Жаңалықтар

Армения өзгерістің алдында тұр

ашық дереккөзі

Армения өзгерістің алдында тұр

Ереванда шеруге шыққан оппозиция өкілдері Арменияның премьер-министрі Серж Саргсянның отставкаға кетуін талап еткен еді. Он күн бойы алаңды босатпаған ереуілшілердің дегені болды. 23 сәуірде халық бұл оқиғаны тойлауға кірісіп кетті. Жергілікті ресми ақпарат құралдары жазғандай, мерекелік шаралар Арменияның өзге қалаларында да жалғасқан. Бас көтерулерге қатысты ұсталғандар саны 200-ге жетсе де, қарсылық білдірушілер райынан қайтпай,  Еревандағы Пушкин, Туманян және Парпеци көшелерін жауып та тастаған. Осылайша, Армения үкіметінің басшысы Серж Саргсян күтпеген жерден орнынан кеткенде, оппозиционер Никол Пашинян дүйім жұртқа: «Парламент биліктен біреуді премьер етіп тағайындайды. Содан кейін уақытша үкімет құрылады. Көп кешікпей мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өтуі керек», – деп мәлімдеді. Саргсян демонстрация кезінде Пашинянмен кездесуге келісті. Оппозицияның үш лидері мен жүздеген шеруші қамаудан босатылды. Ал кейбір армяндар «Путинді құлатамыз» деп акцияны әрі қарай жалғастырды. Ең бастысы, елдегі ереуілдер қантөгіссіз тәмамдалды. Құрбандар жоқ. Саргсян: «Никол Пашинянның айтқаны дұрыс. Мен жаңылдым. Арменияның мемлекет басшысы қызметінен бас тартамын», – деп портфелін өз еркімен тапсырды. Саргсянның күтпеген отставкасы бүкіл халықты қуанышқа бөледі. Ереванда ғана емес, елдің барлық ірі қалаларында сан мың адам көшелер мен алаңдарға шықты. Биледі, шаттанды, ән айтты, ұлттық туды мақтанышпен көкке көтерді. Серж Саргсян 2008 жылдан бері президент болды. Оның биліктегі 10 жылдық өтілі осы айдың басында аяқталды. Бірақ 2015 жылы конституция өзгертіліп, президенттің құзырындағы өкілеттіліктің көбі үкімет жетекшісінің қолына өткен-ді. Демек, Саргсянға әрі қарай басшылық ету үшін премьер болу қажет еді. Парламенттегілердің көбі – оның партияластары. Сондықтан сәуірдің 17-сінде 63 жастағы Саргсян оп-оңай министрлер кабинетінің басшысы болып шыға келді. Бұл тағайындауды оппозиция «өмір-бақи президент болуға ұмтылыс» деп қабылдап, ондаған мың адамды көшеге шығарды. Наразылық акциялары Ереванмен шектеліп қалмай, Гюмри, Ванадзор тәрізді ірі қалаларға да тарады. Дүйсенбі күні ереуіл шарықтау шегіне жетіп, демонстранттар жағына кезінде Ирак, Ауғанстан, Косоводағы соғыстарда шыңдалған беделді де бітімгер әскер бригадасы да өтті. «Бәрі көшені жақтады», – дейді Брюссельдегі Карнеги-Еуропа институтының Кавказ аймағы жөніндегі сарапшысы Томас де Валл. Еревандағы Кавказ институтының директоры Александр Искандарянның ойынша, Саргсян дүйсенбі күні кетпесе, сейсенбіде бәрібір кетер еді. Өйткені, 24 сәуірде Армения геноцид құрбандарын еске алады. Демек, республиканың 2,6 миллион тұрғынының көпшілігі көшеге шығуға әзір тұрған. Егер сол қаралы рәсімдер үкіметке қарсы шерулерге ұласып кететін болса, мұнша халықтың бетін армияның күшімен қайтару мүмкін еместігі түсінікті. Алайда Саргсянның былтыр «премьер-министр болмаймын» деген сөзі неге жерде қалды?

Саргсян ушыққан дауды шеше алды ма?

Саргсянның қарсыластары: «Ол бізге тиесілі территориядан да айырды. Ол елді басқарған кезде Қарабақ мәселесі ушыға түспесе, ретке келмеді», – деп өзеурейтіні неліктен? Осыдан жиырма сегіз жыл бұрын Таулы Қарабақтың Армения мен Әзірбайжан арасында талас-тартысқа себепші болып, содан бері жазылмас жараға айналғаны белгілі. Бiтiмгерлiк келiсiмiнiң бұзылғаны үшiн екi тарап бiрiн-бiрi айыптайды. Әзiрбайжан мен Армения арасындағы дау 1991 жылы, Таулы Қарабақ аймағы Әзiрбайжан құрамынан шығатыны жөнiнде мәлiмдеген соң өрши түсті. Шын мәнiнде, Таулы Қарабаққа таластың тарихы одан да тереңнен бастау алады. Қарабақ аймағында әзiрбайжандар мен армяндар бiрнеше ғасыр бойы бiрге өмiр сүрген. 1988 жылы Таулы Қарабақ автономды аймағы Әзiрбайжан КСР-iнiң құрамынан шығып, Армян КСР-iнiң құрамына кiру жөнiнде өтiнiш жасаған. Әуелден бөлiнуге басты себеп – екi халықтың ұстанатын әртүрлi дiнi. Уақыт өте келе дiни мәселе ұлт­­аралық араздыққа әкеп соқтырды. Кеңес Одағы кезінен тамыр жайған Таулы Қарабақ мәселесiн Мәскеу шеше алмаған күйi қызыл империя ыдырап кеттi. Таулы Қарабақ аймағындағы халықтың төрттен бiрiн құраған әзiрбайжандықтар қудаланып, аймақтан қуылды. Өз кезегiнде Әзiрбайжанда өмiр сүрген жүз мыңдаған армян ұлтының өкiлi де Арменияға қашты. Армян күштерi Таулы Қарабақ аймағымен ғана шектелмей, оған жапсарлас жатқан әзiрбайжан ауылдарын да басып алды. Сөйтiп, армян күштерiнiң қудалауынан қашқан әзiрбайжандықтардың саны миллионға жуықтаған еді. Осы уақытқа дейiн БҰҰ Арменияны Әзiрбайжан аумағынан әскерiн алып шығуға үндеген бiрнеше қарар қабылдағанымен, ресми Ереван олардың ешқайсысын орындаған жоқ. Таулы Қарабақ дауы – посткеңестiк кеңiстiктегi ең ескi дау екенiне қарамастан, аймақтағы жанжал оқта-текте қайта қоздап, соғыс ошағына айналды. Бұл аздай, қақтығысқа араағайындық жасаушы алып мемлекеттер араласқандықтан, Таулы Қарабақ тек қана Әзiрбайжан мен Армения арасындағы мәселе болудан қалған. Қазiр қайта ушыққан қақтығыстың артында бiреулер Түркияның, ендi бiреулер Ресейдiң ойынын көретiнi де сондықтан. Осыдан екі жыл бұрын қайта тұтанған қақтығыс кезінде Түркия президентi Ережеп Тайып Ердоған бiрден Бакуге қолдау бiлдiретiнiн мәлiм еттi. Түркиядан бөлек Әзiрбайжанға Түркіменстан, Грузия мен Пәкiстан қолдау бiлдiрдi. Ереван қақтығыстың артында Түркия тұр деп айып тақты. Ал саясаткерлер «бұл қақтығыс бәрінен де Ресейге тиімді» деген болатын. Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова Арменияда биліктің бейбіт жолмен ауысқанына қошемет білдіріп, «Ресей Армениямен әрдайым бірге!» екенін мәлім етті. Осы жерде айта кететін бір жайт, Ресейдің ресми өкілдері мен телеарналары Армениядағы саяси дағдарысқа абайлап баға беріп отыр. Әйтпесе, бұрын Мәскеу посткеңестік елдердегі үкіметке қарсы акцияларды «түрлі түсті революция», «арампиғылды Батыстың араласуы» деп айдар тағатыны белгілі. Армения – Ресейдің жақын серіктестерінің бірі, Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі. Гюмри қаласында Ресейдің әскери базасы орналасқан. Ал кейбір армяндар 2016 жылы көктемде Таулы Қарабақ аймағы үшін болған соғыс барысында Ресейді Әзірбайжанға қару сатты деп айыптады.

Сыбайлас жемқорлық жайлаған ел

Армениядағы саяси және территориялық шиеленістер өз алдына, соңғы жылдары мұндағы халық тұрақсыз экономиканың зардабын көруде. Бұл республика шетелдегі диаспоралар аударған қаражатқа өте тәуелді. Кейбір армян ақпарат құралдарына сенсек, Серж Саргсян осы уақыт ішінде елдің экономикалық-әлеуметтік түйткілдерін шешуге асықпаған көрінеді. Тіпті, ресми емес деректерде шамамен 3,5 млн халқы бар мемлекетте әлеуметтік жағдайдың ушығуы салдарынан 400 мыңнан астам тұрғын елді тастап кеткені айтылады. Сыбайлас жемқорлық пен экономикалық монополия шектен тыс өршіген. Ресей Ғылым академиясының Кавказды зерттеуші ғалымы Андрей Арешевтің мәліметінше, өзге мемлекеттерде тұратын армяндардың саны жыл сайын 50 мың адамға өсіп отыр. Ресейде құрылыста және өзге де қара жұмыстарда жүрген армян азаматтары 2015 жылы рубльдің құнсыздануынан көп қиындық көрсе де, былтыр Арменияға 1 миллиард доллардан астам ақша жіберген. Мұндай мәліметті жақында елдің орталық банкі растады. Армения мен Қазақстан арасындағы байланыс та көңіл көншітпейді.  Мұндай пікір білдірген Арменияның экономикалық даму және инвестициялар министрінің орынбасары Оганес Азизян: «Армян өнімдерін Қазақстан нарығына тас, аяқ киім, зергерлік бұйымдар және дәрі-дәрмек өнімдерін ұсынуды кеңейту мүмкіндігі туралы Қазақстан тарапынан келісімге қол жеткізілді. Осы мақсатта Қазақстан тарапына экспортқа шығаруға болатын армян компаниялары мен олардың өнімдерінің тізімін ұсынбақпыз. Қазақстан тарапы өз кезегінде жоғарыда аталған өнімдерге қызығушылық танытып отырған немесе болашақ сатып алушы бола алатын компаниялардың тізімін бізге ұсынады. Екі тарап та өзара тиімді шарттармен ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу саласында қарым-қатынасты жандандыруға мүдделі. Екі елдің бір одаққа кіруі өзара қызметті дамытуға үлкен мүмкіндік тудырады. Біз екі ел арасындағы тауар айналымының бірнеше есеге ұлғаюын күтеміз», – деген-ді. Оның айтуынша, Армения мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 2016 жылдың қаңтар-қазан айларында 55,4 пайызға (2062,3 мың АҚШ доллары) өскен. Сондай-ақ, экспорттың 51,9 пайызға (1808,4 мың АҚШ доллары), импорттың 77,7 пайызға (2931,3 мың АҚШ доллары) артқаны байқалады. Екінші нұсқа – ұзындығы 36 шақырымға созылатын Армения мен Иран арасындағы теміржол торабы. Бұл да – Армения мен Қазақстан арасындағы көлік қатынасын жақсартуға септігін тигізетін жанама нұсқа. Қазір Армения тауар айналымын Жоғарғы Ларс, Ресей арқылы автокөлік жолымен іске асыруда. Поти және Ресей порттары арқылы сауда жасауға болады, бірақ бұл автокөлік қатынасына қарағанда қымбатқа түседі. Бейбіт түрде аяқталған ереуілден кейін премьерлік міндетке экс-премьер Карен Карапетян келді. Карапетян – 23 сәуірден бері уақытша үкімет басшысы. Айтпақшы, Армения премьер-министрінің міндетін атқарушы Карен Карапетян Қазақстан Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевпен телефон арқылы сөйлесіп, екіжақты қарым-қатынас және Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) аясындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылап үлгеріпті. Сондай-ақ, соңғы күндері Армениядағы болған оқиғалар да талқыланып, ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ынтымақтас армян халқына қолдау білдірді.  P.S.  Әзірге Арменияны алда не күтіп тұрғанын дөп басып айту қиын. Біз Еревандағы «Иравунк» медиахолдингінің тілшісі Арменуи Акопянға хабарласып, елдегі жағдайды сұрағанымызда: «Бізде төңкеріс болды. Бар айтатыным – қазір біздің мемлекет шешуші кезең үстінде тұр», – деді. Оның айтуынша, Арменияда Серж Саргсян отставкаға кеткен күні оның анасының өмірден озғаны туралы қайғылы ақпарат та желдей есіп жүр.