыту маусымына дайындау жөнінде мемлекеттік сатып алудың жалған келісімшартын жасағаны, қазыналық арнайы техниканы қолданғаны үшін кәсіпкерлер берген бюджеттік ақшаны иемденіп алғаны анықталды. Нығмет Белгібаев келтірілген 500 мың теңге шығынды мемлекетке толық қайтарды. Денис Шакеновтың айтуынша, шенеуніктердің ұсталуынан кейін жемқорлыққа қарсы күш құқықбұзушылық жағдайын мұқият саралап, бұдан былай мұндай жағдайларға жол бермеу үшін шара қолданады. Мысалы, Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасында Дүздембаев ісін тергеуден кейін жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынуымен субсидия алу үшін қайталанып берілген өтінішті қарау тәртібі қарастырылған.