Барып қайт, жұртым, Баянауылға ...
Барып қайт, жұртым, Баянауылға ...
Сәуір айы. Күн шуақты. Жер қара. Қытымыр қыстан жұрнақ та қалмағандай. Айнала тамылжып тұр. Жан-жағыңа қарасаң жаның жадырайды. Өзгеріс бар екенін байқау қиын емес. Көшелер асфальтталып, асықпай аяңдап, алаңсыз қыдыруға болатын аяқжолдар төселген. Бұрын Баянауылда жарық бірлі-жарым болған болса, қазір көше бойларында аттап бассаң шам бағаны. Баянауылдықтар бұрын-соңды осындай жарықтандыру болмағанын ауыз толтырып айтады. Әнебір жылдары қараусыздықтың салдарынан айналадағы ағаштар да, Баян саябағы да солғын тартып бара жатқан еді, енді бәрі басқаша. Жайнап тұр. Олпы-солпы көрініс жоқ. Айнадай жарқырайды.
Баянауыл – Қазақстандағы көркі көз тартатын өлкелердің бірі. Демалыс аймағы болғандықтан, әсіресе жаз айларында алыс-жақыннан келетіндер көп. Жасырып қайтеміз, олардың барлығы бірдей қоршаған ортаны қорғауға жеткілікті мән бермейді. Осы жайында талай мәрте айтылды да, жазылды да. Не керек, адамдардың салдыр-салақтығы салдарынан Баянауыл баурайы ластанып, орман-тоғайдың өртке оранған кезі аз болған жоқ. Осындай оралымсыз, оқыс оқиғалардың одан әрі жалғаса бермеуі үшін, әрі Баянауылда туризм мен демалыс орындарын дамытуға байланысты жергілікті биліктің белсенді жұмыс жасап жатқанын байқау қиын емес. Осының нәтижесінде Баянауылда демалушылардың қатары бұрынғы жылдармен салыстырғанда екі есеге жуық көбейген. Тіпті, қазір «Баянауыл бренд болуға лайық» деген де әңгіме айтыла бастады.
Туризмнің түр-түрі бар
Туризмнің түр-түрі бар екенін жақсы білеміз. Бірі жер-суды жаяу шарлағанды жақсы көреді, бірі тау-тас кезіп, далада қонып, алаңсыз саяхаттағанды қош көреді, енді бірі ел-жұртпен сөйлесіп, ой бөлісіп, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетіне қаныққысы келеді... Елімізде киелі, қасиетті, тарихи-археологиялық мән-маңызы зор орындар көп. Оны да көргісі келетін туристер аз емес. Әрі жанға жайлы демалыс, әрі саяхат болғанын қалайтындар да бар. Не керек, туризмнің осындай қалтарыстарының бәрін қалт жібермей, жүйелі жұмыс жүргізілсе, бұл сала табыстың көл-көсір көзі. Баянауылда туризмді дамыту тұжырымдамасы жасалғанда осының бәрі ескерілгені анық байқалады. Бірінші кезекте, туристер демалыс орнының тазалығына мән беретіні айдан анық. Көңілі бір қалса, келесі жолы келмей қоюы кәдік. Сол себепті бірінші кезекте Баянауыл және Торайғыр елді мекендерін көріктендіру мен көгалдандыру, Сабындыкөл және Торайғыр көлдері мен Жасыбай демалыс аймағын одан әрі дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілген. Баянауылда қысқы демалысты ұйымдастыру жөнінде талайдан бері айтылып келе жатқан болатын. Соның реті былтыр келген. Мырзашоқы тауының етегінде шаңғы базасы ашылды. Шаңғы спортын дамыту үшін Мырзашоқыны таңдау тегіннен-тегін емес. Бұл ретте халықаралық кәсіби сарапшылардың пікірі мен тұжырымы қатаң ескерілген. Олардың пайымдауынша, Мырзашоқы үлкен спортқа да, бұқаралық спортқа да лайық. Мамандардың қорытындысынан кейін құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, қажетті керек-жарақтар мен жабдықтар алынған. Мұндағы шаңғы жолының жалпы ұзындығы 11 шақырымнан артық. Тынығушылар үшін қолайлы, жайлы болуы үшін барлық жағдай жасалған. Мұны алыс-жақын елдегілер естіп-біліп отыр. Енді қыс айларында да Баянауылға қарай демалуға асығатындар қатары көбейеді деген сенім бар. Тек өткен қыста тау баурайына қар аз түскен. Соған байланысты шаңғы базасы қалыпты жұмыс істей алмады. Әдетте Мырзашоқының баурайына қар жеткілікті түсуі тиіс. Мамандардың пікірі осындай. Табиғаттың бермесін тартып ала алмайсың. Дегенмен алдағы жылдары жағдай түзеледі деген үміт басым. Сол уақытта Баянауыл баурайында шаңғы спорты да жанданатын шығар.Тауы да, тасы да тарих
Баянауыл баурайы келушілерді тамаша табиғатымен, қасиетті орындарымен баурап алады. Тауы да, тасы да – тарих. Оны Баянауылдың үлкен-кішісі жақсы біледі. Олар киелі де қасиетті, жанға жайлы елді мекенде тұрып жатқандарын мақтаныш етеді. Туған жердің тарихын жыр етіп айтады. Табиғаты мен тарихы ерекше үйлесім тапқан Баянауылдың бренд болуға лайықты екенін алға тартады. Баянауыл таулары батыстан шығысқа 50 шақырымға дейін, солтүстіктен оңтүстікке 25 шақырымға дейін созылып жатыр. Ең биік нүктесі – Ақбет тауы. Оның биіктігі – 1026 метр. Баянауыл тауларының қақ ортасындағы Сабынды көлдің аумағы 7,4 шаршы шақырым. Ал демалыс орындары жағалай орналасқан Жасыбай көлінің көлемі – 4 шаршы шақырым. Соңғы жылдары Торайғыр көлінің маңында да демалыс үйлері мен пансионаттар көп салынған. Жалпы, Баянауылдың таулы-орманды оазисі 450 шаршы шақырым алқапты алып жатыр. Бұл өлкеде көлдер ғана көрікті емес, жартастары да ерекше. Кемпіртас, Көгершін, Найзатас ... Табиғаттың осындай керемет көріністері көп-ақ. Аттың басынан айнымайтын тастар, тас жастықтар туралы да аңыз-әңгімелер көп. Жиырма екі метрлік Әулиетас үңгірі жайлы да айтылар әңгіме аз емес. Драверта үңгіріндегі тастағы жазулардың да тұнып тұрған тарих екені айдан анық. Құмыра сарқырамасы да – табиғаттың тамашасы. Баянауыл баурайында «Мұртты қорғандар» да бар. Білетіндер Шотландиядағы Стоунхэнджден еш кем түспейді дейді. Торайғыр көлінің маңындағы бұл қорғандар «Қазақстанның сакралды географиясы» тұжырымдамасына енген. Баянауыл баурайында жоңғар шапқыншылығы кезінде Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай, Малайсары, Жасыбай батырлар бастаған талай шайқас болған. Оған куә – таулар мен асулардың, көлдер мен елді мекендердің атаулары. Қазақ батырларының ерен ерліктеріне байланысты түрлі аңыздар да аз емес. Осының бәрі тарихи айғақ, мәңгілік мұра. – Талайларды таңғалдырып, тамсандырған осындай тамаша табиғат, баға жетпес тарихи құндылықтар бізге мәңгілік мұра болып қалды. Оны көздің қарашығындай сақтау – біздің парызымыз. Сонымен бірге Баянауылды туристер қысы-жазы үзілмейтін орынға айналдыруымыз керек. Бұл – қолдан келетін жұмыс. Туристер таза ауамен тыныстап, өзен-көлге түсіп, тау-тасқа саяхаттаумен бірге өлкенің бай тарихы мен мәдениетіне де қанығуы тиіс. Сол кезде Баянауыл нағыз брендке айналады, – деген еді бірде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов.Жасыбай көлінің жағасында
Жаз айларында жұрттың көп баратын демалыс орындары Жасыбай көлі аймағында. Былтырдың өзінде осында 160 мыңнан астам адам демалған. Биыл тіпті көп болатын түрі бар. Өйткені демалыс аймағында демалушылар үшін жасалған жағдай ерекше. Бұл ретте көпшіліктің ұсыныс-тілектері ескерілген. Күні кешегіге дейін көлдің айналасын абаттандыруға көп қаржы қарастырылмайтын еді. Енді бюджеттен қажетті қаражат бөліне бастаған. Тұрғындар аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдиновтың күндіз-түні тыным таппай Баянауылды көркейту мен дамыту үшін жанұшырып жүргенін айтады. Баянауылдың үлкен-кішісінің аузында осы әңгіме. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демей ме? Осындай ниетпен айтып жатқан болар. Жасыбай демалыс аймағында субұрқақ, күн көзінен қорғайтын қалқандар салынған. Әнебір жылдары әр жерде қисайған бір қалқан болушы еді, енді көп әрі жаңа. Орталық аллея да ойқы-шойқы болатын. Қазір жан-жағы ретке келтіріліп, жолаяқ төселген. – Түнге қарай айнала самаладай жарық. Алаңсыз қыдырып, түнде де суға түсуге болады. Тынығушылар мен туристердің қауіпсіздігі үшін айналма жол салынды, бейнекамералар орнатылды. Атпен саяхаттауға, велосипедті жалға алуға болады. Ол үшін арнайы маршруттар да жасалды, – дейді Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов. Былтыр демалыс орындары аумағында 45 шақырым жарықтандыру желісі жүргізіліп, 1700 жарық бағаны орнатылып, 2000-нан астам шам қойылған екен. Биыл бұл жұмыс одан әрі жалғаспақ. Баянауылда абаттандыру мен көгалдандыру, қоршаған ортаны тәртіпке келтіру ісіне ерекше көңіл бөлінгенін байқау қиын емес. Өйткені елді мекендер де, демалыс орындары да сырт көзге қораш болмағаны жөн. Сондықтан жергілікті билік осыған айрықша назар аударып отыр. Тек демалыс орындары ғана емес, Баянауылдағы тарихи және археологиялық орындар да ретке келтіріліп, аяқжол төселіп, үш тілде ақпараттық-көрсеткіш тақталар орнатылған. Бәрі де туристер үшін. Оларға арнайы туристік маршруттар ашылған. Бір сөзбен айтқанда, туристердің саяхат кезінде Баянауылдың тарихы, осы өлкеден шыққан даңқты адамдар, археологиялық ескерткіштер туралы жан-жақты ақпарат алуына толық мүмкіндігі бар.Жол қадірін жүрген біледі
Қалқаман кенті мен Баянауылды жалғайтын күре жолды күрделі жөндеу қажет. Бұл үшін әжептеуір қаржы керек. Осы мәселе біраздан бері көтеріліп келе жатқан еді, үстіміздегі жылы қолға алынбақ. Республикалық қазынадан биыл 6,1 млрд теңге осы мақсатқа қарастырылған екен. Сәтін салса, жұмыс рет-ретімен жүретін болса, екі аралықтағы күре жол келесі жылы бітуі тиіс. Былтыр демалыс орындарын жалғайтын жолдардың біразы жөнделген. Биыл бұл бағыттағы жұмыс жалғаспақ. Ең бастысы, Жасыбайдан Торайғырға дейінгі он екі шақырымнан астам жол жөндеуден өткен. Өйткені бұл автожолмен туристер Сұлтанмахмұт Торайғыров кесенесіне, «Әулие бұлаққа», киелі орындарға оңай жете алады. Бұл мақсатқа 370 млн теңге бөлінген екен, соның 170 млн теңгесі былтыр игерілген. Қалғаны – биылғы жылдың еншісінде. Кеншілер қаласы Екібастұз бен Баянауыл арасындағы жолдың бірнеше бөлігінде былтыр жөндеу жұмыстары жүргізілген, биыл толық аяқталатын түрі бар. Жамағатқа тағы бір жағымды жаңалық – Баянауылға әуе жолы ашылды. Мұндай байланыс түрі бұрын да болған. Бірақ түрлі себептерге байланысты осыдан жиырма бес жылдай бұрын тоқтаған еді, енді қайта жанданды. Бұған дәнекер болған – Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов. Алғашқы ұшып-қону сынақ-байқауы жасалды. Павлодардан ұшып шыққан 16 жолаушысы бар ұшақ Баянауыл аэропортына сәтті қонған. Олардың арасында облыс әкімі Болат Бақауов та болған. Ұшу уақыты – бар-жоғы 40 минут. Осындай игілікті істердің бәрі Баянауылға келетін туристердің легін көбейтетіні сөзсіз.Киелі орындар көп Баянауылда...
Баянауылда киелі орындар көп. Атағы алысқа кеткен дана, әулие адамдар да аз болмаған бұл өңірде. Соның ішінде бірегейі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Баянтау баурайына сапарлап келген адамдардың көбі Ескелдіде жерленген әулие адам – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының басына барып тәу еткісі келеді. Кешегі кеңестік кезеңде Мәшекеңді діншіл, ұлтшыл деп кінә таққандар оның зиратын қиратуға дейін барған жоқ па?! Ол кісі қайтыс боларынан бір жыл бұрын өз бейітін салдырған ғой. «Мен өлгеннен кейін Ескелдіде ел болмайды. Өгізбен жолға шыққан жолаушылар сол күні Жаңажолға жете алмайды. Жолда Ескелдіге қонады, ал бұл араның бораны ала бөтен қатты болады. Кейде жолаушылар екі-үш күн қонып та қалады. Ескелдіде ел жоқ болса, олар қайда қонады? Өгізі де, өздері де қырылып қалмай ма? Адам адамға жақсылық істеуі керек, өзім өлсем де шарапатым тисін және олар келгенде өзім де бір аунап жатам ғой. Сондықтан осы ыққы үйім солардың бекет үйі болсын. Тірі күнімде ыққы үйімді беретінмін. «Мәшһүр өлген соң, далада қалып құрыдық қой» демесін. Сондықтан бұл Мәшһүрдің мекені болсын, жолаушының бекеті болсын. Текке жатқанша, адамға пайдам тисін», – деп өсиет ретінде айтыпты деген әңгіме бар. Бұл әңгімені Мәшекеңнің ұрпағы ғалым-ұстаз Қуандық ағадан да естіген едім. Мәшекең жақсы ниетпен салдырған зиратты коммунистік партияның пәрмені қатты болып тұрған жетпісінші жылдары трактормен сүріп тастағаны белгілі. Бірақ халық сонда да Мәшекеңнің басына баруды тоқтата қойған жоқ. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, 2006 жылдың күзінде Мәшекеңнің қазіргі кесенесі қайта ашылды. Енді әулие кісінің басына зиярат етіп келушілер қатары бұрынғыдан да көбейе түсті. Қазақстанды былай қойғанда, алыс-жақын шет мемлекеттерден келетіндер көбейе бастады. Тіпті, Мәшекең өзі болжағандай, екі-үш күн қона жататындар да бар. Алыстан ат арылтып келгендер жолсоқты болып шаршағаннан кейін бір уақыт тынығатын орын іздейтіні белгілі. Сондықтан Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы дамылдап жатқан Ескелдіде қонақжай салынса деген өтініш біраздан бері айтылып келе жатқан еді. Қазір бұл мәселе де оң шешілген. М.Көпейұлының кесенесінің қасында екі қабатты қонақүй кешені ашылған. Биыл Баянауылдың орталығы мен Мәшекеңнің кесенесі арасындағы жолды жөндеу де жоспарда бар.Ғалым Орынбасарұлы
Павлодар облысы