Құмды көршілерден таситын ел
Құмды көршілерден таситын ел
Қазақстан мен Сингапур арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық үздіксіз даму үстінде. Бүгінде Сингапур қазақстандық тауарларды сатудың жаңа нарығына айналып келеді. Соңғы жылдар ішінде еліміздің аралдық мемлекетке жеткізіп отырған экспортының көлемі тұрақты ұлғаюда.
«Осыдан қырық жыл бұрын Сингапур өз тәуелсiздiгiн алған кезде, жан басына шаққанда 200 долларға жетпес табысы бар әлемдегi ең кедей елдердiң бiрi едi. Бүгiнгi таңда сингапурлықтардың жан басына шаққанда 20 мың доллардан асатын табысы бар. Өзiнiң халқы, этникалық құрамы жөнiнен және басқа да «көптеген» параметрлерi бойынша бiзге ұқсас ел, Малайзия да 20 жылға жетпейтiн уақыт iшiнде өз азаматтарының өмiр сүру деңгейiн 10 есе арттыруға қол жеткiздi. Осындай табыстарының нәтижесiнде бұл елдер күллi әлемде Азия Жолбарыстары ретiнде танылып отыр» деген еді Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында.
Шынында да, «Адамды байлыққа кенелтетін ақылы мен іскерлігі» деседі. Бұл қанатты сөзді кең көлемде тұтас бір елге немесе мемлекетке де қатысты айтуға болатын тәрізді. Олай дейтініміз, аумағы небәрі 714,3 шаршы шақырым болатын, бірнеше аралдардан тұратын, халқы 5,3 млн, жерінде ешқандай табиғи және қазба байлықтары жоқ, ішетін ауыз су, тіпті, құрылысқа қажетті құмның өзін көршілес Малайзиядан тасымалдайтын Сингапур елі әлемдегі ең бай мемлекеттердің бірі. Оны мұндай байлыққа кенелтіп, биік деңгейге көтеріп отырған дана экономикалық саясаты мен тынымсыз іс-әрекеті.
Міне, бүгінде екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толды. Сингапурдағы Қазақстанның елшілігінде өткен шараға Сингапур үкіметінің, дипломатиялық корпусының, бизнес-құрылымдарының, мәдени және ғылыми ортаның, БАҚ өкілдері және Сингапурде өмір сүріп жатқан Қазақстанның азаматтары қатысты. Кештің құрметті қонағы болған Қазақстандағы Сингапурдың елшісі Зулкифли Бахарудин, Сингапурдағы Қазақстанның елшісі Үсен Сүлеймен екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың іргетасын қос мемлекеттің көшбасшылары – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Сингапурдың бірінші Премьер-министрі Ли Куан Ю қалағанын атап өтті. Қазақстандық дипломаттың айтуынша, екі мемлекет барлық бағыт бойынша, атап айтқанда қытайлық «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында екіжақты қарым-қатынасты бекемдеуде зор әлеуетке ие. Ал Қазақстандағы Сингапурдың елшісі Зулкифли Бахарудин Қазақстан қазіргі таңда Сингапурдың Орталық Азиядағы ең ірі сауда-экономикалық серіктесі болып отырғанын, 2017 жылы екіжақты тауар айналымы 100 млн АҚШ долларынан асқанын жеткізді. Оның айтуынша, екі елдің арасында авиахабарламаның тезірек жолға қойылуы сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамытуда қосымша серпін болмақ. Сонымен бірге бұл қадам Сингапурдан Қазақстанға баратын туристердің санын арттырып, екі халықтың достығын нығайтуға үлес қосары сөзсіз.
Қазақстандық экспорттың 99 пайызын шикі мұнай және шикі мұнай өнімдері құрайды, ал сингапурлық импорттың ішінде мал және өсімдік майлары, химиялық өнеркәсіп, пластмасса, тері, тоқыма, зергерлік бұйымдар, ағаш және қағаз өнімдері, электрондық, механикалық құрал-саймандар, көлік және оның құрылғылары, оптикалық өнімдерден тұрады.
Сингапурлық «Surbana Jurong» компаниясы Қазақстанда химиялық кластерді дамыту бойынша консалтингтік қызмет көрсетеді. Бұған қоса Атырау облысындағы Қарабатан станциясындағы мұнайхимиялық паркінің бас жоспарын және техника-экономикалық негіздеуін, Қазақстанның қазіргі нарықтық жағдайын және еліміздегі барлық еркін экономикалық аймақтардың өнеркәсіп мақсаттары бойынша тиісті зерттеулер өткізді. Аталған компанияның еліміздегі соңғы жобалары ішінде «Астана – жаңа қала» еркін экономика аймағының екінші кезеңінің бас жоспарын және техника-экономикалық негіздеуін әзірлеу болды.
Консультациялық жобалардан басқа, сингапурлық компаниялар Қазақстанның көмірсутек кен орындарын өңдеу жұмыстарына қатысуда. Қазіргі таңда «Azura International» компаниясы Ақтөбе облысындағы «Мамытское» қоңыр көмір кен орнын өңдеу жұмыстарына кірісіп кеткен. Келісімге сәйкес, сингапурлық тарап кен орнын барлауға 55 млн АҚШ долларын бөлмек және 2016-2018 жылдар ішінде 400-ге жуық жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланған.
Мемлекеттер арасында білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығы өте жақсы дамыған. Бұның көрнекті дәлелі ретінде «Назарбаев Университеті» және Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік басқару мектебі арасында стратегиялық қарым-қатынастары жақсы жолға қойылған, 2015 жылдан бері аталған сингапурлық мектептің профессоры Хуэй Венг Тат «Назарбаев Университетінің» Мемлекеттік саясат жоғары мектебінің деканы лауазымына ие. Қазіргі таңда «Назарбаев Университеті» және Сингапурдың Ұлттық университеті арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жұмыс жүргізіп келеді.
Одан бөлек еліміздің оқу орындарының 200-ден астам басшылары және оқытушылары сингапурлық «Темасек фаундэйшн» атты бағдарламасы шеңберінде біліктілігін арттыру курстарына қатысты.
Бір сөзбен айтқанда, кішігірім арал мемлекет Сингапурдың жолымен жүру дамушы елдер үшін үлгі-өнеге. Әрі табиғаттың мол қазына байлығынсыз да тақыр жерге табан тіреп, іскерлікпен тіршілік етіп, елдің дәулеті мен сәулетін асыруға болатындығының жарқын дәлелі ретінде үйренетін тұсымыз көп.