Шиі шыққан көлікке шүкірлік айтатындар

Шиі шыққан көлікке шүкірлік айтатындар

Шиі шыққан көлікке шүкірлік айтатындар
ашық дереккөзі
Қазақстанның көлік нарығы нәтижелі дамып келеді. Биыл автокөлік саласындағы сауда-саттық 2017 жылмен салыстырғанда екі есеге өсті. Оған қоса, биыл отандық автокөлік нарығында ескі темір тұлпарлардың сатылымы жоғарылаған. 2018 жылдың алғашқы үш айында еліміздегі көлік нарығында 5 мыңнан астам автомобиль саудаланды. Олардың жалпы сомасы – 26 млрд теңге. Қазақстандықтарды көбіне Ресей мен Оңтүстік Кореяның көліктері қызықтыратын көрінеді. Бір айта кетерлігі, осы жылы жаңа темір тұлпарларға емес, ескі көліктерге деген сұраныс арта түсіпті. Республика бойынша күнделікті сатылатын 16 көліктің 15-і ескі автомобильдер. Оған көлік құнының күн өткен сайын қымбаттауы себеп. Соңғы жарты жыл ішінде бұрын мінілген темір тұлпарлардың өзі 500 мың теңгеге қымбаттаған. Ал жаңа көлік тізгіндеуге ниеттілерге долларға байланған баға мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан, қарапайым жұртшылық дамыған елдерден қалған ескі көліктерді қанағат тұтуға мәжбүр. Ішкі істер министрлігі ұсынған деректерге сүйенсек, биыл елімізде 80 324 көлік тіркеуге алынған. Олардың 70 пайызы 2008 жылға дейін шығарылған көліктер. Ал 20 жылдан асатын көліктер 38, 11 жылдан 20 жылға дейінгілер 30, 8-ден 10 жылға дейін 5,8 пайыз, 4-тен 7 жылға дейін 21,3 пайызды құрап отыр.  Қазіргі уақытта мың қазақстандықтың тек үшеуі ғана жаңа көлік сатып алуға қауқарлы. Еуропамен салыстырсақ, оларда бұл көрсеткіш он есе көбірек. Көрші Ресейдің өзінде 1000 азаматтың 11-і салоннан автомобиль мініп шығады. Айта кетейік, төл теңгеміз бен көрші ел валютасының соңғы күндері күрт төмендегеніне қарағанда көліктердің құны тағы өсе түсуі әбден ықтимал. Автокөлік саудасындағы тағы бір қуанышты жаңалық – отандық автокөліктердің сатылымының артқандығы. Мысалы, 2018 жылдың алғашқы үш айында 7 мыңға жуық темір тұлпар конвейерден шығарылды. Қазақстандық автобизнес қауымдастығының есептеуі бойынша, «Азия Авто» зауытында 4411 автокөлік құрастырылған, «СарыарқаАвтоПром» зауыты қаңтар-наурыз айларында 2108 жеңіл, жүк көлігін және автобус шығарған. Ақмола «КамАЗ Инжиниринг» 121 жүк көлігін, алматылық Hyundai Trans Auto 44 техника шығарған болса, семейлік Daewoo Bus I тоқсанда 15 көлік шығарып шүкірлік айтып отыр. Үш айда шығарылған техниканың жалпы құны 39,5 млрд теңге. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есе жоғары. Отандық зауыттар былтыр жалпы сомасы 139 млрд теңгеге 20 мыңға жуық темір тұлпар құрастырып шығарған болатын. Қазақстан автокөлік бизнесі қауымдастығының болжауынша, 2018 жылы автонарық өсімі тағы 15-20 пайызға ұлғая түспек. Мұндай жоғары көрсеткішке қол жеткізуге себеп болған факторлар аз емес. Ең бірінші, отандық кәсіпорында шығаратын көлік модельдері көбейді. Бүгінде қазақстандық зауыттар автокөлік брендтерінің 140-тан астам түрін өндіреді. Екіншіден, «Жеңілдетілген автонесие» бағдарламасы үшін Ұлттық қордан қосымша 8 млрд теңге бөлінді. Бұған дейін екі траншпен бөлінген 26 млрд теңге қаражат толық игерілген. «Бұл бағдарлама мемлекет пен банк жүйесінің және нақты жеке кәсіпорын арасындағы ынтымақтастықты нығайтты», – дейді сала мамандары. Яғни, мемлекет көлік саласын дамыту мақсатында елімізде құрастырылған темір тұлпарларды төмен пайыздық несиеге алуға мүмкіндік беріп отыр. 2015 жылдың сәуір айынан бері аталмыш бағдарлама бойынша 10 мыңнан астам қазақ­стандық азамат жаңа көлікке қол жеткізді.