«ҚАНДАЙ ҒАЖАП БҰЛ ӘЛЕМ»
«ҚАНДАЙ ҒАЖАП БҰЛ ӘЛЕМ»
Өткен аптада Қазақстан Мемлекеттік орталық музейінде белгілі саяхатшы-фотосуретші Таймас Нұртаевтың «Жер шары: қандай ғажап бұл әлем!» атты жеке фотокөрмесі өтті.
Әлемнің талай елін аралап, табиғаттың талай ғажайып бейнесін фотокамераның обьективіне іліп, жер бетіндегі небір тамаша мекендердің суреттерінен әсемдік галереясын жасаған Таймас Қуанышұлының еңбегі, шынында да, атап өтуге тұрарлық. Алғаш фотоізденістерін «Зениттен» бастап, бүгінгі сандық жүйемен жұмыс істейтін кәсіби аппараттарға дейінгі аралықта сан түрлі кәсіби фотоаппараттармен жұмыс істеген фотосуретшінің қолтаңбасы көрмеден анық байқалады.
Т.Нұртаевтың бұл саладағы алғашқы жұмысы 2006 жылдан басталады. Сол жылы ол алғаш рет Хан-Тәңірі тау шатқалына барып, табиғаттың әсем көрінісіне таң қалып, сол кезден-ақ фотоөнеріне ден қойды. Солайша бұл жұмысын жалғастырып, қазақ жерінің әсем табиғатын әлемге паш етуді көздеген фотограф Іле Алатауының әсем жерлерін, Алматы мен Алматы облысы аумағын, Көлсай, Хан-Тәңірі, Шарын көлі мен Шарын шатқалын, «Алтынемел» ұлттық қорығы, «Баянауыл» ұлттық саябағы, Жасыбай, Марқакөл, Бурабай, Зайсан, Қарасу, Қаракөл, Қайыңды, Үлкен Алматы өзені, Бұқтырма суқоймасы, Каспий теңізі, Ақ-Тау, Шакелмес, Айғайқұм, Маңғыстау, Үстірт шатқалы, Шақпақпай Сай шатқалы, Үшқоңыр жайлауы, Ақкергешін, Ақтолағай қырқасы және т.б. көптеген көрікті мекендерді аралап, қайталанбас фотосуреттер жасады. «Жер шары: қандай ғажап бұл әлем!» көрмесінің негізгі бөлігін құрайтын «Қазақстан табиғатының маржандары» атты фотожұмыс жоғарыда айтып өткен еліміздің табиғаты жайында сыр шертеді.
Таймас Нұртаевтың Қазақстаннан басталған жұмысы кейін алыс-жақын шетел саяхаттарына жалғасып, зор шабытпен әлемнің қайталанбас табиғи ғажаптарын бейнеледі. Ресей, Біріккен Араб Әмірлігі, Непал сияқты елдерде болып, ұмытылмас әсер алған фотосуретшінің туындылары жер бетіндегі ең ірі шөл дала – Сахараны, әдемі аралдардың бірі – Гренландияны, тарихи Италия мен «мұзды ел» Исландияның әсерлі жерлерінде ізі қалды. Қытайда жүріп түсірген суреттері – Ұлттық Цзючжайгоу паркіндегі жасыл-сары Ли өзені, Хуанлунгтың көгілдір көлі, «ұшқыш» таулар Аватарды айнытпай көз алдыңызға әкеліп, ерекше әсерге бөлейді.
Өткен жылы Т.Нұртаев солтүстік алқаптағы Шпицберген аралы аумағын аралап, оның табиғаты мен жануарлар әлеміне саяхат жасап, ақ аюлар мен итбалықтарды, морждар мен киттерді суретке түсірді. Сондай-ақ, Норвегиядағы Лофотен аралының, Аргентина мен Бразилияның табиғатын, Жердің оңтүстік аймағы – Чилидегі Гаучо салт аттыларын, Торес ұлттық саябағын, Грей көлі мен Пайн жерін фотоға түсіріп, олардың ерекшеліктерін көрсетті. Сонымен бірге Кенияға барып, дүниежүзіне белгілі Масаи Мара Ұлттық қорығындағы Африканың жануарлар әлемін – пілдер, жолбарыстарды, барыстар мен керіктерді, бегемоттар мен қолтырауындарды, зебраларды және Накура көлінің әдемі күлгін қоқиқаздарын суретке түсіріп, көпшілікке ұсынды.
Сонымен қатар фотосурет шебері жылдар бойы әлемнің алыс шалғайларындағы ең әдемі жерлерін ұшақпен аралап, Камчатканы: атақты Коряк, Авачин, Козел жанартауларын; Тынық мұхитындағы Қорым және Авачин шығанағын; Соловец аралдарын; Кижи және т.б. жерлерді жоғарыдан түсірсе, Біріккен Араб Әмірлігінде Арабия шөлінің таңғы, кешкі мезгілдерін әуе шарынан фотоға түсірген. Жаяу жүріп Гималайды (Непал), дельтапланнан, биіктігі жөнінен әлемде жетінші орында тұратын 8167 метрлік Дхаулагири, оныншы орында тұратын 8091 метрлік Анапурну тауларын және Фева көлін фотоға түсіріп, ерекше суреттер жасаған.
Осылайша көрмеге 150-ден аса фотосуреттерін ұсынған жиһанкез-фотографтың еңбектері – алматылықтар үшін әлемнің көрікті жерлерінің табиғатын көруге мүмкіндік беріп, шын мәнінде әлемнің ғажап көрініске толы екеніне риясыз сендірді