Жаңалықтар

"Трамп жеңімпаздарды жақсы көреді"

ашық дереккөзі

"Трамп жеңімпаздарды жақсы көреді"

АҚШ президентіне мінездеме беруге осы бір ауыз сөздің өзі жеткілікті сияқты. «Жеңімпаздарды кім жақсы көрмейді?» дерсіз, бәлкім? Иә, кімнің аты бәйгеден келсе, соның сойылын соғатындар қай халықта да баршылық. Ал Дональд Трамп – анау-мынау емес, өзін банкрот жариялаған жалаңаяқтан шіріген байға айналған, қазір миллиардтаған доллар табыс көзі бар бизнесмен. Қазақша айтқанда, иненің көзінен өтетіннің нақ өзі. Ол, әлбетте, кімнің қолында күш барын, ал кімнен қауіп төніп тұрғанын түйсігімен сезеді. Бұған дәлелді алыстан іздеп қажеті жоқ: оның Ресей президенті Путинге және Франция президенті Макронға деген жария көзқарасына барлау жасау жеткілікті. «Жария көзқарас» деуіміздің сыры бар, оның ішкі ой-есебі мен ниеті Құдайға және өзіне ғана аян. Ендеше, оның Путинмен қарым-қатынасын талдауды кейінге қалдырып, Макронға деген көзқарасы туралы айтсақ. Осылайша, әлемдік саясаттағы ойын барысын бағдарлауға болар. «Трамп жеңімпаздарды жақсы көреді, оның Макронды бағалайтыны содан» деген сөзді Франция президентімен бірге Ақ үйді емін-еркін аралап жүрген француз сарапшысы айтқан. Осы аптада АҚШ-қа аттай үш күн қатарынан мемлекеттік сапар жасаған Эммануэль Макрон бұл күндері көптеген протоколдық кездесулер өткізіп, Трамппен халықаралық жағдайды сөйлесіп, әлемдік ақпарат құралдарына азық болар біраз сөздің шетін шығарды. Соның бірі – Трамп пен Макронның кездесуі кезінде АҚШ президентінің Иранға сырттай қоқан-лоққы жасауы. «They restart their nuclear programme; they will have bigger problems than they’ve ever had before» («Олар атом бағдарламасын қайта бастады; олар бұрын-соңды бастан өткермеген қиыншылыққа тап болады») деді ол. Мұнымен шектелмей, ол Иранмен жасалған ядролық келісімді «естен адасушылық» деп атаудан тартынбады. 2015 жылы АҚШ, Франция, Германия, Ұлыбритания, Ресей және Қытай мемлекеттері Иранмен оның уранды байыту бағдарламасын шектеуге қатысты келісімге келген болатын. Есесіне, Тегеран экономикалық құрсаудан босатылатын болған. Трамптың дәл осы сөзінен кейін әлемдік нарықтағы қара алтынның бағасы күрт көтеріліп, барреліне 75 долларға жетті. Бұл 2014 жылдан бергі бағаның шырқау шегіне жетуі. Брокерлер АҚШ Иранды экономикалық санкциялармен қайтадан құрсайды деген мәселеге бәс тіккен көрінеді. Бір ғажабы, Трамптың өзі қара алтын бағасының қымбаттығын ОПЕК елдерінен көреді. Ол «Твиттердегі» парақшасында: «Олар мұнай бағасын қолдан өсіріп отыр» деп жазды. Оның бұлай деуіне себеп – Сауд Арабиясының энергетика министрі Халид әл-Фалих бұған дейін: «Әлемдік экономика бұдан да жоғары мұнай бағасына шыдас бере алады» деген болатын. Бұл ел – АҚШ-тың жақын одақтасы әрі Иранның аймақтық бәсекелесі, ендеше, Тегеранға салынатын экономикалық құрсауға мүдделі әрі ниеттес десек, артық айтқандық болмас. Жалпы, мұнай бағасы мысықтабандап болса да, жоғары өрлеп барады. Екі жыл бұрын оның бағасы қазіргіден екі есе төмен болатын, ал биыл алғашқы үш айдың ішінде оның нарқы 22 пайызға өскен. Әлбетте, бұған ОПЕК елдерінің арасында жасалған былтырғы келісімнің, яғни өндіріс көлемін шектеу туралы шешімнің әсері болғаны анық. Әйтсе де, Ақ үйдің Тегеранға қатысты ниетінің күрт бұзылуы да салқынын тигізді. Егер Дональд Трамп кезінде Барак Обаманың бастамашылдығымен жасалған келісімді бұзып, Иранға қайтадан экономикалық санкциялар салатын болса, бұл халықаралық мұнай экспортына тікелей әсер етеді. Иранның арзан мұнайы нарықтағы бағаны біраз төмендеткені белгілі. Ендеше, Ақ үйдің Иран экспорттық мүмкіндіктерін шектеуінің салдарын болжау қиын емес. Дональд Трамп былтырдан бері Иранмен ядролық келісімді бұзатыны жайлы бірталай мәлімдеме жасағанмен, іс жүзінде мұндай шешімді қабылдау үшін Конгрестің келісімін алған жоқ. Бірақ ол кесімді мерзімді белгілеп қойған: мамырдың 12-сінде АҚШ Иранмен жасалған ядролық келісімді біржақты бұзады деген болатын. Енді келесі айда Иранға қатысты нақты шешім қабылдауы тиіс. Макронның АҚШ-қа мемлекеттік сапарының бір астары – Трампты осы райынан қайтару. Оның ізін ала Ақ үйге арнайы ат басын шалдыратын Германия канцлері Ангела Меркельдің ең алдымен айтары осы болмақ. Дүйсенбіде – Макрон, жұма күні – Меркель болып, Трампты кезек-кезек үгіттеуге шындап кірісті. Бұрынғы келісімді күшінде қалдыру үшін Германия, Франция, Ұлыбритания Иранға қосымша санкция салып, оның ядролық нысандарына тексеруді күшейтіп, тіпті, университеттер мен лабораторияларына тінту жүргізу жолдарын қолдауға бейім. Берлиннен жеткен хабарларға қарағанда, Иранның баллистикалық зымырандары Меркельдің де мазасын алған сияқты. Бірақ Ақ үйге тағы да экономикалық санкциялар салуға жол беруге болмайды – Иранда кәсіптерін жаңғырта бастаған еуропалық компанияларға кесірі тиеді. Сондықтан Меркель мен Макрон «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» шешім табуға тырысып жатыр. Ал Иранның сыртқы істер министрі Мұхаммед Зариф егер АҚШ келісімді біржақты бұзатын болса, онда Тегеран да бұл келісімнің шарттарын сақтауға тиіс емес деп санайтынын ашық айтты. Яғни, осыдан үш жыл бұрын жасалған бітім күшін жойып, Иран атом бағдарламасын одан әрі дамытуға қайта кіріседі деген сөз. Еуропалық саясаткерлердің құтын қашырған да – осы. Бұған қоса, осы аптада Тебризде Иран президенті Хасан Рухани мыңдаған адамның алдына шығып: «Иран ұлы мемлекет және үкімет осы елге қарсы жасалған қандай да бір астыртын әрекетке қарсы тұруға қауқарлы»,– деп мәлімдеді. Оның: «Егер олар бітімді бұзса, онда оның салдары ауыр болатынын білуі керек. Иран кез келген жағдайда қасқайып қарсы тұруға дайын» деген сөзін халық зор гуілмен ұрандатып қош көрген. Әйтсе де, Трамп еуропалық әріптестерінің өзін райынан қайтаруға қанша күш-қайрат жұмсап, сонша уақыт арнағанын жақсы түсінеді. Макрон сапарының жемісі – Трамп Иранның баллистикалық зымырандарына қатысты қауіп өзі ойлағандай үлкен болмаса және оған қатысты жаңа келісім жасалса, 2015 жылғы келісімді күшінде қалдыруы мүмкін екеніне меңзеді. Меркельдің қандай үгіт айтып, не жетістікке жететіні оның жұмыс сапары барысында мәлім болады. Трамп болса, әлемдік саясаткерлер мен мемлекет басшыларын бір-біріне қарсы қойып, ырду-дырдудың қызығына қарап отырған әккі ойыншыға ұқсап барады. Әлде ол бизнесмен болмысына тартып, әр кездесуден, әр келісімнен түсетін пайданы есептеп жүр ме екен? Саясаттың өзі тұнып тұрған сауда ғой.