Кәсіптен қашқақтамайтын қариялар

Кәсіптен қашқақтамайтын қариялар

Кәсіптен қашқақтамайтын қариялар
ашық дереккөзі
Ертеректе ауылдағы шаруа қара күші арқылы жоғары өнімділікті қамтамасыз ететін. Олар егіс алқаптарында таңның атысы, күннің батысы жұмыс істеді. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дейтін. Тіпті, ол кезде қазіргідей егінді өзі жинап, буып-түйіп беретін техникалар да тапшы-тұғын. Ал қазір жаһандану заманында кез келген салаға «Ақылды технологиялар» көмекке келеді. Мыңдаған адамның күшін алмастыратын техникаға иек артып, өз ісін ұршықша иіріп келе жатқан кәсіпкерлік өкілдері баршылық. Бүгінде Жамбыл облысында 60 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Мәселен, Жамбыл ауданындағы 4684 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің оннан бір бөлігінің жұмысын кәсіпкер қариялар дөңгелетуде. Олардың 247-сі егін шаруашылығымен, 21-і мал өсірумен, басқа да кәсіп түрлерімен айналысуды таңдаған. Әрі аумақтағы 1650 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олар өз шаруашылықтарының техникалық әлеуетін арттыру үшін түрлі несиелік ұйымдар тарапынан көрсетілетін қаржылай қолдауды да тиімді пайдалануда. Мысалы, «Берікқожа» шаруа қожалығының жетекшісі Ә.Дайырханов соңғы жылдары лизинг арқылы екінші деңгейлі банктен 12 миллион 700 мың теңге мөлшерінде несие алып, иелігіндегі техника санын 13 бірлікке жеткізген. Міне, осылай кәсіпкерлікке ден қойып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеу үдерісіне іскерлік тұрғыдан үлес қосуы облыстың өзге аудандары мен Тараз қаласы үшін де ортақ құбылысқа айналып отыр. Ал Жуалы ауданы бойынша 274 кәсіпкер қарияның 200-і егін және мал шаруашылығымен, 37-сі сауда-саттықпен, 33-і көкөніс, бақша дақылдарын өсірумен айналысады. Ауданда негізінен сүт бағытындағы кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік бар. Меркі ауданында тұратын зейнеткер Совет Қалманбетов – интенсивті бақты күтіп-баптауға маманданған өңіріміздегі бірегей агроқұрылым иесі. «Жылы бұлақ-Меркі» ЖШС-нің төрағасы, еңбек ардагері Аманжол Акетаев та 120-дан астам адамнан құралған ұжымды басқарады. Шаруашылық иелігінде бүгінде 18 мыңнан астам қой, 400 жылқы, 30 түйе бар әрі егін шаруашылығы да дұрыс жолға қойылған. Оған агроқұрылымның өткен жылды 50 миллион теңге таза пайдамен қорытындылағаны нақты дәлел. Сондай-ақ, осы ауданда зейнеткерлер Қайнаркүл Тотықұлова «Ринат», Арыстан Мамытов «Дәу өткел», Жұман Лебетов «Кеңес» шаруа қожалықтарын басқарып, ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына өз үлестерін қосуда. Тараз қаласындағы сүт өнімдерін өңдеу және өткерумен айналысатын «Галеника» ЖШС төрайымы, белгілі кәсіпкер Қатира Аққұлиеваның, облыста құрылыс ісінің кең өріс алуына ұйытқы болып жүрген «Бином» ЖШС-ның бас директоры Серік Олжабаевтың, облыс орталығы тұрғындарын жаңа технология негізінде өңделген қымызбен қамтамасыз етіп отырған Дүйсенбек Ыбыналиевтың, Мойынқұм өңірінің жұртшылығына үлгі «Мерей» шаруа қожалығының иесі Несіпбай Еселбаевтың, басқа да жүздеген ардагер-кәсіпкердің игілікті істері ерекше атап өтуге лайықты. Уақыт талабына байланысты жұртшылық тарапынан туындаған заманауи сұраныстарға орай, облыс аумағында кейінгі жылдары ардагерлер арасында кәсіпкерліктің әлеуметтік және құқықтық мәні бар жаңа түрлерімен айналысушылардың тобы қалыптасуда. Бүгінде шаруа қожалықтары «Қазақстанда жасалған»  отандық тауар белгісінің өрісін кеңейтіп отыр. Бұл кәсіпорындар еліміздің экономикасын әлеуеттендіретін, әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға ықпал ететін индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясындағы ірі жобаларға қатысып, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуде. Солардың санатында Еркебұлан Мырзағалиев «ЕуроХим-Удобрения» ЖШС «Минералдық тыңайтқыштарды өндіру химия зауытының құрылысы» жобасының жүзеге асырылуына басшылық етсе, «Луговой жылқы зауыты» ЖШС төрағасы Халит Базаралиев екі бірдей инвестициялық жобаны іске қосты.  Облыстағы кәсіпкерліктің дамуына анағұрлым белсене атсалысып, істің көзін таба білген кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыру барысында да нәтижелі жұмыстарымен назарға ілігуде. Әрі оларға мемлекет тарапынан да жеткілікті мөлшерде тиісті қаржылай қолдау көрсетілді. Мысалы, «Пайыздық ставканы субсидиялау» тетігі бойынша Бақтияр Алдашов басқарған «ТаласИнвестКомпани» ЖШС-на 4,5 миллиард теңге, Марите Абилпатта басқаратын «Жамбыл қонақүйі» ЖШС-на 42,7 миллион, Владимир Лесняктің иелігіндегі «Лесняк» жеке кәсіпкерлігіне 42 миллион теңге қаржы берілген. Сонымен бірге Айтуған Рыспановтың «Айтуған» шаруа қожалығына 36,5 миллион, Әбдіқаппар Туғанбаевтың «Жандос» шаруа қожалығына 28,7 миллион, Совет Қалмамбетовтің «Совет» шаруа қожалығына 25,4 миллион теңге мөлшерінде қажетті инфрақұрылым тартылыпты. Бұл – облыс экономикасының өркендеуіне үлес қосам деген әр кәсіпкерге берілген мүмкіндік.  

Жәнібек Әшім

Жамбыл облысы