Ағылшын патшайымы һәм картаның төрт королі

Ұлыбританияның заманауи зайырлы мемлекет екеніне дау жоқ. Бірақ оның елтаңбасынан бастап, белгілі университеттерінің маңдайшасына басылған таңбаға дейін жер-жерде арыстанның бейнесі көзге ұрады. Арыстан – аң патшасы, ал мемлекеттердің таңбасында ол – билеушінің бейнесі. Яғни, Британия әлдеқашан демократия жолын таңдағанымен, бейсаналы түрде билік пен үстемдіктен бас тартпаған. Кешегі колонияларынан айырылғанымен, империялық өткені үшін қысылған кейіп танытқанымен, жарты әлемді билеген кешегісін әсте ұмытпақ емес. Әлбетте, британдық ой-сана бойынша, өткен тарихты есте ұстау – өзін өзгеден артық көру немесе келместі аңсау емес. Британдық ақсүйектік пен қарапайымдылықтың бір халықтың бойына қалай сыйып жатқанын түсіну үшін бұл елдің ішінде біраз жыл өмір сүру керек.

Ресми түрде Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландияның Біріккен Корольдігі деп аталатын заманауи Британияның саяси құрылымы парламенттік конституциялық монархия екенін мектеп оқушыларына дейін біледі. Бұл дегеніміз – билік жүйесі атқарушы, заң шығарушы, сот болып үш тармаққа бөлінгенімен және премьер-министр мемлекет басшысының функцияларын атқарғанымен, олардың бәрінен биік тұрған лауазым иесі бар деген сөз. Ол – Король билігі. Бүгінде көзі тірі ІІ Елизавета патшайым. Екінші Елизавета заң жүзінде мемлекет және шіркеу басшысы әрі жоғарғы қолбасшы саналады. Мейлі, ол мемлекеттің заң шығару істеріне, ішкі және сыртқы саясаттағы шешімдеріне, өзге елдермен сауда-саттық, әріптестік және басқа да байланыстарына, жалпы мемлекеттік деңгейдегі маңызды істердің ешқайсысына араласпағанымен, оның абырой-беделін ешкім жоққа шығара алмайды. Апта сайын премьер-министр мен үкімет мүшелері патшайымның қабылдауында болып, оған есеп береді, парламенттің әр сессиясын патшайым сөз сөйлеп ашады. Теориялық тұрғыда, патшайымның парламентті таратып жіберуге және кез келген британ тұрғынын премьер-министр етіп тағайындауға құқығы бар. Заң жүзінде бекітілген осындай құзыреттері бар Британ монархын тек символдық тұлға деп көріңіз. Шындығын айтқанда, британдық монархияның номиналды болса да билеуші дәстүрін жалғастыруының өзі – тамыры терең мемлекеттік саясат.

Әлем халқының үштен бірі Королева билігін мойындайды

Өткен аптада Британ монархиясының бұл мемлекетте атқарар рөліне түсініктеме берер бір оқиға болды. Ол – Ұлттар Достастығына (ағыл. Commonwealth of Nations) мүше мемлекеттердің кезекті саммитінің өтуі еді. Лондондағы Уиндзор корольдік сарайына әлемнің 53 мемлекет және үкімет басшысы жиналып, патшайым Елизаветаның қатысуымен кеңес құрды.

Ұлттар Достастығы – кешегі Британ империясының көлеңкесі іспеттес. Себебі оған Ұлыбритания мен оның бұрынғы колониялары, доминиондары мен протектораттары кіреді. Бас-аяғы 53 мемлекет. Бұл дегеніңіз – алты құрлықтағы жалпы көлемі 31 миллион шаршы шақырым аумақты алып жатқан территория. Әлемдегі адам тіршілік ететін жердің 21 пайызы. Кешегі Британ империясының алқабынан әсте кем емес. Барлық тұрғын халқы 2,4 миллиард адам, яғни әлем халқының үштен біріне жуық.

Бір қызығы, Достастық құрамында 31 республика және 11 монархия бар екен. Оның 16-сында патшайым Елизавета мемлекет басшысы саналады, ал бесеуінің өз монархтары бар. Бірақ олар да Британ Королевасына бағынышты.

Әлбетте, бұл мемлекеттердің барлығы қазір өз алдына тәуелсіз өмір сүреді, сонда да Британ патшайымның үстемдігін мойындайды, оны Достастық басшысы деп таниды. Бұл қауымдастық құрамында Канада, Австралия, Үндістан, Пәкістан, Малайзия, Жаңа Зеландия, Шри-Ланка, Сингапур, Оңтүстік Африка сияқты елдер бар. Ең ірі мемлекет – 1,2 миллиард халқы бар Үндістан болса, ең кішісі – 10 000 тұрғыны бар Науру мемлекеті. 1949 жылы Лондон декларациясы қабылданғанда, бұл елдердің бәрі бірдей «тең әрі еркін» деп жарияланды.

Бұл құрылымның өз атаулы күні де бар, ол – наурыз айының екінші дүйсенбісі. «Достастық күні» деп аталатын бұл мереке Уестминстер аббаттығында түрлі дін өкілдерінің бір мезгілде құлшылық етуімен айшықталады. Осы күні патшайым Достастыққа мүше барлық мемлекеттерге арнап сөз сөйлейді.

Әр екі жыл сайын Ұлттар Достастығына мүше мемлекеттердің үкімет басшылары бас қосады және әр төрт жыл сайын Достастық ойындары өткізіледі. Басқа уақыттарда Лондонда Достастық хатшылығы мемлекеттер арасындағы келісілген мәселелер бойынша үйлестіру жұмысын атқарады. Мүше мемлекеттер білім беру, урбанизация, метеорология мәселелері бойынша әріптестік орнатқан, сондай-ақ, бір-бірінің еліндегі сайлауларға бақылау жасайды.

Келесі саммит екі жылдан соң Руандада өтетіні белгілі болды. Осының өзі бәзбір британдық сарапшылар үшін сарказм тудыратын дерек. Бір жағынан, Ұлыбританияның Руанда, Зимбабве сияқты африкалық мемлекеттермен өзін тең ұстауға тырысуы құптарлық-ақ. Түптің түбінде, Ұлттар Достастығы декларациясының өзі оған мүше мемлекеттерді «тең және еркін» деп танитыны рас қой. Екінші жағынан, адам құқығы мен демократиялық құндылықтарды қоғамдық қатынастың реттеуші құралы етіп таңдаған еркін қоғам үшін аталмыш мемлекеттермен әріптес болуға ұмтылу не нәрсеге апарып соқтыратыны дүдәмал. Кеше ғана сыртқы істер министрі Борис Джонсон Зимбабведен келген делегацияны қабылдап, оларға алдағы шілде айында өтетін сайлауды «әділ және таза» өткізуге кеңес берді. 2003 жылы «әділ және таза сайлау» өткізбеді деген айыппен бұл елдің Достастық құрамындағы мүшелік құқығы уақытша тоқтатылған болатын. Борис Джонсонның осы ыңғайсыз жағдайды еске салғандай болып, министрлерге ресми кездесу үстінде саяси кеңес беруінің өзі Зимбабвенің Британияға «тең емес» екенін көрсетпей ме?

Айтпақшы, Достастыққа соңғы қосылған елдердің ішінде Мозамбик пен Руанда бар екен, бірақ бұл елдер Британ империясының құрамында ешқашан болмаған. Мозамбик 1995 жылы, Руанда 2009 жылы өз еркімен Достастыққа мүше болды.

BBC ақпаратына жүгінсек, бұл құрылымға қосылуға үмітті елдердің тізімі ұзынсонар көрінеді. Бірақ кез келгені одан шығып кетуге де ерікті. Мысалы, 2013 жылы Гамбия Достастықты «неоколониалды институт» деп атап, оның құрамынан шықты.

Сондай-ақ, бұрын Британ империясының колониясы болған, Достастық құрамына кірмеген елдер де бар. Олардың кейбірі: Мысыр, Ирак, Судан, Кувейт, Катар, Біріккен Араб Әмірлігі және басқалар.

Достастық елдері ортақ тіл, ортақ тарих, ортақ мәдениет және ортақ адами құндылықтар арқылы бір-бірімен тығыз байланыста екенін мақтан ететін сияқты. Расында, осынша елді біріктіріп ұстап тұрған – Британ монархиясы, яғни Британ империясының сарқыншағы екені даусыз.

«Жыланды үш кессең де, кесірткедей күші бар», Британ империясы тарих парағына айналғанымен, оның көлеңкесі әлі тіршілік етуін жалғастырып келеді. Демократия, ұлттар теңдігі және адам құқығы сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды ту етіп, заманауи стильде өмір сүруге бейімделіп алған.

«Менің шын тілегім – менен кейін… Чарльз болсын»

Брекситтің көші орнынан қозғалып, Британияның оңаша аралда мүлде оқшауланып қалу қаупі күшейген сайын, Ұлттар Достастығының саяси маңызы арта түскендей. Рас, бұл құрылым әскери не экономикалық, тіпті бюрократиялық келісімдердің күшіне сүйенбейді. Тек достық шырайдағы, тең әріптестік жағдайдағы келіссөздер жүргізу арқылы келісімге келу көзделеді. Сонда да кейбір британдық сарапшылар ХХІ ғасырда халық­­аралық жағдайды реттеуде, сыртқы сауда-саттық істерін жандыруда бұл құрылымның ықпалы арта түседі деп санайды. Тереза Мэй де осы ойды құптайтындай көрінді. Қазіргі британ билігі халықаралық саясат пен экономикадағы Британ үстемдігін сақтап қалу үшін демократиялық институттарды да, монархияның абырой-беделін де пайдаланудан қашпайды, шамасы.

Өткен аптадағы саммитте сөйлеген сөзінде Тереза Мэй Елизавета патшайымның Достастыққа сіңірген еңбегін баса айтты. Расында, Екінші Елизавета Ұлттар Достастығын сонау 1952 жылдан басқарып келеді. Бұл аз болса, әу баста сегіз мемлекеттен тұратын құрылымды бүгінде 53 елден тұратын қауымдастыққа дейін өсірді. Бұл қауымдастық бүгінде теңіз суларын тазарту, климаттық өзгерістер мен кибер қауіпсіздікке қатысты әріптестік бағытында уағдаластық жасасқан.

Бұл саммитте Достастық аясындағы мүше мемлекеттер өзара сауда-саттықты 2030 жылға қарай 2 триллион долларға жеткізуге келісті. Еуроодақпен ортақ нарық жөнінде келісім жасауда қиындыққа тап болған, Брекситтің экономикалық салдарларын болжай алмай отырған үкіметке мұндай келісім майдай жағатыны түсінікті.

Сондай-ақ, көпжақты келісімдердің ішінде Достастыққа мүше елдердің бәрінде 2023 жылға дейін безгек індетін жойып, 2030 жылға дейін осы елдердегі ұл-қыздардың барлығына бірдей кемінде 12 жылдық білім алуға жағдай жасау сияқты уәделер бар.

Жалпы, Британ империясының кешегі колониялары әлі де бір-біріне жақын екені байқалады. Мысалы, бұл елдер басқалардан гөрі бір-бірімен сауда-саттықты көбірек жасайды екен. Бәлкім, кешегі алып империяның бір бөлшегі болғанының салдары шығар. Бірақ Достастықтың мәні не, оның пайдасы қандай екенін осы елдердегі тұрғын халықтың көбісі білмейді. Ямайка халқына жасалған сауалнамада анықталғандай, зерттеуге қатысқандардың ширек бөлігі Достастықтың басшысы Екінші Елизавета емес, Барак Обама деп ойлайтынын айтқан.

Әйтсе де, Ұлттар Достастығы ең әуелі Екінші Елизаветаның атымен тығыз байланысты еді. Себебі Британ империясының бұрынғы протектораттары мен колонияларының тәуелсіздігін мойындап, билеушіден номиналды басшыға айналу ісіне куә болуды тағдыр дәл осы патшайымның пешенесіне жазыпты. Бір ғасырға жуық өмірінде ол Британ империясының біртіндеп бұрынғы территорияларынан айырылып, корольдік биліктің тек рәсімдік іс-шараларға қатысумен шектелуге мәжбүр болғанын өз көзімен көрді. Сонда да ол Ұлттар Достастығындағы номиналды басшылықты сақтап қалуға барынша ынталы. Өткен саммитте ол Достастық басшысы өзінен кейін принц Чарльз болғанын қалайтынын қадап айтты.

Расында, Ұлттар Достастығының басшылығы мұрагерлікпен қалдыратын лауазым емес. Әйтсе де, Достастық мүшелері бір­ауыздан Елизаветаның тілегіне құлақ асып, құп алды. Мұның өзі демократия қағидаларына қайшы. Себебі Достастық жарғысына сәйкес, басшылық ету құқығы мүше мемлекеттердің бірінен екіншісіне ауысып тұруы тиіс. Әзірге, Британ монархы тізгіннен айырылатын түрі жоқ. Көзі тірісінде өз баласын орнына «сайлап» қойғанына қарағанда, Елизаветадан соң бұл үстемдік одан әрі жалғасатын сияқты.

 «Уиндраш ұрпағы» қайдан шықты?

Иә, Брекситтің кесірінен халықаралық саясаттағы және ғаламдық экономикадағы қазіргі ықпалының кемуінен қауіптенген Британия енді корольдік әулеттің беделіне бұрынғыдан гөрі көбірек үміт артады. Осы саммитке қатысқан Тереза Мэй корольдік әулеттің беделін Британ үкіметінің сыртқы саясаты мен сауда-саттықта артықшылықтарға ие болуы үшін пайдаланудан дәмелі көрінді.

Бірақ дәл осы жиын Британ монархының беделін көтермелеп, ал ресми үкіметтің шалағай саясатын әшкерелеп берді. Өткен аптадағы Достастық басшыларының саммитінен соң Тереза Мэй саяси шешім қабылдады. Анығы, қабылдауға мәжбүр болды. Ол осыдан 70 жыл бұрын Альбион аралына көшіп келе бастаған иммигранттардан ресми түрде кешірім сұрап, оларға өтемақы төлеуге уәде берді. Әңгіме «Windrush generation» деп аталған буын туралы. Олар 1948 жылдардан бастап осы Ұлттар Достастығына мүше елдерден Британияға қоныс аудара бастаған, осы елде жұмыс істеп, тұрғылықты қалған ұрпақ.

ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін Британия экономикасы құлдырап, жұмыс күші тапшы болған уақытта Кариб маңы елдерінің азаматтары арзан жұмыс қолы ретінде жаппай шақырылған болатын. 1948 жылы Англияға Windrush атты кемемен Ямайка, Тринидад, Тобаго сияқты аралдардан бес жүзге тарта жұмысшы келді. Олар Достастық елдерінен Британияға қоныс аударғандардың алғашқы толқыны еді. Осылайша, 1948-1971 жылдар аралығында Кариб аймағы елдерінен келген иммигранттар мен олардың ұрпақтары «Уиндраш буыны» деген атқа ие болды. Олардың көбі балаларымен, отбасымен келіп, осында тұрақтап қалған. Қара жұмысқа арланбайтын келімсектер Британияның экономикасына игі әсер етті. Британдық саясаткерлер, тіпті Тереза Мэйдің өзі бұл жұмысшылардың британ экономикасына сіңірген еңбегін жоққа шығара алмайды. «These people are British, they are part of us, they helped to build Britain and we are all the stronger for their contributions» – «Олар – британдықтар, олар біздің бір бөлшегіміз, олар Британияны қайта аяғынан тұрғызуға көмектесті және олардың еңбегінің арасында біз бәріміз күшейе түстік», – деді премьер-министр. Олай демеске амалы да жоқ.

Осыдан алты жыл бұрын, яғни Тереза Мэй ішкі істер министрі болып тұрған кезде дәл осы Уиндраш ұрпағының елге кіру құжаттары жойылып кеткен. Мұны кезінде министрлік «қажетсіз қағаздар» ретінде жойып жіберген екен. Енді Уиндраш буынының өкілдері өздерінің шын мәнінде 1948 жылдан кейін Британияға келген еңбек мигранттары екенін дәлелдей алмай жүр.

Жалпы, 2010 жылдан бері Британ үкіметі сырттан келетін мигранттар санын барынша азайтуға тырысып келгені белгілі. 2014 жылы Иммиграция туралы жаңа заңға қол қойғанда британ үкіметі осы елде заңсыз жүрген немесе құжаты реттелмеген иммигранттардың санын азайтуды көздеген болатын. Бірақ бұл істің кілтипаны көп болып шықты: осыдан алпыс-жетпіс жыл бұрын Достастық елдерінен келген, «Windrush generation» деп аталған буынның көбісі осы елде білім алып, осы елде өмір сүріп жатқанына қарамастан, құжаттары түгел емес екен. Қазір олардың көбісі жаңа Иммиграциялық заңның құрбанына айналып, құжаттарын жаңарта алмай әлек. Ал осы елдің тұрғылықты азаматы екенін дәлелдей алмағандықтан, жұмысы бары жұмыстан шығып қалып, аурулар қажетті ем-дом ала алмай, ал шетелге жолаушылап кеткендер шекарадан бері өте алмай, әуре-сарсаңға түсті.

Осыған орай, Британ парламентінде «Уиндраш жанжалы» деп аталған мәселе көтерілді. Бұл буынның өкілдері осы елде дүниеге келіп, жарты ғасырдан бері осы елде өмір сүріп жатқандықтан өздерін осы елдің азаматы санайды. Бірақ осы елде туып-өсу заң жүзінде бұл елдің азаматы болу дегенді білдірмейді, британ азаматтығын алудың қитұрқылары көп. Міне, жарты ғасырдан бері осы елде тұрып жатқан Уиндраш буыны, бейнелеп айтқанда, бір-ақ күнде бұл елге «бөтен» екендіктерін сезінді. Бір кезде құшақ жайып қарсы алып, жұмысшы, тазалықшы, бала күтушісі сияқты түрлі қара жұмыстарға жегіп, экономиканың еңсесін көтеруге пайдаланған буынды енді британ үкіметі кеудесінен итергендей болды.

Дәл осы Уиндраш ұрпағы қара нәсілді Британияның іргетасын қалады десек, артық айтқандық болмас. Оларға еріп келген жас балалар бүгінде ер жетіп, отбасылы болып отыр. Альбион аралына қоныс аударғаннан кейін дүниеге келген ұрпақ өзін таза ағылшын санайды. Ұлты, нәсілі, діні, наным-сенімі, басқа да кемсітушіліктерден арылдық дегенді мақтан тұтатын халыққа «Уиндраш жанжалы» сүйекке басылған таңбадай болды. Себебі мұны «қара нәсілді британдықтарды кемсіту, төмен санау» деп бағалайтындар табылды. Осылайша, бір ғана шешілмеген мәселе қоғамда саяси, әлеуметтік, этникалық тақырыптардағы даудың тууына түрткі болды.

Уиндраш толқынының жалпы саны шамамен жарты миллионнан асады. Бірақ олардың қаншасының жаңа заңның кесірінен зиян шеккені белгісіз. Әйтеуір, Британ үкіметі енді олардан кешірім сұрап, бәріне қаржылай өтемақы төлеуді өз мойнына алып отыр. Кеше өзі тітіреткен колонияларының алдында бүгін өзі кішірейіп, келтірілген шығынның бір бөлігін қайтармақшы.

Мэйді сүріндірген миграция

Дәл осы «Уиндраш жанжалы» Тереза Мэй саясатының бар кемшілік-қателіктерін әшкерелеп, әйгілеп бергендей болды. Біріншіден, Мэй үкіметі ұстанған мемлекеттік миграциялық саясаттың саяздығын көрсетті. Екіншіден, Мэй ішкі істер министрі болып тұрған кездің өзінде иммиграцияның ымырасыз жауы болғаны белгілі. Оның Уиндраш буынының құжаттарын жойып жіберуін әдейі жасалған қастандық деуге келмес, бірақ әлде жарты миллион британ тұрғынының мүддесіне салғырт қараудан, әлде шолақ ойлаудан туған үлкен қателік екені айдан анық. Үшіншіден, бұл жанжал миграция мәселесінің әлі талай түйткілі бар екенін еске салды. Брексит референдумында Еуроодақтан ажырауды насихаттаған тараптың ең басты дәйегі – миграциялық саясатты реттеу, келімсектерден ұлттық экономиканы қорғау болғаны мәлім. Бірақ «Уиндраш жанжалы» үкіметтің миграция мәселесінде ұшқары кесіп, шолақ қайырып, орны толмас олқылықтар жіберетінін байқатты. Ендеше, Брекситті екі қолымен қолдаған Мэй үкіметінің барлық дәйектері осындай негізсіз шығар деген күмән күшейді. Сондықтан да «Екінші Брексит референдумын өткізсек қайтеді?» деген дауыстар бұрынғыдан гөрі қаттырақ шыға бастады.

Британ монархының желбегейін көтеріп, Ұлттар Достастығы саммитінде жарқылдап сөз сөйлеп жүрген Мэйдің басы осылайша аяқ астынан дауға қалды. Шындығын айтқанда, «Уиндраш жанжалы» осыдан екі-үш ай бұрын үкімет мүшелеріне аян болып, лауазым иелеріне арыз-шағымдар жете бастаған. Бірақ лайықты жауабы болмаған соң, дәл осы Достастық саммиті өтіп жатқан күндері бұл мәселе ушығып, қоғамдық жанжалға айналды. Себебі бұл – кешегі Британ колониясы болған, бүгінде Ұлттар Достастығына мүше мемлекеттерден шыққан мигранттардың тағдыры.

Британ патшайымы мен Уиндраш ұрпағының арасында көзге көрінбес тығыз байланыс бар. Себебі біріншісі – ақ нәсілді билеушінің, екіншісі – қара нәсілді құл-құтанның мұрагері. Екеуі де – Британияның өткені ғана емес, сөзсіз, бүгіні және келешегі… Ақ пен қара қалай жымдасып, хан мен қараның қалай достасқанын көргіңіз келсе, Британияға келіңіз.

P.S: Баяғыда Мысырдың Фарук атты патшасы былай деген көрінеді: «Уақыт өте келе әлемде тек бес король ғана қалады – Англия королі мен карта ойынындағы төрт король ғана болады» деген екен. Иә, заманалар жылжып, мемлекеттер ауысып жатыр – Британдық король билігі әлі тірі. Фарук патшаның сөзінің жаны бар, сірә.

 

Back to top button