Майлы асқа  тәбет тартқанмен...

Майлы асқа  тәбет тартқанмен...

Майлы асқа  тәбет тартқанмен...
ашық дереккөзі
Соңғы кезде мектеп асханасына деген талап күшейді. Себебі кей өңірде оқушылардың астан улану дерегі тіркелгені белгілі. 2016-2019 жылдарға арналған денсаулықты сақтау мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, мектеп оқушыларының диетасына арналған бағдарламасы аясында әдістемелік ұсыныстар жүргізілді. Осыған байланысты Қазақ тағамтану академиясы мектеп асханалары тағамдарын дұрыс дайындау туралы ас мәзірін шығарды. Бұл кітапшада оқушылардың денсаулығына пайдасын тигізетін 8 түрлі салаттың және пісірілген тағамдардың түрлері көрсетілген. Республика бойынша сараптама жүргізген Тағамтану академиясының мәлімдеуінше, асханалар мәзірі көңілге қонымсыз. Яғни, стандарттарға сай емес. «Оқушыларға берілетін ас құрамында ет, балық, сүт өнімдері, жеміс-жидек, нан міндетті түрде болуы керек. Біз барлық облыстарды араладық. Мектеп асханаларының тағамдарында қуырылған майлы тағамдар өте көп», – деді Қазақ тағамтану академиясының зертхана бөлімінің басшысы Гүлнар Берденова. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, балалардың төрттен бірі артық салмақтан жапа шегеді. Мұның басты себебі – дұрыс тамақтанбау. Балалар инфекциялық емес ауруларға шалдығуға бейім. Дәрігерлер қант диабетінің 44 пайызы, жүректің ишемиялық ауруының 23 пайызы, ісік ауруының 40 пайызы семіздікке апаратынын меңзейді. Сондықтан Тағамтану академиясы бекіткен ас мәзірін барлық асханалар пайдалануы шарт. Оқушылардың ең көп бөлігін мейлінше толыққанды азық-түлікпен қамтамасыз ету маңызды. «Бұл жағдайда мектепке сүт және сүт өнімдерінен дайындалған тағамдарды қайта оралту ең оңтайлы қадам», – дейді «Аман-саулық» қоғамдық қорының сарапшысы Татьяна Бажова. Бір айта кетерлігі, қазір Ресей мемлекеті заң қабылдап үлгерді. Мәселен, Саха елінде мектеп пен балабақшаларда балаларға тегін қымыз беріледі екен. Сонымен қатар қымыз өндірушілерге салықтық жеңілдіктер берілген Ресейде жыл сайын биенің сүтінен 500 тонна балалар тағамы жасалатын болса, ал Германияда қымыз өндіретін 50 ферма жұмыс істейді. Тіпті, олар қымызды дәрі ретінде Еуропаның дәріханаларында сатуда. Ал, біз өзімізде барды бағалай алмай жүрміз...  

Дарын ҚҰРМАНҚҰЛ