26 Сәуір 2018, 16:13 1369 0 Алдаспан "Түркістан" газетінің авторлары

Көңілі даладай кең ғалым

Нобель сыйлығының лауреаты Әзиз Санжар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ашық дәріс өткізіп, университет студенттерін зертханасына тәжірибеден өтуге шақырды. Түрік биохимик-ғалымы АҚШ-та тұрады және жұмыс істейді. Жалпы ҚазҰУ-да беделді марапат иелерінің дәріс беруі жақсы дәстүрге айналған. Бұл Қазақстанның жетекші жоғары оқу орнында дәріс оқып отырған оныншы Нобель сыйлығының лауреаты.

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов кездесуді ашу барысында құрметті қонақты жылы шыраймен қарсы алып, дәріс беруге келісім бергені үшін алғысын білдірді. Ректор жоғары оқу орнының оқытушылары, докторанттары мен студенттерін ғалымның өмірбаяны және ғылыми жетістіктерімен таныстырып өтті. «Біз ғылымдағы жетістіктері үшін әлемдік деңгейде мойындалған түркі әлемінің өкілін қабылдау мүмкіндігін мақтан тұтамыз. Сіздің өміріңіз жас ғалымдар үшін жарқын үлгі болып табылмақ», – деп атап өтті университет ректоры.

Түрік биохимигі Азиз Санжар 1946 жылы дүниеге келген. Стамбул университетінің медицина факультетін тәмамдап, Техас университетінде молекулалық биология мамандығы бойынша магистратура мен докторантурада оқыды. Йель университетінде докторантураны бітірді. 1982 жылдан бастап Солтүстік Каролина университетінде (АҚШ) қызмет атқаруда. «ДНҚ-ны қалпына келтіру механизмі бойынша зерттеулері үшін» 2015 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты атанды.

Азиз Санжар тыңдаушы қауымға өзінің ғылыми қызығушылықтары, шығармашылық ізденісі және жаңалықтарға жетудегі жолдары туралы, сондай-ақ, АҚШ-тағы ғылыми зертханасының жұмысы және бірлесіп зерттеу жүргізетін ғалымдар тобы туралы әңгімелеп берді.

Тыңдаушылар әйгілі ғалымнан қызығушылық тудыратын мәселелер жөнінде, атап айтқанда оның ғылыми жаңалықтарының биомедицина саласында, онкологиялық аурулармен күресу барысында пайдалану мүмкіндіктері туралы сұрақ қойып, егжей-тегжейлі жауап алды.

Ғалымның әлемдегі ғылымның дамуындағы түркі әлемінің ықпалы жөніндегі сөздері ерекше қызығушылықпен қабылданды. «Түркі әлемі адамзаттың көптеген ғылыми жаңалықтары мен білімінің қайнар көзі болған. Бұл ретте Сіздердің отандастарыңыз, университеттеріңізге аты берілген ұлы ойшыл әл-Фарабидің қосқан үлесі зор. Біздің ортақ мақсатымыз – әлемдік эволюция мен алдыңғы қатарлы білім мен ғылымды дамытудағы түркі әлемінің бұрынғы рөлін жаңғырту. Зертханамда Қазақстаннан келген шәкірттерді көру мен үшін үлкен бақыт болар еді», – деп атап өтті Азиз Санжар.

Студенттермен қоштаса отырып: «Ғылыми жұмыста және жалпы өмірде табысқа жету үшін үш қасиетті бойға дарыта білу керек, олар шығармашылық тәсілдеме, еңбекқорлық және бірізділік», – деп атап өтті Нобель сыйлығының лауреаты. Сонымен бірге шетелде білім алған жас ғалымдар атамекенге оралып, өз елінің ғылымына барынша үлес қосулары қажеттігін баса айтты.

ҚазҰУ Ғылыми Кеңесінің шешімімен ғалым ғылым мен білімнің дамуына қосқан айрықша үлесі үшін «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ құрметті докторы» атағымен марапатталды, сонымен бірге ол университеттің Халықаралық достар клубына қабылданды. Сапар барысында мәртебелі қонақ университет кампусын аралап, «Керемет» СҚО, ҚазҰУ мұражайлары және кітапханасымен танысты.

 

Баян Кәдірбайқызы

Соңғы жаңалықтар